Бас тақырып

Кімнің несиесі кешіріледі?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту» туралы Жарлығы несие қамытын киген талай жанға үміт сыйлаған еді. Бүгінге дейін бірқатар адамның несиесі кешіріліп те үлгерді. Әйтсе де, санатқа кірсе де жеңілдік алмаған жандардың қарасы қалың. Бұл қалай? Алалау болды ма, әлде жаңсақтық кетті ме? Көпті толғандырған сауалдардың жауабын іздеп көрсек…

ҚАЙ САНАТТАҒЫ АДАМДАРДЫҢ НЕСИЕСІ КЕШІРІЛЕДІ? 

Бүгінде Президент Жарлығын жүзеге асырудың тетіктері айқындалып, берешегі өтелетін азаматтардың санаты белгілі болған. Нақтылай түссек, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылғаны үшін өтемақы алатындар, мүгедек балалары бар отбасылар, бала күннен мүгедектігі бар 18 жастан асқандар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және ата-анасынан кәмелетке толғанға дейін айырылған, 29 жасқа толмаған жандар. 

Қазіргі таңда 507 мың борышкер анықталып, тізімге енгізілген. Тізім екінші деңгейлі банктер мен Әділет министрлігінің ақпараттық ресурстық базаларындағы деректерге сүйене отырып, автоматты түрде әзірленеді. Яғни, оған адам факторы араласа алмайды. Адамдар өздерінің тізімде бар немесе жоқ екен халыққа қызмет көрсету орталықтарынан, egov.kz және enbek.gov.kz порталдарынан біле алады. Егер, тізімге енбеген болсаңыз, онда 111 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, өзіңіз және отбасыңыз туралы мәліметтерді ұсынуыңыз қажет. 

Айта кету керек, 2019 жылдың 1 маусымына дейін алынған несиелер ғана кешіріледі. Бір адамға – 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын сомада бір реттік көмек көрсетіледі. Несие сомасы 3 миллион теңгеден артық немесе қарызы коллекторлық ұйымдарға өтіп кеткен азаматтар жоғарыда айтылған санатқа жатса да, олардың несиесі жабылмайды. 

ТАЛАПҚА САЙ КЕЛГЕНДЕР ТІЗІМГЕ НЕГЕ ЕНБЕЙ ҚАЛДЫ? 

Президент Жарлығының түпкі мақсаты – несие ауыртпалығын арқалаған адамдарға бір реттік қолдау көрсетіп, олардың әлеуметтік ахуалын жақсарту. Әйтсе де, Жарлықта көрсетілген санатқа жатқанымен, өздерін тізімнен таба алмай сарсаңға түскен жұрттың қарасы қалың екен. Мәселен, қарағандылық Гүлшаһар Қуанышбекова 8 баланың анасы болса да, тізімге ілінбей қалғанын айтып отыр. 

– 111-ге хабарласа алмай отырғаныма бірнеше күн болды. Телефон тұтқасын ешкім көтермейді. Сегіз баланың анасымын. Өзімнің және жолдасымның атында жабылмай тұрған шағын несиелер бар. Біздің отбасымыз Жарлықта көрсетілген санатқа толық сай келеді. Бірақ, тізімге енбей қалыппыз, – дейді Гүлшаһар Қуанышбекова.

Өздерін тізімнен таба алмаған өзге де азаматтардың пікірі осы сарында. Бірыңғай нөмірге хабарласқан, бірақ оларға ешкім жауап бермеген. 

Мұндай мәселенің барын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мойындап, оның себебін де түсіндіріп берді. 

– Егер көпбалалы отбасы болса, жұбайы туралы мәлімет мемлекеттік ақпарат жүйесінде болмаса, неке қию туралы мәлімет азаматтық хал актілерінде тіркелмесе, ондай отбасы тізімге енбей қалады. Біз оны Әділет министрлігіне жібереміз. Сонда тіркелгеннен кейін ғана тізімге енеді. Асыраушысынан айырылған азаматтардың кейбіреуінің де азаматтық хал актілері туралы ақпараттық жүйеде мәліметі жоқ. Оларды да Әділет министрлігіне жолдаймыз. Егер көпбалалы отбасылардың балалары кәмелет жасына толып, оқуда жүрсе, ол туралы мәлімет Білім және ғылым министрлігінің ақпарат жүйесінде тіркелмесе, тізімнен тыс қалады, – деді Светлана Жақыпова.

 Оның айтуынша, қазіргі таңда тізімге енбей қалған азаматтар анықталып, қосымша тізім дайындалуда.

БІР ОТБАСЫНДАҒЫ ЕКІ АДАМНЫҢ НЕСИЕСІ КЕШІРІЛЕ МЕ? 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бір отбасындағы екі адамның несиелерінің жалпы сомасы 3 млн. теңгеден аспайтын болса, әрбір келісім-шарт бойынша 300 мың теңгеге дейін қарыздарын өтетіп алуына құқы бар. Яғни, бір отбасыға 600 мың теңге жеңілдік беріледі. 

ҚАРЫЗЫ КЕШІРІЛГЕНДЕРДІҢ ҚАЙТАДАН НЕСИЕ АЛУЫНА БОЛА МА? 

Ел арасында «Үкімет борышын өтеп берген жандарға қайтіп несие берілмейді. Олар бірден қара тізімге енгізіледі екен» деген ақпарат тарап кетті. Бұл қаншалықты рас? Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, бұл – жаңсақ пікір. Яғни, ешқандай «қара тізім» деген болмайды. Бірақ, келешекте қарыз алушының төлем қабілеттілігі ескеріледі. Яғни, кіріс көзі және кепілге қояр затының болуы басты назарға алынады. Тоқетерін айтқанда, борышынан құтылған жандар алдағы уақытта тағы да несие ала алады. Бірақ, келесі жолы Үкімет көмегіне үміт артпаса да болады…

БОРЫШ ЖҮКТЕМЕСІН АЗАЙТУ ЖАЛҒАСЫН ТАБА МА? 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл науқанның тек бір рет қана жүзеге асатынын, әрі қарай жалғастыруға биліктің құқығы жоқ екенін айтқан болатын. Расымен де, қазіргі таңда елімізде масылдық психологияға қарсы қарқынды күрес жүргізілуде. Яғни, азаматтар «Үкімет өлтірмейді» деген ұстанымды ұмытып, кәсіп көзін ашуға, әлеуметтік ахуалын жақсартуға ұмтылуы керек. Ал, несие борышын өтеу бағытындағы науқан жалғасын табар болса, масылдық психологияның да өрістей түсері анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button