Руханият

Кітап кемелдікке бастайды

Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін айтты. Кітап оқуға, кітап және баспа ісінің дамуына үлес қосатын байқаулар мен жобаларды қолға алу қажеттігін де мәлімдеген.

Сурет ibsa.su

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде және әдебиет арқылы жеткен. Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Кітап – жаратылыстың құпиясын білу үшін, өмірдің тәттілігі мен ащылығын, қиындығы мен қуанышын жеткізетін ең асыл дүние.

Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітап­хана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта бірқатар кітапхана жабылды. Кітап қоры да, оқылуы да азайды. Бірақ, қазір соны түзеу үшін жағдай жасалып жатыр. Жастардың кітапқа деген қызығушылығы ақырындап ұлғаюда. Қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетіне сұраныс жоғарылау үстінде.

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға барып, бұған көзім жетті. Бір күн бойы сонда болып, жастардың кітап алуын бақыладым. Жастар ғана емес, шамамен 30-35 жастағы апайлар да келіп, кітап алды. Күніне 25-тен астам оқушы келді. Ең қызығы, жастардың көпшілігі – қазақ әдебиетін оқиды екен. Мысалы, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер», Ильяс Есенберлиннің «Ғашықтар» сынды шығармалары сұраныста екен.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың кітапхана ісін қолға алуы, қазақ тілінің қамы үшін кітап ісін жүзеге асырудағы бас­тамалары бәріміз үшін, әсіресе, кітапсүйер қауым үшін қолдау болды. Біз де бұған қуанамыз, – дейді кітапхана қызметкерлері.

Қарағанды қаласында кітапты насихаттау бағытында түрлі жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – кітапханадағы «Зерде» клубы. Бұл жерде қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті жазушыларының шығармалары талданады. Аталмыш жобада, шамамен 15-20 шақты жас қатысады. Жастар бір-біріне айтып, ұйым мүшелері күннен-күнге көбейе түсуде. Бұл жерде оқылған кітапты бірге талдайды. Бұл жастардың ойларын ашық жеткізуге септігін тигізеді.

– Кітапханаға аптасына үш рет келемін. Тыныш жерде отырып, кітап оқыған қатты ұнайды. Кітап оқу менің хоббиіме айналды. Ең алғаш оқыған кітабым Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы еді. Осы кітаптың арқасында кітап әлеміне келдім. Қазақ әдебиетіне қызығушылығым арта түсті. Осы уақытқа дейін әлем әдебиетін көп оқитынмын. Мысалы, Агата Кристи, Адам Сильвера сынды жазушылардың кітаптарын ұнатамын, – деді қала тұрғыны Айша Мәдиқызы.

Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Сол секілді елімізде де Ұлттық кітап күнін атап өту бастамасын көтерді. Бұл Ұлттық Құрылтайда талқыланды. Мектептерде, жоғары оқу орындарында әрдайым кітап оқу күндерін өткізу үшін іс-шаралар қолға алынып жатыр.

Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әр адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын көрсетеді.

Диана ТІЛЕМІС,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің II курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button