Кетбұқа келбеті – жаңа жинақта
Жезқазған қаласында құрылған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі талғампаз оқырман қолына кемеңгер бабаның бойындағы алуан сипатты ғажайып қасиеттерді әдеби-көркем һәм ғылыми негізделген тұрғыда дәріптейтін «Ұлылыққа тағзым – ұрпаққа тағылым» атты жаңа жинақты тигізді.
«Бірлестік тынысы», «Басылым беттерінен» және «Ұрпақ құрметі» атты үш тараудан тұратын кітаптың мазмұны қатпарлы, айтары аса мол. Авторлар қатарындағы атынан «ат үркетін» ғалымдар, ақын-жазушылар мен өнер майталмандары – Тұрсын Жұртбай, Жамбыл Артықбаев, Дәнел Марғұлан, Жүрсін Ерман, Жанғали Жүзбай және тағы да басқаларының қаламынан туған сүбелі дүниелер, қағазға түсірілген ауызекі әфсаналары Ұлттың тұлғалы ұлының қайраткерлік, батырлық, қолбасылық, күйшілік қырларын жан-жақты сипаттап, қайталанбас ғұмырлық ұстанымының келбетін келісті әрі шынайы түрде аша түседі. Жинақта сонымен қатар, өзі өмір сүрген дәуірінің дарабозы хақындағы ешқашан тат баспайтын тарихи деректерді ел санасына сіңіруге қатысты мүдделі тараптың атқарған игі істері жайлы дәйекті мәліметтер де орынды берілген.
«Алла қаласа, таяу күндерде ұлы бабамыздың рухы ортамызға тұғырлы ескерткіш болып оралмақ. Бұл – жаһан тарихында өзінің қасиетті есімін тұлпарының тұяғымен жазып қалдырған баһадүр тұлғаның баянды өмірін ұлағат тұтудың, кемел болмысқа тәу етудің бастауы ғана…» деп толғаған екен кітаптың алғысөзінде «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қайраткер азамат Төлеген қажы Бүкіров. Лайым, солай болғай!..
«Қазақмыс» корпорациясы» жанындағы академик Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейінің директоры, зерделі өлкетанушы Кенжал Балкенов құрастырған тарихи тәлімі терең жаңа жинақ Елордадағы «Кәусар» баспасында басылған.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.