Бас тақырып

«Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі»

Бала болса да құқық қорғау органдарымен бетпе-бет келіп, құлыным деп еркелетер әкесі мен балапаным деп құшақ жаяр анасының қасында алаңсыз асыр салатын шағында темір торға қамалып, балалығын жоғалтқан жасөспірімдер қаншама?! 2021 жылғы дерек бойынша Қазақстанда кәмелетке толмаған 52 бала колонияда жазасын өтеуде. Оның екеуі – қыз бала. Сот жасөспірімді тек ерекше жағдайда бас бостандығынан айыратынын ескерсек, колониядағылардың дені кісі өлтіру, зорлау тәрізді ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағандар.

Жалпы, қылмыс жасайтын жасөспірімдердің дені қолайсыз отбасынан шығатынын айтады мамандар. Есін білгелі көргені мен баққаны үйдегі ұрыс-керіс, жанжал, ішімдіктен аузы құрғамаған ата-анасы буыны бекімеген жас балаға кері әсер беретінін айтпаса да белгілі. Ал, психикасы қатаймаған, ненің жақсы, ненің жаман екенін әлі де дұрыс айыра алмаған бала үшін әрине, осыдан басқа өмір жоқтай көрініп, теріс жолға түсуге бейім тұрады. Балаларда болатын психикалық бұзылыстарына көп жағдайда маскүнем, нашақор ата-аналардың мінез-құлқы мен өмір салтының әсері бар.

Бірақ, дер уақытында әрекет етіп, жасөспірімдермен жұмыс жүргізу қылмысты төмендетуге болатынын тәжірибе көрсетуде. Мәселен, 2021 жылы облыс көлемінде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 18,9%-ға азайған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Көлемі жағынан айтар болсақ, 2020 жылы жасөспірімдер жасаған қылмыс саны 53-ке жетсе, биыл – 43.

Ал, жасөспірімдер жасайтын қылмыстың дені – мүліктік сипатта. Ювеналды полиция қызметкерлері 2020 жылы осындай – 36, биыл – 25 мүліктік қылмыс жасалғанын айтады.

Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Дәурен Әбілдиннің айтуынша жасөспірімдер 16-17 жасында қылмыс жасауға бейім. Осы кезеңдегі мінез-құлықтағы ауытқушылықтар, «қиын бала» атанып, ата-анаға ғана емес, мектепте де қиындық тудырып, өзінің іс-әрекетіне толық баға бере алмастан, түрлі қылмыстарға барады. Оның үстіне, отбасындағы қолайсыз жағдай салдарынан қатарластарынан кем қалғысы келмей, тіпті, қала берді ашқұрсақ жүріп, мүліктік қылмысқа баратыны да осыдан. Тоқ бала аш баланың жайын қайдан білсін?! Тіпті, осы кезде өзге құрбылыстарымен тең дәрежеде болғысы келсе де, оған жағдайы келмегендіктен, болмаса, ата-анасының көңілін өзіне аударып, іштегі айтылмаған сырын да осындай әрекеттермен жеткізгілері келетіндері де бар.

Криминогендік жағдайды тұрақтандыру мақсатында есепте тұрған контингентпен және мектеп оқушыларымен жеке алдын алу жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөлеміз. Мысалы, биыл 7 жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектепке және 1 жасөспірім ерекше режимдегі мектепке орналастырылды. Жалпы, түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін облыстың аумақтық полиция органдарына 2681 бала жеткізілсе, олармен құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 445 жасөспірім есепке алынды, – дейді Дәурен Серікұлы.

Ювеналды полиция қызметкерлері одан бөлек, 570 қолайсыз отбасыны есепке алып, 546 ата-ана бала тәрбиесінен жалтарғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялармен бірлесіп атқарған жұмыстары нәтижесінде 19 ата-ананы құқығынан айырып, 28- нің құқықтарын шектеген.

Жасөспірімдер қылмысы облыстық полиция департаментінің жіті назарында екенін айтады ювеналды полиция қызметкері. Мәселен, жыл басынан бері оқу орындарында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімше қызметкерлері полиция органдарының мүдделі қызметтерімен бірге баяндамалар оқып, бұқаралық ақпарат беттерінде материалдар жариялағанымен, жасөспірімдер қылмысы әлі де бар.

Бұл, әрине, құқық қорғау қызметкерлеріне емес, бірінші отбасындағы тәрбиеге байланысты екені белгілі. Үйдегі баланың жағдайын қадағалап, қабағын бағып, дұрыс тәрбие бергенде ғана жасөспірімдер қылмысының азаятыны сөзсіз.

Көшенің теріс тәрбиесін көріп, жаман әдеттерге бой алдырған баланың обалы ата-анасына. Басқа ешкім кінәлі емес. «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі» емес пе?!

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button