Руханият

Кестелі сөз дестелі ойға жетелеп…

Әз Наурыз Арқаға сән-сал­тана­тымен келді. Жылдағы дәс­түр­мен айтыс ақын­дары жұртшылыққа жыр­мен шашу шаш­ты. Кеншілер мәдениет сарайына лық толған ағайын Арқада­ғы алты ақынды тыңдады. Ақындардың зілсіз әзілі, қағытпа қал­жыңымен өрілген айтыс өнерсүйер қауымға қуаныш сыйлады.

Айтысты тізгіндеген белгілі ғалым Жансая Жарылғап бұл жолғы жыр сайысының ерекшелігі Арқаның алты ақыны жұп-жұппен сөз жарыстыратынын айтты. Алдыңғы жылдары тек жас ақындар арасында рес­публикалық, халықаралық деңгейде өтіп келген жыр додасына ұйымдастырушылар биыл өзгешелік енгізуді ұтымды көріпті. Бір-бірімен етене таныс елдегі ақындардың сөз сайысына жиналған қауым бір қанық болсын депті.

– Бұл жыр додасының басты мақсаты – күйші-сазгер Тәттімбет, ақын-сазгер Мәди, халық ақындары Доскей Әлімбайұлы мен Шашубай Қошқарбайұлының бай мұрасын насихаттау. Бұл айтыс – елдік пен бірліктің символы, тарихи тұлғалардың өнегелі жолын дәріптейтін рухани алаң. Алаштың қайсар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің ұлт мүддесін қорғаудағы қызметін, сондай-ақ, академик Евней Бөкетовтің ғылым мен мәдениетке қосқан елеулі үлесін жырмен жаңғыртуы керек-ақ. Олай болса, бүгінгідей айтысты ұйымдастырып берген облыс­тық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығына орасан алғыс білдіреміз, – дей келе, ақындарға орамды ой, олжалы сөз тіледі.

Сонымен, Арқа айтыс ақындарының көшін бастап жүрген Тілеген Әділ мен Айтбай Жұмағұлдың арасындағы айтыс шынайы достықтың жалауын желбіреткендей. Тілеген Айтбай ақынның бір кездері фермер болғысы келгенін, асхана ашып, кәсіп бастағанын, бірақ бұл шаруасының аяқсыз қалғанын қағытты. Айтбай ақын да есесін жібермей, «ел басқарар кезіңде той басқарып жүрсің», деп әзілмен жауап қатты. Ақын Тілеген бұл уәжге «Ұлттық Құрылтайда да той басқару мәдениеті жөнінде мәселе көтерілгенін, аталы сөз айтып, қызыл тілмен халыққа қызмет етіп жүрген мен тойдан кетсем, шоумен басқарып, шу қылады», – деді. Ақын Тілеген әлеуметтік мәселені жырына арқау етті. Ал, Айтбай ақын Евней Бөкетовтің ағартушылық еңбегін, Жұмабек Тәшеневтің жер үшін тағын да, барын да бергенін ашып жырлады.

Келесі жұп Нұрмұхаммед Байсүгір пен Нұрсұлтан Рымбайдың шаппа-шап айтысы аламан қыздырды. Қос құрдастың қағытпа қалжыңы әдемі өрбіді. Нұрмұхаммед Шет ауданының «жалп» етіп сөнетін жарығын жырына қосты.

Соңғы жұптың да жыр додасы соны шықты. «Алтын домбыраны» Арқаға әкелген Мақсат Аханов пен айтыстың ақтаңгері атанған Дидар Қами арасындағы жарасымды достық, ғажап сыйластық жырмен көрініс тапты. Мақсат ақын тақырыбы көп айтыс екендігін тауып айтып, елді күлкіге қарық қылды. Мақсат Дидар досына доллар сыйлап еді, Дидар «ұстазым» деп ардақтап шапан жапты. Екеуі де ақын Сәттібай замандастарын сағынышпен жырына қосты.

Алты ақынның аламанына филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қойлыбай Асан мен филология ғылымдарының кандидаты, профессор Саржан Тахиров қазылық етті.

– Бізде Арқа айтыс ақындарының үлкен мектебі бар. Отыз­ға тарта айтыскер бар. Соның ішінен үлкен аламандарда топ жарып жүрген алты ақын халықтың көңіліне рухани өнер тарту етейік деп алдарыңызға шықты. Өздеріңіз білесіздер, былтыр айтыстың мега жобасы басталды. Қарағанды облысы Семеймен айтысып, жартылай финалға шықты. Енді, мамыр айында Павлодар өңірінің ақындарымен сынға түседі. Бұл кәдімгі сол аламанға қызу дайындық секілді, – деді Қойлыбай Асан.

Сонымен, Тәттімбет Қазан­ғап­ұлы атындағы жүлде Нұрмұхаммед Байсүгірге, Доскей Әлімбайұлы атындағы жүлде Мақсат Ахановқа, Шашубай Қошқарбайұлы атындағы марапат Тілеген Әділге, Жұмабек Тәшенев жүлдесі Нұрсұлтан Рымбайға, Евней Бөкетов атындағы жүлде Айтбай Ботпайұлына бұйырды. Мұнымен қоса әр ақынға 500 000 теңгеге сертификат табысталды.

Жыр додасында дәстүрлі ән өнері де асқақтады. Арқаның дүлдүлдері Сержан Мұсайын, Сырым Хордин мен Гүлмира Тапай әуелетіп ән шырқады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button