Бас тақырыпРесми

Кенді өлкенің келешегі – кемел

Облыста жұмыс сапарымен болған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде белсенді жастармен кездесіп, пікір алмасты. Әңгіме арқауы «Арманда. Ұмтыл. Дамы» тақырыбында өтті. Жастар өздерінің алғашқы табыстары туралы айтса, Вице-Премьер өз кезегінде оларға арманға бастар жолдағы мүмкіндіктерін жіберіп алмауды тапсырды. Сондай-ақ, сапар барысында «Достық үйінде» аймақ жұртшылығымен кездесіп, халықты толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Жиын барысында халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қорғау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды. Вице-Премьердің сапары келесі күні Жезқазған-Ұлытау өңірінде жалғасты. Бердібек Машбекұлы Жезқазған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, әлеуметтік нысандардың құрылысына көңіл бөлді. Сондай-ақ, Ұлытау ауданының активімен кездесіп, мұндағы тарихи орындардың инфрақұрылымына ерекше назар аударды.

«ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП, ЖАС ЖҮРЕКТЕ ЖАНҒАН ШАҚ…»

Жастармен кездесуде сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов жастар саясаты саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды. Мәселен, Жастар жылына орай республикада 89 ірі шара жүзеге асырылуда. Жастардың тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалған емес. Жұмыс істейтін жастар баспаналы бола бастады. Бұл үрдіс жалғасын тауып, алдағы үш жылда 9 мың пәтер пайдаланылуға берілмек. Қарағандыда биылдың өзінде 48 жас пәтер кілтіне ие болған.

«Жастар – ел тірегі» жобасы аясында үш жылдың көлемінде 1 миллион жас жұмыспен қамтылмақ. Жобаның «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» бөлігі тағы бар. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында өткен жылы облысымызда 550 грант бөлініп, жастар стартап-идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алған. Мәселен, кездесуге келген грант иегері, «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы Александр Концевич кәсіпкерлік курсында оқып, сауықтыру орталығын ашқан.

Марат Алмасұлының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен келесі жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланды.

 – Бұл жастарға өздерін көрсетуге, қоғамға пайдалы істер атқаруға мүмкіндік бермек, – деген вице-министр қарағандылық жастардың көпшілігі еріктілер қатарынан табылатынына сенім білдірді.

 Елбасы тапсырған жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешуде шетте қалмай, керісінше, оның бір бөлшегіне айналғанын мақтан тұтатын жас фермер Біржан Иманов өзінің бизнестегі алғашқы қадамымен бөлісті. Отыздан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер алғашында жүрексінгенін де жасырған жоқ. «Мемлекет не береді деп емес, мемлекетке мен не беремін?» деген ұстаныммен жұмыс істейтін Біржан жастарға кәсіп ашуға мүмкіндік берген Елбасына ризашылығын білдірді.

Елбасы жұмыс істеген Теміртау қаласында, домна пешінде 6-санатты көрікші болып жұмыс істейтін Мұстафа Абдолла металлург болуға Елбасының елімізде атқарып жатқан саясатының ықпалы болды дейді. Тегін оқуға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған жас маман Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс істеген домна пешінде 1500 градус ыстықта жұмыс жасайтынын мақтанышпен айтып жүретінін айтады. Оның үстіне жас отбасы болғандықтан, пайызсыз несие алып, үйлі де болған. Мұстафа кездесуді пайдалана отырып, Бердібек Машбекұлын домна пешін көруге шақырды.

Ал, «Тамшы.kz» қоғамдық қорының құрылтайшысы, 20 жасар Жансая Каменованың жұмысына риза болған Бердібек Машбекұлы ізгі тілектерін арнады. Биыл ғана ашылған қорда қазірдің өзінде жастардан құралған сексеннен астам еріктілер жұмыс жасайды. Қор спорттық турнирлер, қайырымдылық концерттері мен шеберлік сағаттарын өткізуден түскен қаражатпен әлеуметтік тұрмысы төмен елу отбасы мен он бес науқас жанға көмек көрсетіп отыр. (

– Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды Еріктілер жылы деп айқындап берді. Бұл біз үшін үлкен жетістік әрі абырой. Зәулім ғимарттар тұрғызбасақ та, мұқтаж жандарға, оның ішінде, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің қажетіне жарап, шаруаларын атқарып жүргенімізді мақтан етеміз,– дейді Қарқаралы ауданының сегіз ауылында өздерінің өкілеттіктерін құрып, жүйелі түрде жұмыс атқарып жүрген еріктілер тобының жетекшісі Дәурен есімді жас азамат. Облыстағы белсенді жастармен тығыз қарым-қатынастағы еріктілер ұйымының құрамында төрт жүзден астам жас бар.

Ал, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ студенті Ольга Калмыкова мемлекеттік тілде сөз сөйледі. Болашақ журналист жастарды қазақ тілін үйренуге және сүюге, өз елінің тарихын білуге, салт-дәстүрді құрметтеуге шақырып, Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін оқыды.

– Өзінің ұлтына, мемлекетіне кішкене болса да үлес қосамын десең, ең бірінші – білім алу керек, екінші – жан жақты даму керек, үшіншіден – тәрбиелі, мәдениетті болу керек. Әрі ұлттық құндылықтарды да ұмытпау жағы бар. Шынында да, аумалы-төкпелі заманда Абайдың жазып кеткен құндылықтарынан артық ештеңе жоқ. Ал, біздің мақсатымыз – сіздерге жағдай жасау, жастық мүмкіндіктеріңізді пайдаланып, Қазақстанды дамыған елдер қатарына кіргізу. Елбасының биылғы жылды Жастар жылы деп атағаны өте орынды. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы жастарымыздың басқа елдің азаматтары арасында білімі және тәрбиесі жөнінен асып тұрса, екіншіден, еліміздің дамуына үлесін қоссын деп жасалған шаралар. Әрине нәтиже бар, бірақ әлі де атқарар жұмыстар жетерлік. Еріктілер жылында осылардың барлығы жалғасын табуы керек, – деген Бердібек Сапарбаев қарағандылық жастардың қарымы мен қабілетіне ризашылығын білдірді.

КЕЛІСІМ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ БАСТАУЫ

«Достық үйінде» өткен кездесуге Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қатысты.

 Жиын барысында халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қорғау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды.

Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Үкіметке берілген тапсырманың орындалу барысын баяндап, халықты әлеуметтік қорғауға бөлінген қаражат көлемінің де жылдан жылға артып келе жатқанын айтты.

 Қазіргі таңда 2 миллионнан астам қазақстандық атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілген. Егер қаржыға шақсақ – 142 миллиард теңге. Әрине, атаулы әлеуметтік көмекке қатысты бірқатар мәселе бар. Яғни, біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата алмай жүрміз. Мемлекет ең алдымен мұқтаж адамдарға көмек қолын созып, олардың қатарға қосылуларына жол ашуы керек, – деді Бердібек Машбекұлы.

Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, алдағы уақытта да әлеуметтік сала басты назарда болады. Халықтың әлауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Кездесу барысында мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың маңыздылығы да атап өтілді. Яғни, ел азаматтарының қандай да бір сауалдары, арыз-шағымдары мен өтініштері жауапсыз қалмауы керек. Ол үшін қоғамдық кеңестердің қызметі күшейтіліп, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті пайдаланылмақ. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше бақылауға алған. Өйткені, келісім – тұрақтылық бастауы. Мемлекет қоғамдық келісім болған кезде ғана гүлденіп, дамудың даңғыл жолына түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бала құқығын қорғау және дарынды балаларға қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бердібек Машбекұлының айтуынша, Үкімет «Дарынды балаларды қолдау» картасын және балалар мүддесін қорғауға бағытталған 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының тұжырымдамасын әзірлейді. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дарынды жеткіншектердің талантын ашуға септігін тигізбек.

– Елімізде 28 мыңға жуық дарынды бала бар. Олар халықаралық олимпиадаларда, конкурстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Сондықтан да, аудандарда және облыстарда дарынды балаларға қолдау көрсететін орталықтар санын көбейту керек. Қазіргі таңда Үкімет Тұңғыш Президент қорымен бірлесе отырып «Ел үміті» атты жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Жобаның мақсаты ел арасындағы ең талантты деген мың баланы анықтап, олардың лайықты білім алуына оң жағдай жасау, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

 Үкімет мүшелерімен кездесуге ардагерлер, ұстаздар, еңбек адамдары және жастар жиналған екен. Олар Вице-премьерге – көптен көңілде жүрген сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды. Сондай-ақ, Үкіметтің атқарып жатқан жұмысына баға беріп, ұсыныс білдірді. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев қоғам тарапынан түскен барлық сын-ескертпелер мен өтініштердің назардан тыс қалмайтынын айтты.

СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

Сенбі күні Бердібек Сапарбаев Жезқазған-Ұлытау өңіріне барды. Жезқазған қаласында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Вице-Премьерге шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы туралы баяндады.

Бердібек Машбекұлы 900 орындық жаңа мектептің құрылысын аралап көрді. Осы жерде қала тұрғындары Вице-Премьер назарына суық су және жылуға қатысты қалыптасып отырған мәселені ұсынды. Осы орайда Бердібек Сапарбаев пен Жеңіс Қасымбек бұл мәселелерді шешу жұмыстары қолға алынғанын атап өтті.

Қазақмыс» корпорациясының балансында тұрған су құбыры әбден тозған. Құбырлар 50 жылға жуық уақыт бойы ауыстырылмаған. Қазір компания есебінен сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу жолдары қарастырылуда.

– Өздеріңіз білетіндей, сіздердің мәселелеріңіз әрқашан Елбасы мен Мемлекет басшысының назарында. Жезқазған өсіп келеді. Үлкен мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Жаңа үйлер салынуда, спорт кешені, су тарату желілерінің, мектептің құрылысы жүргізілуде. Жолдарды жөндеуге қаражат бөлінді. Барлық мәселелер біздің бақылауымызда, – деді Вице-Премьер.

Ол, сондай-ақ жезқазғандықтардың қа­лада дарынды балаларға арналған Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу туралы ұсынысын қолдады. Бұл мәселе Үкіметтің қарауына берілетін болады.

Бердібек Сапарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы еске салды. Ол көптеген жылдар бойы аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келе жатқан «Қазақмыс» компаниясын атап өтті. Компания өзінің көпбалалы қызметкерлеріне, сондай-ақ аз қамтылған қызметкерлер мен жас мамандарға пәтер сатып алады. Биыл 120 отбасы қоныс тойын тойлайды. Дәл осы жерде Жезқазған қаласында, 2008 жылы Тұңғыш Президент бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесін бірінші рет көтергені туралы сөз қозғалды. Көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға барынша қолдау көрсетуде. Осылайша, компания әлеуметтік жауапкершілік принципіне жанжақты мүдделік танытуда.

Облыс әкімі келер жылы қала бюджеті тағы 5 млрд. теңгеге артатынын айтты. Бұл қаражат әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмсалатын болады. Жезқазғанда көпқабатты тұрғын үйлер салу көлемін арттыру жоспарланған. Келесі жылы Жезқазған-Қызылорда тасжолына жөндеу жұмыстары басталады. 2021 жылға Жезқазған-Қарағанды жолын қайта жаңарту жоспарда тұр.

ТҮЙТКІЛДЕР ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛАДЫ

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың сапары Ұлытау ауданында жалғасып, Ұлытау ауданының активімен кездесті. Кездесуде ел Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауы жан-жақты талқыланды.

– Қарағанды облысына келген сапарымыздың мақсаты – аймақтағы ахуалмен танысу, тұрғындармен кездесу, Үкіметтің Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын қалай жүзеге асырып жатқаны туралы халықты хабардар ету, алдағы жұмыс туралы әңгімелеу, – деді Вице-Премьер.

Вице-Премьер Президенттің Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын бастамалар көрініс тапқаны туралы айтты. Оның айтуынша, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру ел басшылығы саясатының басым бағыты болып табылады.

– Жыл сайын әлеуметтік салаға көп көңіл бөлінеді. Биылғы жылы бюджеттің 45%-ы шығындарға бөлінді. Сіздер білесіздер, АӘК сәуірден бастап жаңа форматта көрсетіледі. Қазіргі уақытта бұл көмек түрін елде 2 млн. адам алады. Бірақ, бұл ретте аталмыш көмек масылдықты тудырмауы және ол шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілуі тиіс екенін түсіну қажет. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша азаматтардың қарыз жүктемесін төмендету бойынша жұмыс жүргізілді. Қазақстандықтардың несиелерінің бір бөлігін өтеу үшін бюджеттен қаражат бөлінді. Мемлекеттің қолдауы тек, мұқтаждарға ғана берілуі тиіс. Үкімет қазір әлеуметтік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс істеуде, – деп атап өтті Вице-Премьер.

Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тыңдаушы мемлекетті» қалыптастыру міндетін қойғанын атап өтті. Осыған байланысты қоғамдық кеңестердің, мәслихаттардың, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес сектордың ролі күшейтілетін болады.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқықтық тәртіп, өңірлерді дамыту салаларында шешілетін міндеттерге тоқталды.

Кездесуде аудан ардагерлері, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындары туризмді дамыту, моноқалаларға жас мамандарды тартуға қатысты сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, көмір бағасы, газдандыру, ауылдарды абаттандыру туралы сөз қозғалды.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек келесі жылы Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне және өңірдің басқа да тарихи орындарына баратын жол, сондай-ақ Сәтбаев қаласымен Ұлытау ауданын байланыстыратын жол жөнделетінін атап өтті. Бұдан басқа, келесі жылы Ұлытау-Арқалық жолын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.

ҰЛЫТАУ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУЫ ТИІС

Кездесуден кейін Бердібек Сапарбаев Алаша хан, Жошы хан кесенелерін, сондай-ақ, Алтыншоқыда орналасқан Темірлан тас тақтасына барды. Вице-Премьер Президенттің Ұлытау ауданын дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс жоспарымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жезкиік – 2019» халықаралық туристік форумында айтты.

– Туризмді дамыту үшін Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуде. Ол Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеуге арналған көптеген туристік іс-шаралар өткізуді көздейді. Қазіргі уақытта басты міндет – арнайы туристік тұжырымдаманы әзірлеу болып табылады. Ұлытауға келетін туристер легін ұлғайту үшін барлық жағдайды жасау керек. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Туристерді тарту мақсатында басқа да мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Атап айтқанда, жаңа жылға дейін біз Ұлытау ауданында және жалпы Қарағанды облысы бойынша туристік кешендерді дамыту бойынша арнайы жобаны қабылдайтын боламыз, – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, аудан орталығындағы туристік сапар-орталық құрылысының барысымен танысты. Жоспар бойынша мұнда туристерге арналған он бес орындық қонақ үй үлгісіндегі жатақхана, мұражай, екі конференц-зал, асхана болады.

Премьер-Министрдің орынбасарының назарына, сондай-ақ, өңірдің тарихи-мәдени орындары бойынша туристік бағыттар, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарының жай-күйі, бұрын өткізілген туристік іс-шаралардың мән-мазмұны ұсынылды.

Бердібек Сапарбаев Ұлытау ауданының өлкетану мұражайының құрылысымен танысты. Жоба бойынша ғимарат екі қабаттан тұрады. Оның алаңы – 830 шаршы метр. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуда, қазандық орнату, ішкі және сыртқы өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Вице-Премьер Мәдениет және спорт министрлігіне, облыс және аудан әкімдігіне сапар орталығы мен мұражайдың жұмысын тиімді пайдалану және ұйымдастыру, жергілікті тұрғындарды құрылыс-монтаж жұмыстарына тарту жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырды. Бердібек Сапарбаев аудандық емханаға да барды. Келесі жылы емхана жанынан аудандық орталық аурухананың құрылысы басталады. Бүгінгі күні құрылыс үшін жер телімі бөлініп, қаражат қарастырылған. Ауданы 2 мың шаршы метр болады. Үш қабатты ғимарат құрылысы келесі жылы басталып, 2021 жылы аяқталуы тиіс.

 

Салтанат ІЛИЯШ,

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button