Жаңалықтар

“Келешек күнде қағазға, Алтынмен жазар атыңды…”

          Поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақын – Мағжан ЖҰМАБАЕВ. Азаттық жолында басын бәйгеге тігіп, ұлт қамы үшін азапты да, тозақты да қатар кешкен қайсар ақын һақында аз жазылып жатқан жоқ. Десе де, ақынның көзін көріп, сөзін жеткізген ұлтымыздың ұлы тұлғаларының естелігі елге ырзық, ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Сондықтан, бұл мақалада біз ақынның өмірі мен шығармашылығы тұрғысында айтылған небір асыл ойларды, естен кетпес естеліктерді тілге тиек етуге тырыстық. Өңгесін, көзіқарақты оқырманның өзі бағамдай жатар…

Өлеңге жастайынан қалам тартқан ақынның тырнақалды туындылары тұңғыш рет 1912 жылы Қазан қаласында «Шолпан» атты шағын өлеңдер жинағы болып жарық көрсе, кейін көлемдірек кітабы 1924 жылы Ташкентте басылып шыққан. Бізге жеткен баспа беттерін көргендерінің алды – 1907 жыл. Жалпы, Мағжан ақын шығыс тарихына да, батыс әдебиетіне де жетік ақын болғаны аян. Ол – орыс тілін өте жетік білген. Сонымен бірге, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдеріне де жүйрік болған деседі.

Ақын тағдыры бір сыдырғы емес, шытырманды, соқпақты оқиғаларға толы. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяқ кезінде «Алашорда» жетекшілері А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалармен бірге сотталып, кейін 1936 жылы теріскейдегі тұтқын азабынан босап, өз еліне, өз топырағына келеді.

Мағжан Жұмабаевтың өмірін, шығармаларын жете білетін, ақынның көп шығармаларын «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихы» атты кітабында цитата ретінде көп келтіріп, Мағжанның еңбектерін оқымаған кейінгі ұрпаққа елеулі мағлұмат берген белгілі жазушымыз Сәбит Мұқановтың аузынан әр кезеңде естігенін түртіп алған жазушы Жайық Бектұровтың қорындағы құжаттардан үзінді келтірейік. «Мағжанның ақындығы да, кісілігі де ерекше бөлек еді. Тек ақындық жолы бізден бұрысырақ бағытта болды да, кейін оның аты аталмай қалды. Мінезі баладай еді, адамға қайырымды, қалтқысыз жан еді. Өзі әуелде маған Омбыда ұстаз да болған. Білімді, алғыр, орысшаға, шығыс тілдеріне ерекше жетік-ті. Пушкин, Лермонтов поэмаларын жатқа айтатын. Орыс тілі оқытушыларына да орыс әдебиетінен сабақ беруші еді. Тек, біз идеялық жағынан келіспедік. Мағжан бізге қарсы шықты. Советтік дәуірді жырламады. Тап тартысын мойындамады. Орыс халқының көмегіне де сенбеді. Мұның көбісін мен өзімнің еңбектерімде жаздым. Ал, оның жеке өз басының кісілігіне, адамға қалтқысыз қарым-қатынасында зәредей қалтқы жоқ-ты. Ақындық өнеріне, біліміне келсек, Алаштың екі күшті адамының бірі, тіпті, ең күштісі Мағжан болатын. Бірі – біздің осы күнгі Мұхтар Әуезов еді. Мен Мағжанға  1932-1933 жылдары Москвада оқуда жүргенімде ГПУ-дан рұқсат алып, ол жүрген лагерьге Мурманск жағына хат жібергенмін… Мағжан лагерьден Қызылжарға қайтып келген соң бізге, Алматыға хат салды. Сауатты, білімді адам ғой, лагерьде фельдшер болып жүріпті. Мен Жазушылар одағының төрағасы болатынмын. Кезіндегі республика басшылары  Л.Мирзоян, О.Исаев, С.Нүрпейісов жолдастарға барып, 1936 жылы Алматыға шақырттық. Келді. Мен оны вокзалдан барып қарсы алдым. Қонақ үйінен орын алып қойғанбыз.  Мағжан маған «Сәбитжан, сен мені әуелі Сәкеннің үйіне апар» деді. Апардым. Мағжан Сәкеннен кешірім сұрады. Сәкен «саған бәрі де кешілді, бізден енді кешірім сұрама» деп жақсылап қонағасы берді, ақшалай көмек көрсетті. Бұл екі ақын Омбыда бірге оқыған да, кейін  бір-бірімен келіспеген кездері де болған. Мұның ішінде өзімде бармын. Біз оған Өзбек көшесінен екі бөлмелі үй әпердік, қызметке орналастырдық. Мағжанды Алматыға шақыруға үкімет басшыларынан рұқсат алдық, бірақ, қашаннан сақ келетін Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев жолдас «әзір өлеңдерін баспай қоя тұрыңыздар, жұмыс беріп, аударма жасата тұрыңыздар» деп еді. Біз Мағжанға аударма жасаттық. Л.Фейхтвангердің «Семья Оппенгейма» романын аударттық. Бұл – фашизмге қарсы жазылған сол кездегі ең күшті шығарма болатын. Баспадан көп ақша бергіздік. Әрі тез, әрі өте жақсы аударды. Әдебиетке қарая қоймаған, қаламы да мұқала қоймаған екен. Бұл кісі аудармаға әуел бастан-ақ өте шебер еді ғой. Мағжан біздің қазақ әдебиетінде аударма өнерін ерте бастаған адам еді. Тек әлгі кітап баспа бетін көре алмады… Мағжан берірек келгенде, отыздың үстіне шығып, тоқтаса бастағанда орыстың ұлы ақыны Пушкин сықылды ертегі де жаза бастаған еді. Бір ғажап ертегісін газеттен көшіріп алдым. Шығаратын болсақ, Мағжанда жарық көретін өлеңдер, ертегілер, дастандар, әңгімелер, мақалалар көп қой…»

Осы қорда сонымен қатар, ақын жайлы, өзін көрген, оның ақындығын жақсы білетін, өзімен  дос, замандас аға буын өкілдерінің де айтқандары аз емес. Мәселен, «Мағжанды 1936 жылы ақын анамыз Айманкүл үйге қонаққа шақыртты” дейді Әбділда Тәжібаев. “Мағжан ағаңнан бата ал. Елге оралғанына құтты болсын айтайық. Ақсарбас сойғызып, қонақасы берейік” деді кадірлі  анамыз. Шақырдық, сыйладық, құттықтадық. Менің атымды Мағжан ылғи Абдолла деп атап отырды. Әлі ешқайда жарияланбаған он жеті өлеңі бар екен, ішінде орысша жазғандары бар. Сонда ол «Қазағым-ай, көйлегіңнің жағасының кірін сағындым-ау» депті. Мағжанның сол өлеңдері ешқайда сақталмапты».

Енді бір естелігінде Ж.Бектұров «Мағжанға жас жағынан өкшелес, ақынның дарынын, өнерін ерекше қадір тұтатын тарихшы, әдебиетші, ғалым Әлкей Марғұлан ағамыздан бірде «отызыншы жылдардың бас кезінде түрмедегі, лагерьдегі тұтқындарға жай адамдардың көмектесуіне, хат жазуына болатындай жағдай бар еді ғой. Әлеке, сіз сол кездері өзіңіз жақсы көретін Мағжанға қол ұшын бере алдыңыз ба?» деп аңдаусызда бір сұрау беріп қалдым. Сонда Ә.Марғұлан ағамыз «Мағжан Карелия, Мурман жақта, қысы суық, жазы салқын, жері сызат, тіпті, тоң аймақта жүрді ғой. Аяғына сыз өтер деп Ленинградта жүргенімде аяғымдағы калошымды Мағжанға жұбайы Зылиқадан беріп жібердім” деп мұңайып қалады. Иә, ол кезде Әлекеңнің қаражаты жоқ, өзі де бір шәт-шәлекей қырсыққа ұшырап, ауруханаға да түсіп қалып жүрген кезі екен. Қаражаты болмағандықтан қиыр шеттегі тұтқындағы ақынға өзі киіп жүрген калошын беріп жібергенін естігенде, зерделі адамның көзіне жас келгендей-ақ. …Алпысыншы жылдардың бас кезінде «Батыр Баянды» ғалым Әлкей ақсақалға оқып бердік. Әлекең Мағжанды еске түсіріп, бірде балаша жылап та алды….» дейді.

Ж.Бектұров «1959 жылы жазда Солтүстік Қазақстан облысы аудандарын аралап жүріп, Зылиқаны Петропавл-Омбы арасындағы Қарақоғадан кездестірдім. Бұрын 1937 жылы күзде бұл апайды Мағжанның қасынан Алматыда бір-ақ рет көргенмін. Өзі күйкі, өңі жүдеу, үйі жұпыны шүйкедей жалғыз басты кемпір мұңайып отыр. Ақынның зайыбының айтуы бойынша, Мағжанның көп өлеңдері, ертелі-кешкі қолжазбалары ақынның өз елінің, Сасықкөл маңының көңі астында шіріп қалыпты. Енді біразы соғыс жылдары Зылиқа апай айдаудағы Мағжанға жақынырақ тұрамын деп Ленинградтан пәтер жалдап отырғанда қолды болған, әрі ол отырған үйге соғыс кезінде бомба түсіп, үйімен бірге барлық қағаздары өртеніп кеткен. Зылиқа байғұс Ленинградта тұрып, теңізден өтіп, нелер батпақ, тоң жерді белшесінен кешіп, Мағжанға талай рет барыпты. Тамақ апарып тұрған…»

Мағжан ақын қазақтың рухани өміріне белгілі әсер еткен, артына өзінше із, соқпақ, аңыз, сөз қалдырған дарынды ақын екені даусыз. Оның есімін, белгілі бір әсерлі, ықпалды өлеңдерін білмейтін әлде естімеген сауатты қазақ кемде-кем шығар.

Күні кеше Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  бағ­дар­ламалық мақаласында – ұлттық сана­ның, рухани жаңғырудың қыр-сырына тоқ­талды. Онда «Біз жаңғыру жолында баба­лардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген болатын.  Мағжан – қазақ халқының ғана емес, исі түркі дүниесінің ірі дауылпазы. Қазақ поэзиясының алтын қорындағы өлеңдері мен шығармалары қазіргі жастарға және болашақта рухани азық.

Ардақ ӘБДЕШОВА,

                 Қарағанды облыстық

мемлекеттік  архивінің архивариусы.

Суретте: Зылиқа және Ж.Бектұров. Қарағанды 30.04.1966 ж.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button