Керуеннің келісті қызметі
Ұлытау ауданының жастар ресурстық орталығы жас буынды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігі туралы тереңірек хабардар ету және жастар саясатына қатысты өзге де өзекті мәселелер бойынша кеңес беру мақсатында «Жастар – жастарға» ақпараттық-насихат керуені жұмысының пәрменділігін арттыруға ерекше ден қойып келеді.
Жарасымды жұмыстың ұтымды жалғасы ретінде жуырда керуен құрамындағы белсенділер жастар арасындағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жалпы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою ұстанымымен Жезді кентіндегі №6 орта мектебінде жоғары сынып оқушыларымен, сондай-ақ, аталған елді мекендегі мәдени-сауық орталығында өз тұстастарымен жүздесті.
Кездесулер барысында аудандық ішкі істер бөлімінің түрлі салалық бағыттар жөніндегі инспекторлары, аудандық жұмыспен қамту орталығы және жастар ресурстық орталығының мамандары күн тәртібіндегі мәселелерге орайлас тартымды әңгіме қозғады. Олар жастар тарапынан туындаған жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануға, тұрғын үйге қол жеткізуге, сапалы білім алуға қатысты сауалдарына тұщымды жауаптар берді.
Келелі жайттар қозғалған кездесулер соңында жастарға мемлекеттік сипаттағы бағдарламалар мен «Нұр Отан» партиясының жастарға арналған жобалары жайлы ақпарат беретін парақшалар таратылды. Сонымен қатар, еріктілер тобымен бірлесіп «Өзге ағымнан сақ бол!» тақырыбындағы акция ұйымдастырылды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ҰЛЫТАУ ауданы.