«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» па?
Ғаламторда жүрген небір беташарды көріп: «Беташар ма, тонау ма?» деген ойға қаласың. Бос әңгіме, ерсі қылықтар өңкей. Әйтеуір аты аталған кісінің қалтасын қағып алуға құмар. Ал, ақшасы болмаса ше? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Осындай сорақылықты көріп, ұлттық дәстүрді аяйсың. Қатты қапа боласың. Кім көрінген ойыншық қылатын дәстүр ме еді беташар? Ғасырлар бойы қалыптасып, бала келіннің дана келінге айналуына үлкен септігі тиетін ғибраты мол дүние емес пе еді? Қазір осы дәстүрді дұрыс дәріптей алып жүрміз бе?
БЕТАШАР – ЖАС КЕЛІНГЕ ӘУЛЕТТІ ТАНЫСТЫРУ
Беташар қазір мейрамханада той үстінде өтеді. Негізі, келін түсіргенде бірден жасалатын дәстүр. Оған дейін келін шымылдықтың ішінде отыратындықтан, оны ешкім көре алмайды. Ал, келінді көктемде түсіріп, беташарды күзде той үстінде, қыздың туыстарының алдында жасайтындар ше? Бұл – қате. Өйткені, келін шаңыраққа түсіп, босаға аттағанда бірден бетін ашып, өзі түскен әулетті жақсылап таныстыру керек.
Ақын беташар жырын айтып, келіннің сұлулығын, әдебі мен жылы жүрегін өлеңіне қосады. Оған ата-енесін, үй-ішін таныстырады. Қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсына жеке-жеке сәлем жасатады. Үлгілі әйел қандай болуы керектігін, әдеп нормаларын, өнеге тізбегін, адамгершілік дүниетанымын, келіндік міндеттерін айтады. Беташарда келіннің екі жағына әулетке сыйлы екі жеңгесі тұрады. Олардың беті бір-ақ рет ашылған, киімі ұзын етек, ұзын жеңді, басында орамалы болуы шарт.
– Арқада беташар нақты жолға қойылмаған. Дәстүрлі әнші болғандықтан, классикалық беташар жырынан «Сұңқардайын сыланған» деп келетін Шегенің ариясын қосып айтамын. Себебі, қазақтың беташары – тәрбие құралы. Онда ұлттық бояу аңқып тұруы тиіс. Бүгінде үзіндісін ғана айтып жүрміз. 10-15 минутта жылдам таныстырып, қысқа ғана өсиет орындаймыз. Жалықтырмас үшін ойнақы мақамға салуға болады. Бірақ, сөзі түзу, тұщымды болуы тиіс. Қазіргі жеңіл эстрада әндерінің мақамына салып, елдің көңілін көтеру – дәстүрге жасалған қиянат. Оны халықтық әуен, жыр-терме, толғау, дәстүрлі ән мақамдарымен айту керек. Шамасы жетпесе, айтыскер ақындардың мақамымен шырқасын. Бет ашушыны таңдағанда ерекше мән берген жөн, – дейді дәстүрлі әнші Дәуренбек Әркенов.
БЕТАШАРДЫ АҚЫН НЕМЕСЕ ӘНШІ АЙТАДЫ
Беташарды ақын айтқаны дұрыс. Ақын болғанда да, сол әулеттің туысы немесе жақын танысы болса құба-құп. Өйткені, той иесін бұрыннан білетін, жақсы танитын, елге сыйлы, абыройлы адам ашса, әдемі әзілмен әрлеп, келінге отбасы мүшелерін жақсы таныстарады. Білімді, ұлттық киім киген, салиқалы сөз айта алатын азамат таңдалса, беташар рәсімі салмақты, нәрлі шығады. Жас буынның санасында дәстүрге дұрыс көзқарас, қалыптасады. Сөйтпесек, салттың сиқын келтіріп, ұлттық кодымыздан айырыламыз. Жырқылдап, ақша салғанға мәз болып, жастардың ойын бұзу – сүйкімсіз іс. Бұған әулеттің үлкендері мән бергені абзал. Ал, ақша салу кейіннен пайда болған үрдіс. Бұрын бет ашқан кісіге түлкінің терісі, шапан сынды бұйымдар сыйлаған. Ауқатты болса ат, түйе атаған.
– Қазіргі мейрамханадағы қазақ тойының сәні сол жар-жар мен беташарда ғой. Онсыз не сәні қалды? Кей жастар беташардың мәнін ұқпайды. Көбіне жігіт пен келін бірге келеді беташарға. Кейде үйде беташар той жасап, тойханада сән үшін тағы да шағын беташар жасай салатындар да бар. Қазіргі беташар концерттік нөмір сияқты шоуға айналып кетті. Егер, асықпай таныстырғысы келсе, үйде, тойға дейін жасау керек, – дейді Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын.
НЕ ҮШІН АҚ ОРАМАЛ ЖАБАДЫ?
Беташарда келіннің басына ақ орамал жабылады. Ортада тұрған келін қалың жұртқа ілтипатын, құрметін сәлемі арқылы жеткізеді.
– Құдаласқан екі рудың таным-түсінігінің қабысуы-қабыспауы деген мәселе бар. Салт-дәстүр еріккеннің ермегі емес. Келін қыз кезінде бір рудың өкілі. Ал, әр ру «жеке космос, әлем» деп бағаланған. Ол рудың бойында өзіне ғана тән жақсы және жаман қасиеттері болуы мүмкін. Сол қасиеттерді екінші рудың бойына өткізбеуге тырысқан бабаларымыз. Сондықтан, келіннің бетіне орамал жабылады. Ақ түс – пәктіктің белгісі. Яғни, келін кіршіксіз күйде, бойындағы қажетсіз ақпараттан арылып, жаңа әулетке, «жаңа космос әлемге» руға, таза қалпында енсін деген философиялық астар бар, – депті бір сұхбатында жыршы, өнертанушы Берік Жүсіп.
Салттың мәнін ұқпайтын шала сауатты жігіт айтқан беташардан жас келін өзіне қажетті энергияны ала алмасы анық…
Еліміздің әр аймағында беташар әр түрлі орындалады. Мәселен, Батыста келіннің жүзі жасырылған орамалға қызыл, ақ, жасыл түсті үш орамалды жалғап байлайды. Қызыл түс – қыздық дәуренің бітті, келін болдың дегені. Ақ түс – ақ жаулықты ана бол дегені болса, жасыл түс – үбірлі-шүбірлі болып, сол әулеттің өрісін кеңейтсін деген сөз. Орамалдың екінші ұшын әшекеймен әдіптелген сабау таяққа байлайды. Кейде сабау таяққа жас талдың бұтағын таңдайды. Бұл жастықтың, жаңа басталған өмірдің белгісі. Сабауды қайын інісі ұстайды. Оның жасы шамамен 13-14 жас болуы керек. Ал, кей өңірде орамалдың екінші ұшына қамшы байлайды. Беташар біткен соң, қамшыны ұстаған қайнысына ниеттеп «жұғысты болсын» деп берген. Ал, оны сақтап қойып, бала сүйе алмай жүрген отбасыға табыстауды да бабалар құп көрген. Қамшы байлаудың себебі – қамшыұстар дүниеге әкелсін деген ниет.
ТҮЙІН
Ел арасында «келіннің бетін беташаршы аша ма жоқ әлде енесі ме?» деген сұрақ бар. Үлкендердің айтуынша, орамалды бет ашқан жігіт домбырамен ашады.
Сосын ақ жаулықты аналары бетінен сүйіп, аталары батасын беруге болады. Бетіне жабылған орамалға ешкім қолын тигізбеген.
Егер ақынның беташары көптің көңілінен шықса, онда сол үйдің ең қадірлі адамы, туысы саналған. «Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық» деген мәтел осыдан туған. Қазір тойдан кейін келін бет ашқан адамның түрін де есіне түсіре алмайды.
Әр дәстүрдің мәйекті мәні, мәуелі мағынасы бар. Өйткені, ол халықтың ғасырлар бойы жинаған өмір тәжірибесі, ұлттың рухани қазынасы. Ендеше, осындай асыл қазынамызды ардақтай білейік.
Жәлел ШАЛҚАР.