Кириллицаның қиындығынан құтыламыз
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамда қызу қолдау тапты. Атап айтқанда, ондағы «Туған жер», «Киелі жерлер географиясы», «100 жаңа есім», «100 үздік оқулық» сынды бастамалары іргелі бағдарламаларға айналып отыр. Осы орайда Президенттің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшу туралы бастамасын ерекше атап өту керек.
Тілдерді дамытудың республикалық орталығы ұсынған жаңа әліпби нұсқасы осыған дейін қоғамда, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі ел пікірін ескеріп жасалғанын ұқтық. Жаңа нұсқа көпшілігіміз қарсы болған төбесінде ноқаты бар (диакритика), өзгеріске түскен латын әріптерінсіз, классикалық үлгіде әзірленіпті. Осы нұсқа қазақ жазуының көсегесін көгертеді деген сеніміміз мол. Енді қазақ тілінде компьютерде жазу үшін қосалқы бағдарламалар сатып алудың немесе арнайы әзірлетудің қажеті жоқ. Пернетақтада бар 26 әріп шеңберінде жасалған 25 таңбалық жаңа қазақ әліпбиі еш кедергісіз қолданылатын болады. Кирилл жазуын пайдаланғанда кездесіп келген қиындықтардан да құтылатын боламыз.
Дархан МҰҚАНОВ,
«Сарыарқа» газетінің бас редакторы.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.