Кітап қайтсе оқылады?
«Қарағанды көктемі» фестивалінің салтанатты ашылу рәсімінен кейін қаламгерлер дөңгелек үстелге жайғасты. Дөңгелек үстелде қазіргі қазақ поэзиясындағы түрлі мәселелер талқыланды. Бекітілген спикерлер баяндама жасады. Баяндамашылар қатарында қарағандылық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Салтанат Қайырбек те бар. Ол кітап сатылымы тақырыбын қозғады.
Салтанат Қайырбек «Кітаптың бүгінгі функциясы қандай?» деген сұраққа жауап іздеп, шағын сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде ақындардың жыр жинағын сатып алушылардың 70%-ы кітапты ақынға деген құрметі үшін сатып алады екен. 7 %-ы ақынның жаңа өлеңдерін оқу үшін сатып алса, 10 %-ы таныстарының кеңесімен, қалған 13%-ы – сыйлық ретінде және басқа себептермен сатып алады екен.
– Осы нәтижеге сүйене отырып, әлеуметтік желілердің дамыған тұсында кітап – авторлардың жаңа туындыларын оқырманға жеткізетін негізгі құрал емес екеніне көз жеткізуге болады. Демек, кітап нарығында қалыптасқан, танымал ақындардың кітабы сұранысқа ие. Бірақ бұл танымал ақындардың кітабы бірден бестселлер болып кетеді деген сөз емес. Тауар – сатып алушыға мақтаныш, кемі жағымды эмоция сыйлау керек екен. Ал қалыптасушы авторлардың, немесе тек әдеби ортада ғана әйгілі авторлардың кітабы қарапайым оқырманға ондай әсер қалдыруы факт емес. Демек, небір классик аға-әпкелеріміздің туындылары, қалыптасып келе жатқан қаламгерлердің кітаптары ел арасында тиісінше, заманға сай насихатталуы үшін өз функциясы айқын, жұмысы тиянақты, жүйелі портал қажет – деді Салтанат Қайырбек.
Жас ақын кітапты сатудың, оқырманға жеткізудің, қызықты етудің қыр-сыры үшін маркетолог мамандармен де кеңесіп көру керектігін де айтады.
– Елімізде мықты маркетологтар аз емес. Дейтұрғанмен жеке поэзия кітабының бестселлерге айналғаны туралы ақпарат жоқ. Бұл әсте қазақ поэзиясының деңгейінің көрсеткіші емес. Сондықтан да поэзияға арналған арнайы, тиянақты жұмыс жасайтын, театр, медиа салаларымен тығыз байланыс орнатқан порталдың болмауы өзекті мәселе деп санаймын, – деді ол.
Деректерге сүйенсек, былтырдан бері еліміздегі кітап дүкендерінің сөресін «Tarmaqtar» кітабы жаппай сатылымға шықты. Салтанат Қайырбектің айтуы бойынша кітап баспадан шыққан күннен бастап 10 мыңнан астам данасы лезде сатылып кеткен. Кітап – ерекше дизайнда жасалған. 200-ден астам ақынның өлеңі енген. Кітапқа бір ақынның өлеңі толықтай басылмаған. Тек бір өлеңінің бір тармағы ғана жазылған. Ал, толық нұсқасын бетке салынған QR код арқылы тыңдай аласыз. Аталған кітаптың идея авторы – Еламан Төлеутай. Жоба жетекшісі – Рыскүл Досжанова. Екеуі де фестивальдің құрметті қонағы ретінде шақырылған. Дөңгелек үстелге қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz