АймақБас тақырыпҚарағанды

Үкімет басшысы Qarmet-тің өзекті мәселелерін шешу және одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді

Бүгін Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Qarmet металлургиялық комбинатының өндірістік цехтарына барды, деп хабарлайды ortalyq.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Суреттер Үкіметтің ресми сайтынан

Бүгінгі таңда комбинат – республикадағы толық өндірістік циклі бар ірі тау-кен және болат кәсіпорындарының бірі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекет оны әрі қарай дамытуға қажетті қолдау көрсетуде.

Олжас Бектенов №3 домна пешінің, табақша металды илемдеу цехының, сондай-ақ ыстық күйде мырыш және алюминий жасау цехтарының жұмысымен танысты.

Мұнда Премьер-Министр металлургтермен әңгімелесті, оның барысында кәсіби мамандық мәртебесін арттыру, жалақыны ұлғайту, жас мамандарды даярлау үшін жаңа оқу орындарын құру, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе көтерілді.

Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің барлығы және Qarmet-тің алдағы жұмысы мемлекеттің бақылауында болатынына сендірді. 

— Жаңа инвестор өндірісті жаңғыртуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға ауқымды инвестициялар салу бойынша міндеттемелер қабылдады. Бұл бос сөз емес, мұның бәрі қағазға қатталған және мемлекеттің бақылауында болады. Президент барлық тиісті тапсырманы берді. Комбинаттың тынысы кеңейіп, жаңа өмірге жол ашатынына сенімдіміз. Бұл – отандық өнеркәсіптің мақтанышы. Біз өз тарапымыздан бақылап, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, — деді Олжас Бектенов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр салалық ведомстволар басшыларының, жаңа инвестордың, әкімдік өкілдерінің және кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен Qarmet-тің өзекті мәселелерін шешу және одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Qarmet акционері Андрей Лаврентьев 2028 жылға қарай темір кені концентратын шығаруды 5 млн тоннаға дейін ұлғайту, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна болат өндіру жоспарланып отырғанын айтты.

Оған қоса Үкімет басшысының назарына химия, мұнай, құрылыс және кеме жасау салалары үшін болаттың жаңа және премиум маркаларын шығару, жүк техникасын, автобустарды, ауыл шаруашылығы техникасын, теміржол вагондарын және т.б. өндіру әлеуеті ұсынылды. Әсіресе автомобиль жасау кезінде пайдаланылатын болаттың жекелеген түрлеріне ерекше назар аударылмақ, бұл отандық машина жасау өндірісін локализациялауға оң әсер етеді. Жалпы әлемдік нарықтағы өнімнің жаңа маркаларына деген сұраныс комбинаттың Орталық Азия мен ТМД металлургиясы көшбасшыларының бірі ретіндегі мәртебесін қайтаруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Компания үшін басымдыққа ие тағы бір перспективалы бағыт – көмір химиясы. Пиролизді конверсиялау технологиясына сүйене отырып, көмірді пайдалы өнімдер мен шикізат ретінде өңдеу жоспарланып отыр. Бұл Қарағанды көмір бассейнінің қайта түлеуіне елеулі серпін бермек.

Барлық стратегиялық міндетке қол жеткізу үшін Олжас Бектенов уәкілетті мемлекеттік органдарға кәсіпорынның өзекті мәселелерін пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, Qarmet-ті табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек, бұл өз кезегінде Теміртау қаласының экологиясын түбегейлі жақсартуға мүмкіндік береді.

Осы орайда Премьер-Министр компанияның инвестициялық жоспарларын іске асыруды барынша жеделдету қажеттігін атап өтті, бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының құрылымын өзгертуге елеулі үлес қоспақ.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button