Ресми

Әкім кездесуі – жаңа форматта

Металлургтер мекенінде халықпен кездесуге барған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жұртшылықпен жүздесуі бұл жолы мүлде жаңа форматта өрбіді. Жиналыс ашып, уақыт оздыру болған жоқ. Халықтың әкіммен бетпе-бет сөйлесуіне бар мүмкіндік жасалды. Бұл формат – Халыққа қызмет көрсету орталығын еске түсірді. Аймақ басшысы бастаған облыстық басқармалардың басшылары, полиция, экология департаменттерінің өкілдері мәдениет үйінің кең дәлізінде халықты ашық қабылдады.

Ермағанбет Бөлекпаев

Тұрғындарды қабылдау төрт жарым сағатқа созылды. Жүзден астам адам мамандарға жүгінді. Электронды кезек ұйымдастырылды.

– Бізге Теміртау тұрғындарын қабылдайтын мамандардың тізімі берілді. Олардың барлығын бағдарламаға енгізіп, сынап көрдік. Ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Елге ХҚКО-ларда, банктерде үйреніп қалғандай, электронды кезек бойынша қызмет көрсетілді. Енді бұл жүйе облыс әкімінің қабылдау алаңында да жұмыс істейді, – деп түсіндірді ақпараттандыру, мемлекеттік қыз­меттер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы ­Константин Ильницкий.

Тұрғындар түрлі басқарма, ұйым басшыларына мәселені тікелей айтып, шешімін табуға тырысты. Бұл үшін бірден бірнеше талон алды.

Сонымен қатар келушілердің ыңғайлылығы үшін балаларға арналған ойын алаңқайлары ұйымдастырылды. Ересектер өзекті мәселелерін шешкенше, балдыр­ғандарды еріктілер ойнатып отыр­ды.

Қабылдауға келгендер тек шағымданып, проблемаларын айтып қана қоймай, идеяларын да ұсынды. Мысалы, қоғам белсенділерінің бірі онкологиялық нау­қастар мен олардың туыстарын қолдау клубын ашқысы келетінін жеткізді.

Ермағанбет Бөлекпаев

Тағы біреуі Қарағандының үлгісі бойынша Теміртауға ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту үшін иппотерапия әлеуметтік жобасын енгізуге дайын.

Қабылдау қорытындысы бойынша Ермағанбет Бөлекпаев теміртаулықтарды толғандыратын топ-5 мәселені атап өтті.

– Коммуналдық мәселелер, жылу, электрмен жабдықтау, су – ең өзектісі. Әсіресе, бүгінгі таңда судың жағдайы өткір тұр. Қазір проблемалық учаскелерді жедел жөндеп жатырмыз. Келесі жылы күрделі жөндеуге өтінім береміз. Абаттандыруға да қатысты сұрақтар болды. Мердігерлердің жұмысына шағымданғандар да бар. Жолдар, жолаушылар көлігі, тұрмыстық мәселелер де бұқараны алаңдатады. Менің ойымша, мұндай қабылдау форматы тиімді. Өтініш-тілектің бәрі ескерусіз қалмайды. Бірлесіп шешеміз, – деді облыс әкімі.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button