Руханият

Өкініш

Сонау бір жылы Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы аталып өтетінін естігенде, осыдан аттай 35 жыл бұрын таным-түйсігімді селт өткізген жағдай ойыма сақ ете қалсын.

Әлқисса…

Бұл 1984 жылы жазда болып еді. Ол кезде мен Қарағанды металлургия комбинатының партия комитеті хатшысының орынбасары қызметін атқарамын. Сол уақытта өндірілетін ішкі өнімнің мөлшері 3 миллиард сом болатын. Сол 3 миллиард сомның 1 миллиард 800 млн. сомын Қарағанды металлургия комбинаты беретін. Бір ғажабы 47 мың адам жұмыс істейтін алып кәсіпорында орыс тілінде «Металлург» деген газет шығарылады да, қазақ тілінде шығатын дербес газет жоқ еді. «Неге жоқ?» десем, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық партия ұйымдары ат-тондарын ала қашқаны былай тұрсын, көздері шатынай бастайтын.

«Қайда барсаң Қорқыттың көрі болып» жүргенде, «дуалы ауыз тұлғалардың сөзін жерге тастамас» деген оймен Жазушылар одағына төте жол іздедік. Тоқсан ауыз создің тобықтай түйіні – одақпен өзара сыйластық қарым-қатынас орнаттық. Осының арқасында мен сол жылы одақтың 50 жылдығына арналған алқалы жиынына қатысу бақытына ие болдым.

Сонда Олжас Сүлейменов тамаша баяндама жасады. Той дүбірлеп өтіп жатты. Кезек той дастарханына ауысып, одақ ғимаратының астындағы дәмханада Қарағанды жазушыларына үлкен құрмет көрсетілді.

Төр басында Олжекең, сол жағында сол кездегі Мәдениет министрі, ұлттың азаматы Жақсымбек Еркінбековтен кейін бізге басшы боп барған ақсақалымыз Жайық Бектұров бастағандар қатар түзедік. Қасымда отырған жазушы Әуезхан Көшімовті осы сапарда болмаса, бұрын кездестірмеген адамым. Амандық сұрасқаннан әрі аса алмадық. Дегенменен, қарт адамға аздаған қызмет көрсетіп отырдым. Әлден уақытта ғайыптан пайда болғандай Нұрағаң (Тілендиев) кіріп келді. Жиналған жұрт орындарынан тұрып, қол шапалақтап «Әлқисса…Әлқисса» деп залды күңірентті. Нұрағаңның қолына домбыра тиісімен «Әлқиссаға» басты. Сол уақытта Әуезхан Көшімов біртүрлі мазасызданып, басын шайқап, қабағы бірде қатуланып, бірде керіліп, көзін алартып шалқая берді. «Ойпырмай… обал ғой…обал…мынау күй…Наркескені ғой», – деп орнынан тұрып, шығып жүре берді. Мұндайды күтпеген мен не болғанын түсінбей қалдым. «Құдай-ау, кімнің «Наркескені» деді?! Қа…а…ап, енді қайтейін?!» деп санымды соқтым. Осылай дел-сал күй кешумен ауылға қайтатын уақыт та болып қалған екен.

Жол бойы естігенімді әр саққа жүгірттім. «Бұл жөнінде ешкімге жақ ашпау керек. Өнер адамы, оның ішінде, зерттеуші емеспін. Бір пәлеге ұшырап жүрермін» деп шештім. Немесе ол кісімен ауызбаауыз сөйлесіп, «Сіз атаған «Наркескенді» кім шығарып еді?» дегенді анықтап алу керек. Мекенжайын сұрастырып, екі рет барып та қайттым. Ол кісі үйде жоқ екен. Жолым болмады. Оның үстіне металлургияның жұмысы таңның атысы, күннің батысы, белгілі ғой. Содан балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен уақытта, 1993 жылы ол кісі өмірден озды. «Таяқ тастам жердегі» Теміртауда тұрып, бір ауыз сөзге жете алмаған өзіме «сені атып өлтіретін адам жоқ» деген үкім шығарумен жылы жауып қойғанмын.

Бүгін де сол орны толмас қателігімді кешіре алмай отырып, Арқа жазушыларының ақсақалы Кәмекеңе (Кәмел Жүністегі) хабарластым. – Ойпыр-ай, бар екенсіңдер-ау, өкінішім өзегімді өртеп жүрген жалғыз мен бе десем, – деп аз уақыт үнсіз қалды. Ең бірінші айтарым, Әуезхан ағамыз томаға-тұйық ғұмыр кешті. Басты себебі – ол кісінің туған ағасы Сейілхан кезінде халық жауы атанып, 1930 жылдары атылып кетті. Гүлмария деген жеңгемізді көзім көрді. Сол уақытта 70-тен асқан кезі. Ойпыр-ай, моншақтай мөлдіреп үзіліп тұрған, көрсе көз тоймайтын әйел затынын хас сұлуы екен. Жолдасынан қалған жалғыз көйлегін иіскеп ешкімге кіріптар болмай өмірден өтті.

Әуезханның өзінен ұрпақ жоқ. 1970 жылдардың, басы болар, ойда-жоқта кездесіп қалып: «Сен Қыздарбек күйшіні зерттеп жүр екенсің, ол кісі жөнінде айтар әңгіме жеткілікті, уақыт келер деп еді. Сонда бұл адамның көкей сандығында талай-талай деректердің сақталып тұрғанына сеніп едім. Өкінішке орай екінші рет кездесудің сәті түспеді. «Елін сүйген ерлер» партиясын басқаруыма байланысты советтер уақытында менің басқан әрбір қадамым үндеместердің (КГБ) есебінде болды да барар жер, басар тауымның аясы тарылып уақыт өтіп кетті. Не деуге болады? Әлқисса күйі жөнінде айтқаны, өзіне етене жақын әуенге ұқсастық тапты ма, кім біледі, – деп сөзін аяқтады Кәмекең.

Қазақ өнер тарихында күй құдіреттері екеу болса, соның біреуі – Нұрғиса Атабайұлы. Осы адамның шығармашылығына шүбә келтіру – нағыз ақымақтық. Ал Әуезхан Көшімов 1911 жылы туып, 1993 жылы дүниеден озды дедік. 1984 жылы 73 жаста. Яғни, көненің көзі, тарихтың өзі болған адам. Жерлестері – Қыздарбек (1850-1922), Әбди (1868-1931), Әбікен (1897-1958) сынды атақты дәулескер күйші-композиторлармен бірге өмір сүрді. Сондықтан, бұл кісіден де қисынсыз дәлел шығады деп айта алмайсыз.

Тұла бойы, тек қана ән мен күйге исінетін қазақтың бай тарихының жықпылдары мен қалтарысында да тағы бір құдіретті әуен тұншығып жатпасына кім кепіл? Ақиқатын айтып, нүктесін қоятын біреу табылар деген ой менікі.

СМАҒҰЛДЫҢ Тлеубердісі.

Басқа материалдар

Back to top button