Кен барлаушылар ұлықталды

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Геологтардың кәсіби мерекесі қарсаңында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған форум өтті. Шараны облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Орталыққазжерқойнауы» өңіраралық департаменті және ҚарМТУ бірлесіп ұйымдастырған.

Елімізде геологтардың кәсіби мерекесі жыл сайын сәуір айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Мерекелік кеш геолог мамандығының қызығы мен шыжығын айшықтаған бейнекөрініспен басталды.

Салтанатты жиынға келген қауымды өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Арман Нұрмағанбетов, «Орталыққазжерқойнауы» ӨД басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Мауқұлов және ҚарМТУ проректоры Сергей Ожигин құттықтады. Кеш қонақтары 2030 жылға дейінгі геология саласын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына тоқталып, геологиялық ұйымдар үшін білікті кадрларды даярлауда елеулі үлес қосып жүрген ҚарМТУ ұстаздарының ұзақ жылдық еңбегін де назардан тыс қалдырмады.

Студенттер жанды дауыста ән шырқап, кешке көтеріңкі өң сыйлады.

Геологтардың еңбектері еленіп, ұлықталды. Форумның салтанатты бөлімінде Қазақстан Республикасының минералдық-шикізат базасын дамытуға қосқан үлесі үшін геология саласының қызметкерлері мен ардагерлері «Барлау үздігі», «Құрметті барлаушы» төсбелгілерімен, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, аталған министрліктің геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, «Орталыққазжерқойнауы» ӨД-нің және ҚарМТУ ректорының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Геологтар күні концерттік бағдарламамен ғана шектелетін. Былтырдан бері форум түрінде өтеді. Бұл – бізді ынталандырады. Мен де бүгін алғыс хат алып, қуанып тұрмын. Бұл форум көптеген мамандармен тәжірибе алмасуға таптырас мүмкіндік, – деді Нұрқазған кенішінің жетекші инженері, геология кафедрасының 2 курс докторанты Нұргүл Маханова.

Геология саласының қызметкерлері, докторанттар, магистранттар мен студенттер жұртшылық назарына өз баяндамаларын ұсынып, мамандықтарын сүйетіндігін көрсетті. Сондай-ақ, бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған дарабоз ғалым Қаныш Имантайұлының да ерен еңбегі тілге тиек етілді.

Жәлел ШАЛҚАР.