Бас тақырып

Киікті тек тиісті ұйым аулайды

Ақбөкенді тиісті ұйымның атуына рұқсат берілді. Бұл заң жүзіндегі нұсқама. Шенеуніктерді мұндай пәрменге мәжбүрлеген киіктің толассыз табынының егінге маза бермеуі. Әсіресе, Қарағанды облысы Нұра, Осакаров және Абай ауданының төңірегіндегі 13 ауылдық округке қарасты 36 шаруа қожалық киіктердің популяциясынан зардап шеккен. Киіктер 38 мың гектардан астам егістік жерлерді таптап, шаруаларға есепсіз шығын келтірген. Қарағанды облысының тек бір ғана шаруашылығының өзі 150 миллион теңге шығынға батқан. Осыған орай, Нұра ауданын мекендеген ақбөкен табынының 22 мың басын атуға рұқсат етілді. Алайда, оны «кімдердің аулап, атуына болады?» деген сұраққа Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев нақты жауап берді.

– Киік – дала сәні. Бір кездері оларды қорғаймын деп талай қорықшылар жанынан кешті. Ал, бүгінгі мәселе – мүлде басқа. Халықтың жанайқайы, оның ішінде жергілікті диқандардың қыруар шығыны осыған мәжбүрлеп отыр. Десек те, киікті аулау керек екен деп оны екінің бірі бас салып атуына рұқсат жоқ. Ақбөкенді тек қана «Охотзоопром» инспекциясының өкілдері ғана аулай алады. Сонымен қатар, егінге зиянын тигізген Нұра аумағындағы киіктер ғана аулануда. Жалпы, киіктің 25 па­йызын аумен, 75 пайызын атуға болады. Тағы да баса назарға ұсынып айтарым, қарапайым аңшыларға, олардың аңшылық куәліктері, аң атуға рұқсаттары болса да, киік атуларына рұқсат жоқ. Егер атқан, не аулаған жағдайда бұрынғыша заң алдында жауапқа тартылады, – деді ол.

Сондықтан, қатардағы халықтың құлағына алтын сырға. Көк жәшіктен, қала берді, әлеуметтік желіден «киікті атуға болады» дегенді көріп, естіп алып, анығын білмей әрекет етіп, опық жеп қалмаған жөн. Қазіргі таңда егістік толықтай жиналды. Төнер қауіп те сейілді. Алайда, ауланған киік саны әлі 22 мыңға жетпеді. Науқан жалғасуда.

– Ауланған киіктердің барлығы сойылып, еттері ет өңдеуші орындарға өткізіледі. Жыл басынан бері олармен арнайы келісім бар. Ал, мүйіздері жергілікті «Охотзоопром» басқармасы қоймасында сақталады, – деп атап өтті Абзал Маратұлы.

Деректер дегеніне қарасақ, Қазақстанда бір жылдары тұқымы құрудың аз алдында қалған ақбөкендер саны жылына орта есеппен 40 пайызға артқан. Ресми деректер еліміздегі ақбөкендердің екі миллионға жуықтағандығын айтады. Биылғы жылғы мамыр айындағы әуе санағының ақпаратына сай оның 800 мыңға жуығы Бетпақдаланы мекендейді.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button