Тұлға

Кеудесі алтын кемел тұлға

«Жәкең – шежіре адам. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» демекші, бұл ағамыздың ұрпаққа ұлағатты әңгімелері, ескірмейтін естеліктері көл-көсір. Бұған Жәкеңнің қаламынан туған бағалы дастандар мен толғауларды, өлеңдерді қосыңыз. Бұл дегеніңіз әдебиет пен өнер зерттеушілерінің, тарихшы ғалымдарға аса жәдігер мұра болып табылады» деген Ақселеу СЕЙДІМБЕК сөзі Жайық БЕКТҰРО ВТЫҢ бар болмысын ашатын сыңайлы.

КСРО Жазушылар одағының, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Бүкілодақтық географиялық қоғамының мүшесі, Жайық Бектұров 1912 жылы 15 қазанда Ақмола облысының Ақкөл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген.

Сталиндік лагерьлердің азабын тартқан қаламгер 1942 жылы мамыр айында қамауға алынып, НКВД-нің айрықша кеңесінің шешімімен РФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-ші бабымен сырттай он жылға кесіліп, Солтүстік Оралға “Ивдельлаг” лагеріне жер аударылады. 1945 жылы ақпан айында НКВД-нің айрықша кеңесінің шешімімен 10 жылды 5 жылға қысқартқаннан кейін, 1947 жылы 22 мамырда аман-есен бостандыққа шығады

Ж.Бектұров – облысымыз бен республикамыздың әдеби және мәдени өміріне зор үлес қосқан тұлға. Жазушының «Жол жоралғысы», «Өткел», «Ақиқаты осы еді» сияқты елеулі шығармалары жарық көрді. 1977 жылы жарық көрген «Жол жоралғысы» жинағына қаламгердің Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Григорий Потанин, қобызшы-жыршы Нұрғожа Атабеков жайлы тарихи көркем очерктері енгізілген. Жазушы басқа ұлттар әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырмандарына танытуда көп жұмыс тындырды. Жайық Кәгенұлының өрнекті тілімен қазақшаланған Г.Серебрякова, Ш.Петефи, Д.Дефо, Я.Гашек, Л.Пантелеевтің шығармаларын оқырмандар жылы қабылдаған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Нұрмұхан Оразбеков Жайық Кәгенұлының сталиндік зұлматты әшкерелейтін 40 жылдан аса баспада жарияланбай жатқан «Таңба» атты романын егемендік алған соң, 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан шығарды. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырқыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы жайында, сол нәубеттің құрбаны болған тұғырлы тұлғалар, талай тағдырлар жайында баян ететін туынды. Азап лагеріндегі өмірді қазақ әдебиетінде бейнелеген тұңғыш еңбек.

Жайық Кәгенұлы шығармашылық шабытқа мініп, Алаш қайраткерлері туралы талай естеліктер жазып тастады. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Жұмабаевтар бейнесіне шаң түсірмеді. Естелігімен, ізденісімен келешек ұрпаққа ұлы бейнелерін анық қалдыру жолындағы үлкен еңбектерінің өзі бір төбе. Абай, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Б.Тәжібаев, Т.Жароков, С.Ерубаев, Б.Сәрсенбаев сынды жазушылар еңбегіне мақалалар жазған. Қолжазбаларында осы жазушылар туралы естеліктері жиі кездеседі. Оның бұл жазғандары мерзімді басылымдарда жарияланды және 2002 жылы «Енеден ерте айырылған төл секілді» жинағына енгізілді.

2001 жылы 14 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1205 Қаулысы бойынша Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасына Жайық Бектұровтың есімі берілді. 2001 жылы 12 желтоқсанда кітапханада «Сирек кітаптар, қолжазбалар және музей жәдігерлері» бөлімі ашылып, онда Ж.Бектұровтың мемориалдық кабинет-музейі мен оқу залы орналастырылды. Мемориалдық кабинет-музейдің бірінші залында жазушының көзі тірісінде пайдаланған заттары мен киімдері, жазушының тарихи тұлғалар, маңызды оқиғалар туралы және тағы басқа ізденіп, зерттеп жазған 689 бағалы да құнды қолжазба, 1167 суреті, талай сыр сақтаған 98 хат, тағы басқа түрлі-түрлі ескерткіштері сақталған.

Екінші залда өз қолымен жинаған кітаптарының саны – 4500. Бұл кітаптардың бәрін тек жинап қана қоймай, оқып, өзінің ой-пікірлерін, ескертулерін жазып отырған. Әр кітап қашан, қай жерден сатып алынғаны жазылып, қолы қойылған.

Шәкірттерінің бірі, ардақты ақын Кәкімбек Салықов 1970 жылы Ж.Бектұровқа сыйлаған «Сыр» поэмалар мен өлеңдер жинағында «Қадірлі Жайық-ағаға! Қамқор қүндеріңізді еске алып бірге қуанарсыз», халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Екі томдық таңдамалы шығармалар» кітабына «Жазықсыз жайсаңдардың жоқшысы Жайық ағама – құрметпен» деп, жазушы А.Сейдімбеков 1978 жылы «Қыр хикаялары» кітабында «Ақсақалым, ақ Жәкем! Егер адам баласының ең үлкен ұстазы Өмір дейтін болсақ, сол Өмірді ұстаз дегізетін өзіңіз сияқты көргені көп, көне көздер. Мына шағын еңбек інілік, шәкірттік тілеулестіктің белгісі» деп өз қолтаңбаларын қойыпты.

Жайық Бектұровтың кітап коллекциясы өте құнды және сирек кездесетін кітаптармен ерекшеленеді. Мысалға, 1862 жылы шыққан әдебиетші, этнограф Ипполит Завалишиннің «Описание западной Сибири» еңбегі, 1887 жылы шыққан әдебиет зерттеушісі П.Висковатовтың «Сочинения Лермонтова» кітабы, 1913 жылы баспадан шыққан ғалым-саяхатшы, географ П.Семёнов-Тян-Шанскийдің «Россия. Полное географическое описание нашего отечества… Том 19. Туркестанский край (1899-1913) кітаптарымен қоса көлемі шағын кітаптар да баршылық.

Сондай-ақ, 1955, 1960, 1967 жылдары қазақ жазушылары М.Әуезов, І.Жансүгіров, І.Есенберлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тәжібаевтың көзі тірісінде аз тиражбен шыққан шығармаларын кездестіресіз. Жазушының жеке кітапханасында латын әліпбиімен басылып шыққан ақын Ө.Тұрманжановтың өлеңдер жинағы, 1940 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясы бар. Сирек кездесетін және аса бағалы кітаптар, қолжазбалар, мақалалар, фотосуреттер іріктеліп, қалпына келтіріліп, цифрлық форматқа аударылды.

Ж.Бектұров қоғам және мемлекет қайраткерлері, жазушылар мен ақындардың талайын көрген, бір қатарымен дос болған. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен кездескен, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты ардагер ағалармен бірге жүрген, тәлім алған.

Кітапхана өскелең ұрпаққа жазушы Жайық Бектұровтың шығармашылық бай мұрасын таныту мен дәріптеу мақсатында, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Таңбалы тарлан» («Адамзат рухани күш-қуатының құдіреті: XX ғасырдағы зобалаң жылдар менің отбасым тарихында». «Гимн силе человеческого духа. Трагедии 20 века в истории моей семьи») республикалық конкурстарын, «Көкірегі көмбе тау тұлға» атты І, ІІ Жайық Бектұров оқуларын, Ж.Бектұровтың өмірі мен шығармашылығына арналған кездесу кештерін, еске алу кештерін, дөңгелек үстелдер, тағы басқа ауқымды шаралар ұйымдастырып өткізеді.

Туған өлкесі Ақкөлде жазушының есімі дәріптеледі. Ақмола облысы, Ақкөл ауданының Құрметті азаматы, педагог, «Жаны жайсаң Жайық аға» жинағының авторы Еркін Дәуешұлының еңбегін атап өткен жөн.

Ел тарихы – әр адамның тағдыры, ұлттық рухтың бет-пердесі. Ж.Бектұров шығармашылығынан осындай үн естіледі. Ендеше, әрқайсымыз сол үнді өшірмеуге тиіспіз.

Н.ҚАЛЕНОВА,

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button