Бас тақырыпОблыс әкімі

Әкім мен әлеуметтің ашық әңгімесі

Бұқара жергілікті биліктің былтырғы жылы атқарған ісін бағалады. Елге, жерге еге әкімнің еткен еңбегі мен төккен терін есеп барысында жұртшылық таразыға тартты. Барды бар, жоқты жоқ деп, жақты бастан айырып берді. Жақсылыққа сүйініп, кемшілікке күйінді. Шындық бүкпесіз айтылды. Елдің аузына ешкім қақпақ қоймады. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК сәрсенбідегі жұмыс күнінің үш сағат он бес минутын, сөйтіп, қараша халықпен өткізді. Бір жылғы жұмысын қорытындылады. Болашақтағы бағдарды айтты. Халықты көп тыңдап, көкейкесті мәселердің шешілуіне мұрындық болуға ұмтылды. Қол астындағы құзырлы орындар мен жауапты тұлғалардың жұмысындағы олқылықтарды да сол күні бұқара ашық жеткізді. Десек те, әлеумет те әкім аузынан біршама жағымды жаңалықтардан құлағдар болды. Әдетте, облыс әкімімен кездесу кемі 5-6 сағатқа созылса, бұл жолы үш сағаттан сәл асты. Осыған қарағанда аймақтың әлеуметтікэкономикалық дамуына бұқараның көңілі толды. Немесе әлеумет әліптің артын бағып отыр. Не десек те, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек көпшілікпен ашық әңгіме мен конструктивті диалогқа әзір екенін көрсетті…

Суретті түсірген автор

Есептен ұққанымыз – аймақта игі істер аз емес, бірақ тұрғындарды толғандырған жайттар да жоқ емес. Ендеше, есептегі көрсеткіштерді көпіртпей, биліктің басшылыққа алған басымдықтарына үңілейік. Есептің толық мәтіні басылымда бұған дейін жарияланған. Оның үстіне бұқараны кешегіден гөрі бүгіні мен ертеңі алаңдататыны және аян. Сонымен, биыл билік немен қуантпақ?

2020 ЖЫЛЫ 5600 ОТБАСЫ ПӘТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

Бүгінгі таңда облыс басшылығы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыс стратегиясын әзірлепті. Мұнда бес басымдық бар. Ол – қолжетімді, сапалы үйлер мен жолдар салу, тұрғындарды тұрақты жұмыспен, еңбекақымен қамтамасыз ету, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу.

Баспанамен қамтуда Қарағанды облысы былтырғы жылы 421 мың шаршы метр тұрғын үй, 1148 баспана тапсырса, осы жылы бұл көрсеткіш бір жарым есеге жетеді деп күтілуде.

– 2020 жылы 5 600 отбасы қоныс тойын тойлауы үшін 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылуы тиіс. Бұл пәтерлердің жартысы, яғни, 2600 пәтер әлеуметтік қорғалатын мұқтаж адамдарға беріледі, – деді облыс әкімі.

Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысындағы өлшем адам басына шаққанда 23,5 шаршы метр. Ал, Елбасы тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейн 30 шаршы метрге жетуі тиіс. Қазір облыста 37 мың азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегінде.

1800 КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ ЕКІ ЖЫЛДА БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Жыл соңына дейін 850 көпбалалы отбасын жалға берілетін пәтермен қамту көзделуде. Аймақта 1800 көпбалалы отбасы пәтер алу кезегінде тұр. Жергілікті билік алдағы екі жылда олардың барлығын баспанамен қамту мақсатын қойып отыр.

– Мемлекет басшысы айтқандай, тұрғын үймен қамтамасыз ету – бұл әлеуметтік саясаттың басымдығы. Біздің тарапымыздан осы жылы тұрғын үй құрылысын облыс бойынша кемінде бір жарым есе және облыс орталығында екі есе ұлғайту үшін бар мүмкіндік жасалуда. Бізде екі жыл ішінде 1800 көпбалалы отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндік мол деп есептеймін. Бұдан басқа, жетім балалар үшін кезек жылжуын жеделдетеміз. Бұл мәселе біз үшін де басымдыққа ие, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Бұған қоса, құрылыс сапасын бақылау күшейтілетінін де атады.

ҮШ ҚАЛАНЫҢ 300 ҮЙІ БІРЕР АЙДА ГАЗҒА ҚОСЫЛАДЫ

«Сарыарқа» газ магистралінің негізгі құрылыс желісі былтырғы жылы белсенді жүргізіліп, мәреге жетті. Енді Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларындағы 300 үй, яғни, 6500 адам газбен қамтылады. Алдағы 1- 2 ай мұғдарында бұл үйлер газға қосылады. – Биылғы жылы Атасу, Осакаровка, Сәкен Сейфуллин, Ақсу-Аюлы кенттерінде, Ақтау, Ғ.Мұстафин елді мекендерінде, Шахтинск қаласында газ бөлу құрылғыларының құрылысын бастаймыз. Жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Барлық құрылыс жұмысы 2020 жылдың мамырында аяқталады. 2021 жылы облыстың 5 ауданындағы 7 мың үй, 17 мың тұрғын газға қол жеткізеді. Жалпы, кезеңкезеңмен жобаның соңына қарай облыстың 1 млн. 100 мың тұрғыны газбен қамтылады, – деді аймақ басшысы.

«ҚАРАҒАНДЫ-БАЛҚАШ» КӨЛІК ЖОЛЫ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ

4 жолақты «Қарағанды-Балқаш» тас жолы биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Балқаш-Бурылбайтал» жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады. Бұл жол да төрт жолақты болады деп күтілуде.

– Биыл 1500 шақырым автожол жөндеу көреді. Өткен жылы «Теміртау-Қарағанды», «Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолдары» автобандары бойынша жол толығымен қолданысқа берілді. Осы жылдың шілде айына дейін бұл екі жол толық абаттандырылады. Онда жарық, қоршау орнатылады. Белгілер салынады.

Біз үшін ұзындығы 420 шақырым «Жез­қазған-Қызылорда» автожолының құры­лысы маңызды. Мамыр айында ЖСҚ аяқталады. «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бесжылдығы аясында биыл жол құрылысына кірісу жоспарда. Ол 2025 жылы аяқталуы тиіс, – деді әкім.

Сондай-ақ, «Қарағанды-Жезқазған» жолын жобалау басталады. «Қарағанды-Павлодар» және «Қарағанды-Қарқаралы» республикалық жолдары қайта жаңғыртылады.

1-4 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ТЕГІН ЫСТЫҚ ТАМАҚ

– Біз облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен отбасылардың материалдық жағдайына қарамастан 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру туралы шешім қабылдадық. Биылғы жылдан бастап, 1-2 сынып оқушыларына ыстық тамақ беріле бастайды. Ал, 2021 жылдан 3-4 сынып, 2022 жылдан 4 сынып оқушыларына ыстық тамақ беріледі, – деді облыс әкімі.

2 ЖЫЛДА – 6 ЖАҢА МЕКТЕП

2023 жылға дейін апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі жойылады. Қазіргі таңда облыста 3 мектеп апатты жағдайда, 8 мектеп апаттың алдында, 3 мектеп үш ауысымда оқытуда. Осы жылдың соңына дейін барлық мектептер бейнебақылау камераларымен қамтылады. 118 мектепте жайлы санитарлық тораптар салынады.

«ҚАСЫМ ҮЙІ» АШЫЛАДЫ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін Қасым ақынның үйі ашылатындығын жеткізді аймақ басшысы. Бұл ұсыныс жергілікті ақынжазушылар тарапынан түскен. Жалпы, осы Рухани жаңғыру барысында «Туған жер» бағдарламасы негізінде 125 жаңа нысан бой көтеріп, 48 нысан жаңартылған. Облыстық-археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.

ТОҚСАН САУАЛДЫҢ БІР ПАРАСЫ…

Есептің ел асыға күтетін тұсы – сұрақтарға кезек берілер сәт. Жыл бойына көргенін, немесе көңіліне түйгенін, я көкірегіне шемен болып байланған базына, өтініш, сауалын осы кезде айтып, мәселесін шешіп қалуға барын салады. Қоғамдағы ахуалға алаңдаған қоғам белсенділері де, өз­геден қайыр күтпей, үмітін тек облыс әкіміне жалғаған қарапайым қарағандылық та, құзырлы орындардың табалдырығын тоздырған, табаны әбден тесілген тұрғын да есепті кезеңде есе жіберіп алғысы жоқ. Қанша есепке барсақ та, көретініміз – осы сурет. Облыс әкімінің есебінде де бұл көрініс тағы қайталанды. Сұрақтар жеке бастың мәселесін де, әлеуметтің проблемасын да, қоғамның жарасын да қасыды. Ресми деректердің мәлімдеуінше, ұзын саны 90 сұрақ қойылған. Сол сауалдардың бір парасы мынадай…

ӘКІМ УӘДЕ БЕРДІ

Нұрлыбек ӘУБӘКІРОВ, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің қызметкері:

– Осы жылы айдың бір аптасында толассыз жауған қардың салдарынан қар тазалау техникаларының үлгермей жатқандығын көрдіңіз. Қаланың басты көшелерінде қар тазаланды. Ал, жеке меншік үйлер тұрған көшелер тазартыла ма?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Рахмет, өте орынды сұрақ. Бұл жағдайдың бірнеше себебі бар.Оны баршамыз білеміз. Осында ертеден тұратын тұрғындар да жақсы біледі. Біріншісі – қардың нормадан көп, бірнеше айдың нормалық көрсеткішіндей жеделдетіп түсуі. 3-4 күнде жауған қардың көлемі 3-4 айдағы нормативтегі қармен пара-пар болды. Ең негізгісі, расын айту керек, бұған коммуналдық компаниялар дайын болмауы. Бұл – рас. Қандай проблема? Бұл арада үш проблема бар. Біріншіден, коммуналдық компаниялар келісім-шарт бойынша 550 шақырымдық көшелерді тазалауға міндеттенеді. Қарағандыда 900 шақырымнан астам көшелер бар. Ал, қалған көшелер шартқа кірмейді. Бұл – бір.

Екінші себеп – жыл сайын бөлетін қаражат осы көшелерді қамтиды. Неге десеңіз, біз ескі нормативпен жұмыс істеп, сонымен қаражат бөліп отырмыз. Бұл норматив 2015 жылы бекітілген. Өзіңіз білесіз, 2015 жылғы жанармай, техниканың бағасы өзгерді. Сол 2015-2016 жылғы нормативпен қаржы бөлініпті. Сондықтан үш мәселені шешу үшін ең әуелі нормативті өзгерту қажет. Нормативтерді жаңадан бекітуге тиіспіз. Оны біз алдағы уақытта атқарамыз. Шығарамыз.

Содан кейін компаниялар тек бір жылға келісім-шарт жасайды. Оларға банк несие бермейді. Себебі, олардың келесі жылы қалада қызмет көрсететін, я көрсетпейтінін білмейді Ал, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында бұл аз дегенде үш жылға жасалады. Сол себепті біз алдағы уақытта Алматы, НұрСұлтан қаласындағыдай үш жылға келісім-шарт беруді қарастырамыз. Келісім-шарт үш жылға жасалса, олар техникаларын жаңартады, көбейтеді. Олай болмаған жағдайда, басқа компания іздейміз. Расын айту керек, бұл қаңтарға коммуналдық компаниялар дайын болған жоқ. Осы жылдың жазында жұмыс істеп, келесі жылдың қысына әзір боламыз деп уәде беремін.

«АЛПАУЫТ КӘСІПОРЫНДАР ӨНДІРІСТІ ЖАҢҒЫРТУҒА МІНДЕТТІ»

Қайролла Қызыров, қала тұрғыны:

– Соңғы кезде біздің индустриалдық аймақта экологиялық жағдайдың орын алуы алаңдатады. Бұл тұрғындардың өмір сапасына да әсер етуде. Бұл күрделі де маңызды мәселені қалай шешпексіз?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Жоғарыда өзімнің баяндамамда қысқаша айтып өткенімдей, өткен жылы осы мәселе күрделене бастағандықтан «Жасыл кеңес» құрылған болатын. Бұл – Теміртаудағы қара қар проблемасы, мұндай мәселе – Жезқазғанда, Балқашта, жалпы моноқалалардың көпшілігіне тән. Біз ластаушы ірі кәсіпорындармен, мысалы, «Арселор» секілді өндірістермен күнделікті жұмыс жүргізуге тиіспіз. Олардың өндірісті қайта жаңғыртуын талап етуіміз қажет. Басқа амал жоқ. Олардың ағымдағы өндірістерін жаңғыртуға қол жеткізе алмасақ, экологиялық ахуал жақсармайды, Экологиялық тепе-теңдік сақталмайды. «Арселормен» соңғы келісім қазан айында болды. Онда Экология министрлігі мен компания, облыс әкімдігі арасында үш жақты келісім жасалды. Сол келісімде 2023 жылға дейін өндірісті жаңалай отырып, ауаға шығаратын зиянды қалдықтарды 30 пайызға дейін азайтуы айтылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Үкіметпен, салалық министрлікпен «Арселорды» газға қосу қарастырылуда. Бұл жағдайда экологиялық тиімділік болары анық. Бұл мәселе бақылауда. Келесі кезекте дәл осындай жиын Балқашта өтеді. Газдың келуімен ірі кәсіпорындарды да газға қосуымыз қажет. Бұл орайда екі бағыт бар. Бірі – өндірісті жаңғырту, екіншісі газға қосу. Осы жөнінде жұмыстар жүргізудеміз.

Бүгінгі таңда «Арселор», «Қазақмыс» корпорациясы» қоғамның қазір басқа екенін түсінеді және біздің ұсыныстарымызға қолдау танытып отыр. Сіз бұл кеңестің жұмысына қатыса аласыз. Экология – бұл менің алдыма қойған негізгі үш-төрт мәселенің бірі.

«ҚАРАҒАНДЫДА ЖАҢАДАН АШЫЛАТЫН МЕКТЕП ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ БОЛАДЫ»

 Марат Түсіпов, қоғам белсендісі, Қарағанды қаласының қоғамдық кеңес мүшесі:

– Құрметті Жеңіс Махмұдұлы! 30 жыл болды Тәуелсіздік алдық. Жылдан-жылға аралас мектеп көбейіп келеді. Қарағандыда осы күні 10 қазақ мектебі, 48 аралас, 28 орыс мектебі бар. Бұл аралас мектеп ұрпақты дүбәра етеді. Балалар аралас мектепте сабақта қазақ тілінде сөйлеп, қоңырауда орысша сөйлейді. Балалар шала қазақ болып өсіп жатыр. Қазақ тілінде оқитын балаларды жинақтап, қазақ мектептерінің көбеюіне ықпал етсеңіздер. Қазақ тіліндегі 10-ақ мектеп бізге – сын.

Екінші мәселе. Қалалық қоғамдық кеңесте жүргенде байқағаным, қалалық мәслихатта халықтың жыртысын жыртатын азаматтардың аздығы. Соған ішіміз ашиды. Болашақта сайлау өтіп жатса, тек өз компаниясының ғана сөзін сөйлемейтін, елімізге, жерімізге, тілімізге жаны ашитын азаматтар тартылса деген тілегіміз бар.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Өте орынды сұрақ. Бірінші – аралас мектеп жөнінде. Өздеріңіз білесіздер, осыдан 5-10 жыл бұрын қазақ мектептері қанша болды? Қазір көбейіп келеді. Мысалы, осы жылы Қарағандыда жаңа үлкен қазақ мектебін ашқалы отырмыз. Құрылысы алдағы 2-3 айда аяқталады. Жақсы қазақ мектебі болады. Расында, аралас мектептің проблемалары бар. Балалар сабақта бір тілде, үзілісте басқа тілде сөйлейді. Мен бұл мәселені – өзімнің бақылауыма аламын. Айтқан пікіріңіз дұрыс. Осы мәселені шешу керек. Айтып өткенімдей, 2022 жылға дейін алты мектеп салынады. Оның көбісі қазақ мектептері.

Мәслихат жөнінде. Бізде 42 депутат бар. Бұл депутаттарды өздеріңіз сайладыңыздар. Бірақ, депутаттардың жұмысы өте сапалы. Олар маған ұсыныс, пікірлерін айтып отыр. Балаларды ыстық тамақпен қамту ұсынысын айтқан депутаттар. Меніңше, олардың жұмысына сын жоқ. Дегенмен, сіздің айтқаныңыздың жаны бар. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан білуі тиіс. Біз бұған депутаттарды жұмылдырамыз. Ол мәселе өзімізге де байланысты.

Күнгейге жол – жарық, жылу, судан кейін салынады»

Бақыт Түсіпбекова, Күнгей шағынауданының тұрғыны:

– Тұрғын ретінде жанымызға бататыны – қоғамдық автобустың нашар жүруі және көлік жолының сапасыздығы. Автобустардың арасындағы уақыт алшақ, 30 минут шамасында. Такси шақырсақ, келмейді жолдарыңыз нашар деп. Осы мәселе қашан шешіледі?

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– Күзде арнайы Күнгейде болдым. Көп мәселе бар Күнгейде. Кезінде 15 жыл бұрын Күнгейде жер телімі берілді. Ешқандай инфрақұрылым жоқ. Тек 2018 жылдан бастап инфрақұрылым жүргізіле бастады. Бірінші кезеңде Күнгей-1-ге электр, кәріз желісі, су тартылды. Былтыр электр жүйесі 2-3-ші Күнгейге жеткізілді. Енді көшелерге таралады. Осы жылдың жоспары бойынша Күнгей-2-3 инфрақұрылымы жөнінде жобалық-сметалық құжаттары жылдың ортасына қарай дайын болады. Содан кейін бюджетті нақтылағанда қосымша қаражат бөліп, жұмысты бастаймыз. Жол мәселесіне келсек, егер қазір жол салсақ, оны су, кәріз желілерін апарғанда тағы жарамсыз етіп, қазып тастаймыз. Жол су, кәріз желілері жеткізілген соң ғана жөнделеді. Қазіргі технологияның тәртібі сондай. Көшелерге жаңа асфальт салынбайды. Бірақ Күнгейдегі қоғамдық көлік мәселесін шешуді мен қала әкіміне тапсырамын.

«ҰЛЫТАУДЫҢ ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛЕДІ»

 Ләззат Асанқызы, тарихшы, Жезқазған қаласы:

 – Ұлытау жері – көптеген тарихи оқиғалардың куәсі, қасиетті жер. Осында әлемдік тарихи тұлғалардың мазарлары орналасқан. Жыл сайын туристер ағылып келіп жатыр. Өкінішке орай, жол сапасы сын көтермейді. Оның үстіне биыл Алтын Орданың – 750 жылдығы. Осыған байланысты біздің жерімізге толассыз тапсырыстар келуде. Жошы хан мазарына шетелдік туристер ынта білдіруде. Жол мәселесі шешіледі дедіңіз. Енді қашан шешіледі екен?

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– Өте маңызды мәселе. Өзім Ұлытауға бірнеше рет бардым сол жолмен. Жолдың сапасы төмен. Республикадан, орталықтан қаражат бөлінуде, шамамен 2 млрд.теңге. Жұмыстар көктемде басталады. Біздің міндетіміз – сол жолдың сапасын көтеру және Сәтбаевтан Жошы хан мазарына, Алаша хан мазарына, Жезді-Қарсақбайға баратын жолдарға облыстық бюджеттен қаражат бөліп отырмыз. Мердігер де белгілі. Көктем келіп, қар кетісімен жұмысты бастаймыз.

ӘКІМГЕ ҰСЫНЫС

Болат СЫЗДЫҚ, заң ғылымдарының кандидаты:

– Мен үш мәселе бойынша сөйлегім келеді. Ол сұрақтан гөрі ұсынысқа жақын. Бірінші – тіл мәселесі. Қайталанып отыр, кешірім сұраймын. Бірақ ұсыныс. Қазір тілге деген бетбұрыс бар, өзге ұлт өкілдері арасында. Құлшыныс сіз бен біз ойлағаннан да көп. Мемлекеттік органдар – мемлекеттің босағасы әрі төрі. Сондықтан, мемлекеттік қызметтегі жас қыздар мен жігіттерді жинап алып, дәлізде де қазақ тілінде сөйлеуді талап етсеңіз. Бұл – заңнан тыс. Әдеп аясында. Олардың киім киісі, жүріс-тұрысы, көлігіне, кабинетіне көңіліміз толады, алайда, дәлізде орысша шүлдірлегенде қарнымыз ашып қалады.

Екінші мәселе – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына қатысты. Соған байланысты біздің идеологияның ақсап жатқан тұстары бар. Төлеген Әшімов бастаған альпинистер тобы Жұмабек ауылының маңындағы Сораң тауларына бірнеше жылдан бері Жеңіс күніне арнап жарыс өткізеді екен. Биыл олардың жоспарында Бауыржан Момышұлының немересі мен келінін қонақ ретінде шақырып, үлкен шара өткізу бар. Сол шараны тек бір компания ғана емес, облыстық деңгейде, республикалық деңгейде қолға алсаңыздар. Онда патриоттық шараларды, туризмді де дамытуға да мүмкіндік бар.

Үшінші мәселе – туризм жайында. Туризм дегенде, біз Ұлытау, Қарқаралы, Ақсораң, Бектауатаны атап, Қарағанды тек транзиттік вокзал ретінде қалып қояды. Шындап келгенде, Қарағандының жері – Сарыарқаның кіндігі. Қасиетті жерлерді біріктіріп тұрған қазыналы Қарағанды Асан қайғының назарына іліккен, Әмір Темір жүріп өткен, Бұқар жырау, Абылай хан, Ақжолтай Ағыбай батыр, Кенесары хан табаны тиген мекен. Сондықтан, Қарағандыны жұмысшы кенттерінен біріккен қала ретінде емес, осы тұлғалардың рухын сездіретін, көне, рухы бар орда ретінде көрсететін жоба керек. Орынбасарыңыз Абзал Нүкенов жұмыс тобын құрып, бірқатар жобаларды жүргізуде. Дегенмен де, мен сізге облыс әкімі ретінде, жақсы жобалар бастаған жас генерация ретінде есіңізге салып қойғанды жөн көрдім.

Р.S. Залдан 75 сұрақ қойылды. Сауалдар абаттандыру, көгалдандыру, көлік , экология, медициналық қызмет көрсету, жол жағдайы, ТКШ мәселелерін қамтыды. Сондай-ақ call-орталық жұмыс істеді. Телефон желісіне өңір тұрғындарынан 11 сұрақ келіп түсті. Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Теміртау қалалары, Шет және Осакаров аудандарынан сұрақтар қойылды. Есептік кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аймақ басшысына тағы 21 адам өтініш білдірді. Аймақ басшысы берде-бір сұрақтың назардан тыс қалмайтынын ерекше атады.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button