Бас тақырып

Киберқылмыс кимелеп тұр

Телефондағы бір ғана банк қосымшасына қол жеткізген киберқылмыскерлер өзге де шоттардағы ақшаны оңай жымқыра алады. Ол үшін алаяқтарға қолыңыздағы смартфонның ішек-қарынын ақтарып шығудың қажеті жоқ. Қарапайым тұрғындардың дені ақша мен деректерді ұрлауға қатысты тәуекелдерді дұрыс бағалай бермейтіні осыдан. Көбісі банк шотына қол жеткізу үшін алаяқтар смартфонның немесе компьютердің камерасы арқылы жасырын бақылау орнатып, парольге қол жеткізеді деп ойлайды. Бірақ, бүгінге дейін бірде-бір ақша жымқыру дәл осындай жолмен жүзеге асырылмағанын айтады киберпол қызметкерлері.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Алаяқтық мәселесі Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселеге ерекше ден қойып, нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Мәселен, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн» деген болатын.

Осыған орай, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ішкі істер министрлігі Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік жасап қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен болатын. Тұжырымдаманың басты мақсаты – барлық субъектілердің ортақ жауапкершілігі негізінде құқық бұзушылықтың алдын алудың біртұтас жүйесін қалыптастыру және халықпен сындарлы әріптестік орнату.

– Полиция қызметкерлерінің негізгі күш-жігері қоғамдық тәр­тіпті және азаматтардың қо­ғамдық қауіпсіздігін қорғау­ды қам­тамасыз етуге, қалада әлеу­мет­тік-саяси тұрақтылықты сақ­тауға және қылмыстық құқық бұ­зушылықтарды, оның ішінде, интернет алаяқтықтарды ашуға бағытталған. Мәселен, қала бойынша тіркелетін қылмыстардың басым бөлігі алаяқтыққа қатысты болса, оның ішінде, интернет алаяқтар жасайтын қылмыстар – 25 пайыз, – дейді облыстың полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Арман Қайрақбаев.

Полиция подполковнигі қабылданған шараларға қарамастан, алаяқтық саны өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға, оның ішінде, ауыр алаяқтық қылмыстар 20,3 пайызға өскенін айтады.

Жалпы, алаяқтар көп жағдайда интернеттегі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем, жобаларға және тағы басқаларына тиімді инвестиция, онлайн қарыз ресімдеу, жалған сілтемелер жіберу арқылы өздерінің ойларын жүзеге асырады.

Соның ішінде, бүгінде танымал болып тұрғаны – киберқылмыскерлердің түрлі бағдарламаларды қолдануы.

– Киберқылмыстың негізгі бөлігі арнайы бағдарламалар мен қосымшаларды қолдану арқылы жасалады. Мысалы, Anydesk, Teamviewer атты бағдарламалар қашықтан қол жеткізуге, компьютерлер мен құрылғыларды басқаруға арналған.

Яғни, қарапайым сөзбен айт­қанда алаяқ басқа жерде отырып-ақ, өзгенің құрылғысын оп-оңай басқара береді, – дейді Арман Қайрақбаев.

Алаяқтар алдымен Anydesk немесе Teamviewer орнатуды сұрайды. Содан соң, экранға id-код экранға шығады. Ал, үшінші адам осы кодты білген кезде смартфонды немесе компьютерді толығымен басқара алады.

– id-кодты білген киберқылмыскер құрылғыға кез келген бағдарламаны, қосымшаны, тіпті, банктік бағдарламаны орнатып, пайдаланушының атынан несие алуға өтініш бере алады. Одан бөлек, кез келген шоттағы ақшаны басқа шотқа оп-оңай аударады, – дейді Арман Қайрақбаев.

Бұл ретте полиция подполковнигі тұрғындар алаяқтардың қитұрқы әрекетін естіп тұрып, қалай алданып қалғандарын білмей қалатынын айтады.

Мәселен, полиция бөліміне қарағандылық хабарласып, өзің банк қызметкері деп таныстырған белгісіз адам жәбірленушінің банктегі жеке кабинетінің бұзылғанын түсіндіріп, ақша қаражатының сақталуы үшін оған HopToDeask қосымшасын жүктеу қажет екенін айтқан. Бұған дейін алаяқтардың дәл осындай әрекетін біле тұра, жәбірленуші қоңырау шалған адамның сөзіне сеніп, қосымшаны орнатқан. Нәтижесінде, белгісіз адамдар жоғарыда көрсетілген қосымшаны пайдалана отырып, жәбірленушінің 10 миллионнан астам теңгесін әртүрлі шоттарға аударғанымен қоймай, 1 250 000 теңгеге несие рәсімдеген.

Полиция подполковнигі ақпаратты көпшілікке, соның ішінде, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге орналастырған кезде абай болу керектігін ескертеді.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button