Әкімдік жұмысы – қанағаттанарлық
Былтыр аймақта құны – 102,9 млрд.теңге болатын 10 жоба іске қосылып, 956 жұмыс орны қамтамасыз етілген. Тауық жылында бұл тоқтап қалмайды. Нақтыласақ, Кәсіпкерлікті қолдау картасы арқылы 10 жобаны жүзеге асыру жоспарда. Сондай-ақ, облыста өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылдың еншісіндегі міндеттер туралы Қоғамдық кеңес отырысында облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ мәлімдеді.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың былтырғы қорытындысы мен 2017 жылға межеленген жоба-жоспарлар туралы аймақтың қоғамдық кеңесінде кеңінен талқыланды. Облыс басшысы сөз басында Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының маңыздылығын атады. Жолдауда Мемлекет басшысы Қазақстанның үшінші жаңғыруы арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін зор міндет қойған. Сондықтан, ендігі кезекте Қарағанды аймағы айқындалған бағытта экономика өсімін қамтамасыз ететін болады.
Мәселен, 2016 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 1,3 пайызға қамтамасыз етілген. Өңірлік жалпы ішкі өнім 3,3 трлн.теңгені құраған. Ол – еліміз бойынша үшінші орын. Орташа айлық 9,4 пайызға өскен. Облыс бюджеті 245 млрд.теңге көлемінде қалыптасқан. Ал, 2017 жылы өңірлік жалпы ішкі өнім өсімін 1,9 пайызға арттыру көзделуде.
2016 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі артқан екен. Ол – 4,9 пайыз және 1,9 трлн.теңге. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 315,4 млрд.теңге. Бұл қаражаттың төрттен бірі өңдеуші өнеркәсіпке салынған көрінеді.
Облыс әкімінің айтуынша, жоғары сапалы әк зауытының құрылысы, Жәйрем кентіндегі кен байыту фабрикасы құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ, аймақтың минералды-шикізаттық дамуы үшін геологиялық барлау жұмыстары жалғасады.
Биыл жоспар бойынша 351 млрд.теңге инвестиция тарту міндеті тұр. Мұнда стратегиялық басымдық инвестициялық жобаларды іске асыратын жүйеқұраушы кәсіпорындарға, сондай-ақ, Кәсіпкерлікті қолдау картасының ірі жобаларын іске қосуға беріліп отыр.
Карта аясында индустрияландыру кезеңінде 78 жоба іске қосылды. Жобалардың 14-і бүгінде шетелге өнімін экспортқа шығаруда. Бұлардың қатарында, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Түркия, АҚШ бар.
Сонымен қатар, Картаның 15 жобасы шетелдік инвестиция тарту арқылы жүзеге асырылған. Кәсіпкерлікті қолдау картасындағы жобалар аймақтың өнеркәсіп өндірісіндегі жалпы көлемнің 7,5 пайызын иеленеді, өңдеуші өнеркәсіпте 8,3 пайыз (124,5 млрд.теңге).
Индустриялдық-инновациялық дамыту бағдарламасымен өткен жылы 10 жоба іске қосылғанын атап өттік. Аталған жобалар арқылы 141,4 млрд.теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылыпты. Ол 2015 жылдан 50,2 млрд.теңгеге артық. Биыл 10 жоба жұмысын бастайды деп күтілуде.
Агроөнеркәсіп кешенінде де өндірістің өсімі айтарлықтай. Ауыл шаруашылығындағы жалпы ішкі өнім 230 млрд.теңге шамасында. Ол 8,6 пайыз өсімді көрсетеді.
Ауыл еңбеккерлері 2016 жылы бұрын-соңды болмаған жиын-терімге қол жеткізді. 2016 жылы 725,7 мың гектар егін шабылды, 1 млн.тоннадан астам бидай жиналды. Бір гектардан орташа өнімділік 14 центнерді құрады.
Мал шаруашылығы да дамып келеді. Облыс фермерлері еңбегінің және мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста ірі қараның саны 3,3 пайызға, жылқы 4,5 пайызға өсті.
– Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстанның аграрлы өнімді экспорттайтын елдердің қатарына өтуі туралы мақсат қойды. Әсіресе, «экологиялық таза азық-түлік» экспорты бойынша. Сол себепті, «Қазақстанда жасалған» бренді қазақстандық өнімнің эталоны болуы тиіс, – дейді облыс әкімі.
Осы бағытта 2016 жылы жақын және алыс шетелдердің 20 еліне 300 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған екен. Оның арасында азық-түлік, картоп, бидай, көкөніс бар. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірлігіне қой экспорттау алғаш рет жолға қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасты болмақ. Мәселен, биыл ет экспорттау 500 тонна көлемінде жоспарлануда. 10 мың қой экспорттауға келісімшарт жасалған.
Аймақтың негізгі міндетінің бірі – бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту. Облыста 85 мың белсенді бизнес субъектісі бар. Бизнес облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының үштен бірін жұмыспен қамтамасыз етеді.
Шағын және орта бизнес субъектілері арқылы өткен жылы 700 млрд.теңгенің өнімі өндіріліпті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста сомасы 26,6 млрд.теңгенің 262 жобасы қолдау тапты.
2016 жылы құрылыс саласында 40 әлеуметтік маңызы зор нысандарға 8,7 млрд.теңге сомасында бюджет қаражаты бөлінген. 27 нысан пайдалануға берілді. Оның арасында облыстың ауылдық елді мекендерінде 27 дәрігерлік амбулатория, қалалар мен ауылдарда 2270 орындық 4 жалпы білім беретін мектеп құрылысы бар. Сонымен қатар, жалпы 341 мың шаршы метрді құрайтын баспана иелерін тапты. Сөйтіп, 2 809 отбасы баспаналық жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алды.
Ал, биыл «Нұрлы жер» аталған жаңа тұрғын үй бағдарламасы басталады. Оған 1,5 млрд.теңге қаражат қарастырылыпты. Аталған бағдарлама аясында 19 мың шаршы метр баспана тұрғызу көзделуде. Яғни, кезекте тұрған 336 отбасы баспанамен қамтылады деп болжанады.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамту, құқықтық тәртіп секілді әлеуметтік салаларды да назардан тыс қалдырған жоқ.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерқара Аймағамбетов Қарағанды облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріндегі жағымды өсімді атап, тоқталды.
Кездесу соңында Қарағанды облысы әкімдігінің қызметіне 2016 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы негізінде қанағаттанарлық баға қою туралы резолюция қабылданды.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА