Жаңалықтар

«Әкеміз қазақ дәстүріне бас иіп өтті»

Елбасы Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күні – ізгілікке толы мереке. Тағдыр айдап, қазақ жеріне қоныс аударып, бүгінде сол қазақ жеріне сіңіп кеткендердің де қатары сиреген. Ал, ұрпақтары ата сөзін жадында сақтап, қазақ халқына шынайы алғыс-тілектерін жеткізуден жаңылған емес.

Қарқаралы ауданында статистикалық мәлімет бойынша 35 410 адам тұрса, оның 34 035-і қазақтар. Қалғандары – орыс, украин, неміс, татар, белорусь, корей, шешен, башқұрт, поляк, әзірбайжан, молдаван, өзбек, чуваш, литва ұлтының өкілдері. Осыншама этносты жақынындай қабылдап, мейірбандылық танытқан қарқаралық қазақтардың дархандығын аңыз етіп айтудан шаршамайды өзге ұлттың өкілдері. Бұл да туған жерінен жырақтап, өзге елден пана іздеген халықтың таным-түйсігі болар. Қазақстанда туған Наталья Клименко әке-шешесін құшақ жая қарсы алған жерлестеріне дән риза.

Әкесі Николай Клименко 1973 жылы Қырғызстаннан Қарқаралы ауданының Комсомол ауылына қоныстанады. Анасы Лариса Ивановна Қостанайдың тумасы. Ауылды дамыту, ауыл шаруашылық саласын көтеру мақсатында одақтас елдер арасында тәжірибе алмасу, маман тапшылығын шешу мақсатымен техниканың тілін түсінетін, темірден түйін түйетін жас маман қазақ жеріне келіп, ауылда тұрақтап қалады.

– Әкем мен анам алғаш ауылға келгенде, жатақханада тұрған. Ауыл тұрғындары оларды қонаққа шақырып, ерулік беріп, қуана қарсы алады. Әкем өмірінің соңына дейін қазақ халқының осы бір дәстүріне бас иіп өтті. Тілі бөлек, діні басқа, танымайтын ауыл тұрғындарының мейірбандығы оның жүрегінде мәңгі сақталды. Ауыл тұрғындарының арасында беделді болды. Әр үйден әкемнің қолынан шыққан заттарды кездестіруге болады. Ауыл халқы еркелетіп «Железо» деп атады. Көзкөрген, қатарластары «Мына темір пешті Коля істеген, қолы алтын еді» деп айтып отырады. Анам да ауылдағы кез келген жұмысты иіріп алып кететін, еңбекқор адам. 80 жастан асты. Қазақша түсінеді. Сөйлейді. Ондай кезде мен «Мама, айта алмасаң, орысша сөйлей берші» деймін. Өзім таза қазақша сөйлегендіктен қазақ тілінің шұбарланғанын қаламаймын, – дейді Наталья Николаевна.

Николай Клименконың екі қызы да Комсомолда туған. Қазақы ортада өскен олар мемлекеттік тілде сөйлейді. Үлкені Света қазақпен құда. Қазақы әдет-ғұрыпты ұстанады. Келінін сырға салып алса, немерелерін қырқынан шығарып, тұсауын кескен. Ұлттық құндылықтарымызға бойұсынған отбасы немересінің есімін «Әмір» деп қойған.

Натальяның Деннис, Вадим, Аркадий есімді ұлдары бар. Үлкені – әскери қызметкер. Екеуі – студент.

– Айтта, шелпек пісіремін. Себебі, көрші-қолаң кіріп шығады. Жерлестеріммен жақсы араласып, біте қайнасып кеткенбіз. Қонақ, құраннан қалмаймыз. Жақында қазақтан келін алғалы жатырмын. Мен үшін ұлтқа бөлінудің еш маңызы жоқ. Ұлтым – орыс, қадірлеймін. Ал, қазаққа құрметім – ерекше. Әке-шешемнің қазақтар туралы айтқан жақсы сөздерін туғаннан бойымызға сіңіріп өстік. Мен Қазақстанда, қазақ ауылында туып-өстім. Құда-жекжат болдым. Сондықтан, мен олармен біргемін. Біз – біртұтаспыз, бейбітшілікті, ізгілікті қолдап, қазақы салт-сананы ұлықтап келеміз, – дейді. Ол қоғамдық жұмыстардан тыс қалмайды. Өткен сайлау науқанына да белсенді атсалысып, Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button