АймақАқтоғай

Кие тұнған Бектау ата

Аңызға бай қазақтың жерінде киелі мекендер өте көп. Олар жеткілікті дәрежеде зерттеліп, дәріптелмегендіктен, көбісінен халқымыз бейхабар. Осындай қазақтың байтақ даласындағы көрікті мекеннің бірі – Бектау ата шатқалы. Балқаштың солтүстігінде созыла жатқан керемет тау сілемдеріне көз тоймайды. Кейінгі кездері табиғат әлемі­нің тылсым құдіреті мен таңғажайыбын тамашалауға ағылып жатқан халықтың қарасы көбейіп келеді. Олардың бірсыпырасы көрікті жерді тамашалау­ға, қыдырып, саф ауасын жұтуға келсе, енді бірі сырқатына ем-шипа іздейді. Ертеден киелі саналатын Бектау­ ата үңгірі кейбір көпті көрген қария­лар­дың айтуынша, «Әулиетау» деп аталған екен. «Бектау ата» деп жергі­лік­ті халық атап кеткен көрінеді.

Айта кетейік, Бектау ата тауы Балқаш қаласының оңтүстік-шығысында 60 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше шоқыдан құралған тау солтүстік-шығыс­тан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырымға созылып жатса, ені – 3 шақырым, ең биік нүктесі 1213 метрден асады. Ұлы дала жауһарын індете зерттеген ғалымдардың сөзінше, Бектау ата атылмай қалған жанартау көрінеді. Бектау ата тауы ірі түйіршікті гранитоидтардан түзілген. Солтүстік-батыс шеті Қоңырқұлжа мен Қарашоқы шоқылары эффузивті жыныстардан тұрады. 1982 жылдан бастап, солтүстік Балқаш өңіріндегі республикалық маңыздағы ботаникалық қорық Бектау атада құрылды. 30-ға жуық бұлағы болған. Қазір олардың көбісі тазаланбағандықтан көзі бітеліп, онға жуығы ғана ағып жатыр. 1938 жылы әлемді таңғалдырған зерттеуші В.Селевин Бетпақдала экспедициясын жүргізіп, соның барысында жалман кемірушісін тапқан. Содан ол «Селевин жалманы» аталып кеткен. Түн жануарының негізгі мекені – Бектау ата бөктері. Бұдан бөлек, бұл жерде арқардан бастап, аңның бірнеше түрі бар. Өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Бектау ата тауының күнбатыс тұсында 80-100 метр биіктікте әлем туристерінің назарын аударған үлкен үңгір бар. Үңгірдің жалпы ұзындығы 45-48 метрге жуықтайды. Оған тас қорымы арқылы шығады. Кіреберіс қуысының биіктігі – 3, ені – 1,5 метр. Онда 15-16 метрге дейін еш қиындықсыз кіре аласыз. Бұдан кейінгі бөлігі, яғни, 29 метрден әрі үңгір түбін терең көлшік алып жатыр.

Жергілікті тұрғындар «Әулие­тау» деп те атайды. Бұл таудың атауына, қасиетіне байланысты ел аузында аңыздар көп. Біреулер, «Бектау ата» және «Беғазы» деген екі әулие паналаған жер десе, ал бірі Асан қайғы бабамыз аялдап, «Бектау ата» деген атау берген деген аңыз бар. Тағы бір аңызда жауынан қашқан Атабек есімді кісі осы таудағы үңгірге жасырынып қалады. Әрі-бері іздеген дұшпандары оны таба алмай, кері қайтыпты. Құдайдың құдіретімен сол үңгірдің ішінде мөлдір бұлақ пайда болған деседі.

Жергілікті журналист Қуандық Сәденов: «Қазақстан өңірлеріне картография жүргізген кезде Әулие ата атауының өзгеріп кететіндігінен қорыққан бір қария «Бектау» деп айтып жіберген. «Бек» деген сөздің өзі ерекше, тұлғалы мағынасында қолданғандықтан, таудың басқалардан өзгеше болғандығынан да осы атау лайық деп тапса керек.

«1993 жылы жарық көрген «Қазақ бақсы-балгерлері» деген кітаптың 43-бетінде «…Бектау ата Бек ата, Бекіш ата, қолдай көр…» деген бақсы сарыны бар. Мұндағы «Бектау ата – Бек ата» осы әулие болуы әбден мүмкін. Бұл жағы әлі зерттелмеген», – деп жазады. Жоғарыда айтып өттік, Бектау ата – Киелі жерлер картасына енген нысан. Бұл жердің төңірегі – талай тарихи оқиғаның куәсі, әр тасы тұнған шежіре. Жыл сайын мұнда еліміз бен көрші елдерді айтпағанда, сонау Еуропадан туристер жүздеп-мыңдап келіп жатады. Қасиетті жерге тәу етушілер қатары да қалың.

Мамандардың айтуынша, қазір технология, медицина­ның дамыған заманында, бұл жерге адамдар рухани күш алу үшін, осы жердің саф ауасын жұтып, мөлдір суын ішуге туристер де қызығып келе­тін жерлердің бірі ол осы – Бек­тау ата үңгірі екен. Тіпті, Бектау ата үңгірі ауруға шалдыққан адамдар, бала көтермей жүрген әйелдер басына түнеп, сыйынып, құрбандық шалатындар көп келген.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button