Кеншінің есесі кетпесін
«Кінәлілер жазасын алмады. Компания тарапынан берілетін қаржылай көмекті толық алмадық». Ленин атындағы және «Қазақстан» шахтасындағы апаттың салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары осылай деп шырылдап жүр. Жақынынан айырылған, инвесторда есесі кеткен қаралы жұрттың базынасын «QARAQAR» қоғамдық қорының өкілдері тыңдады. Арнайы жиын ұйымдастырылып, қордың атқарған жұмыстары айтылды.

– Үкіметтік комиссияның берген ресми дерегінше, кейінгі апаттардың барлығы техникалық қауіпсіздікті сақтамағаннан орын алған. Яғни, компания модернизациялауға қажетті қаражатты үнемдеген. Кәсіби мамандар жеткіліксіз. Кадрлық мәселеде өрескел қателіктер жіберген. Біздің қорда компания басшылығы тарапынан кеткен қателіктерді дәлелдейтін құжаттардың кейсі бар, – деді «QARAQAR» құрылтайшысы Серік Ақылбай.
Сонымен қатар, қор 9 шетелдік үкіметтік емес ұйымға жүгінген. Солармен бірігіп келісім хат жазып, Лондондағы «АрселорМитталдың» штаб-пәтеріне жолдаған. Ал, Люксембург баспасөзінде алпауыт компанияны айыптау мақалалары жарияланған.
– Біз осы әрекетіміз арқылы қоғамдық резонанс тудыра алдық. Мұндай материалдар компанияның жұмысына кері әсерін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар, біздің қор Англиядағы компаниямен келіссөзге келді. Әлгі компанияда 600 заңгер бар. Кейінгі бір жарым айда олар біз жинақтаған құжаттарды зерттеді. Олар да қарап қалып жатқан жоқ. Біз халықаралық кәсіпкерлік порталына да мақалалар жолдадық. Мақалада «АрселорМитталдың» Қазақстаннан қалай кеткенін ашық жаздық. Өркениетті елдер жауапсыз инвестордың салдарынан еліміз қандай трагедияларға ұшырағанын жақсы біліп отыр, – деді Серік Ақылбай.
Сонымен қатар, «QARAQAR» қаза тапқан кеншілердің туыстарының моральдық зиянды өтеу кезінде құқықтары мен мүдделерінің бұзылғанын анықтады.
Қор төрағасы Алмат Қалымбетов «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қорғау» деп аталатын кеншілер кәсіподағының арасындағы келісімді зерттеп жатқандарын айтты.
– Әлеуметтік кепілдіктер түрінде көзделген көмір өнеркәсібінің салалық келісімі бойынша төлеуге тиісті біржолғы жәрдемақыларды «АрселорМиттал Теміртау» моральдық зиянды өтеу ретінде төлеген. Бірақ, кәсіподақта да, компанияда да моральдық зиян үшін төленетін қаржының мөлшерін белгілейтін құқық жоқ. Бұны марқұмдардың туыстары белгілейді, – деді қор төрағасы Алмат Қалымбетов.
Компания басшылығы марқұмдардың отбасыларына берілетін 10 жылдық жалақыдан салық ұстап қалған. Қоғамдық қордың заңгерлері бұны заңсыз деп отыр. Ленин атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасына берілген қаржының 23 миллион теңгесі салық ретінде алынған. Енді «QARAQAR» қорының заңгерлері сол ақшаны қайтаруға ниетті.
Төрағаның сөзінше, «АрселорМиттал Теміртау» қаза тапқан кеншілердің туыстарын типтік келісімге қол қойдырған. Ал, типтік келісімде «компания бізге қажетті қаражатты төледі» деген мәтін болған. Содан кейін сот компанияға ешқандай айып таға алмаған. Ал, марқұмдардың жақындары ештеңе талап ете алмаған.
– Осы мәселе бойынша еңбек инспекциясының басқармасына жүгінген едік. Өкінішке қарай, ешқандай жауап жоқ. Бірақ, сауалымызға жауап алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бүгінде компанияның иесі де, атауы да ауысты. Не болса да, соңына дейін баруға әзірміз. Қаншама кеншінің өмірін қиған апаттарға кінәлілерді жазалау – басты мақсатымыз. Үкіметтік комиссия жұмыс берушінің 100% кінәлі екенін айтты, – деді қор төрағасы.
Ерік НАРЫН,
Cуретті түсірген А.МАРЧЕНКО
Ortalyq.kz