Ресми

Келісім кемелденуге бастайды

Қарағанды көпконфессиялы өңір қатарына кіреді. Олай деуге себеп бар. Өйткені, республика аумағында тіркелген 18 конфессияның 15-ін құрайтын 280 діни бірлестік пен филиал дәл осы облыста өз қызметін жүзеге асырады. Тұрғындардың діни сенім бостандығына кепілдігін, мемлекет пен діни бірлестіктер өкілдері арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыру, сонымен қатар, діни экстремизмнің алдын алуды қамтамасыз ететін облыстың дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай деректермен бөлісті.

– Жаһандану үдерісі аясында дүниежүзінде үздіксіз жүріп жатқан халықаралық үрдістер кез келген елдің назарын талап етеді. Солардың ішінде, дін адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсеткен элемент ретінде басымдылыққа ие екені жасырын емес. Дін біздің сан қырлы мәдени және әлеуметтік қоғамның ажырамас бөлігі ретінде азаматтардың құндылықтары мен адамгершілік көзқарастарын қалыптастыруда ма­ңызды рөл атқарады, – дейді Жанболат Ахуанұлы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңірде 15 конфессияның 280 діни бірлестігі мен филиалы өз қызметін жүзеге асырады. Оның ішінде, 126 ислам, 24 православ, 16 католицизм, 2 иудаизм, 1 кришнаизм, 1 бахаи қоғамы, одан бөлек, 8 деноменация да бар.

– Діни бірлестіктердің өкілдері облыстың мәдени-әлеуметтік өміріне белсене қатысады. Дін істері басқармасының бастамасымен конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында облыстың діни бірлестіктер клубы құрылып, оған қатысушылар тұрақты түрде түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырады. Өзекті мәселелерді талқылап, өз конфессияларының бірегей дәстүрлері мен құнды­лықтарымен бөлісуде, – дейді Жанболат Сектай.

Мәселен, биыл діни бірлестіктер клубында жыл басынан тоғыз отырыс өтіп, облыстағы тарихи және діни зиярат ететін орындарға төрт сапар ұйымдастырылған. Клуб мүшелері қайырымдылық шараларынан да тыс қалған емес.

Басқарма басшысы моральдық құндылықтар мен этикалық нормаларды қалыптастыруда діннің маңызы зор екенін де айтып отыр. Десек те, діни уәждемелер көп жағдайда экстремистік немесе зорлық-зомбылық әрекеттерді ақтайтынын да жасырмайды.

– Тұрғындар арасында зайыр­лылық қағидаттарын нығайту және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында түрлі жұмыстар жүргіземіз. Мысалы, жыл басынан 212 адамнан тұратын ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мыңнан астам адамды қамтыған 3346 шара өткізді. Сондай-ақ, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, облыс тұрғындары арасында білім алу тұрғысында діни бірлестік қызметкерлерімен бірге әлеуметтік же­лілер маңыздығының артуы байқалады, – дейді Жанболат Ахуанұлы.

Осыған байланысты, радикал­ды идеологияны таратуда интернет-кеңістіктің ерекше қауіптілігін ескере отырып, басқарма қызметкерлері күн сайын діни экстремизм мен терроризмге қарсы насихатпен қатар, осындай си­паттағы материалдардың таралуына жол бермеу жұмыстарын жүргізеді. Одан бөлек, әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында ықтимал қауіптерді жою тағы бар.

Басқарма қызметкерлерінің интернет кеңістігінде заңсыз діни мазмұндағы контентті анықтауға бағытталған қырағы жұмысының нәтижесінде биыл радикалды діни сипаттағы алты мыңнан астам материал анықталып, бұғаттаған.

– Бұл бағытта жұмыс облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиямен, құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізіледі. Қазіргі таңда радикалды сипаттағы тыйым салынған материалдарды жасырын пайдаланушылар арқылы таратқан облыстың 18 тұрғыны анықталған. Оның сегізі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылып, қалған істер бойынша дінтану сараптамасының қорытындысын күтіп отырмыз. Біз мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын бекіту, конфессияаралық қатынастарды нығайту жолында жұмысымызды жалғастыра береміз, – дейді басқарма басшысы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button