«Кедергісіз келешек» кедергіні жоюы тиіс
Инклюзия мен қолжетімділік – қазіргі қоғамның барлық мүшесі үшін тең жағдай жасауға ұмтылатын маңызды аспекті. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға қатысты шаралар кейінгі жылдары кеңінен қолға алынған. Оның ішінде, AMANAT партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын айтуға болады. Бастаманың негізгі мақсаты – физикалық шектеулеріне қарамастан, барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Жоба бірнеше негізгі бағыттарды қамтиды, соның ішінде, инфрақұрылымды жақсарту, білім беру және жұмыс орындарының қолжетімділігі. Бұл қолжетімділік артықшылық емес, әрине. Ол – әр адамның құқығы.

Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық өмірге араласып, әлеуметтенуі – осы сала мамандарының айтуынша, негізгі мәселелердің бірі. Ол үшін әуелі кедергісіз орта қалыптастыру маңызды. Мүмкіндігі шектелген жандардың ортасы шектелмеуі тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кедергісіз келешек» жобасын белсенді қолдайды. Ол өзінің көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде және жыл сайынғы Жолдауларында инклюзивті қоғам құрудың маңыздылығын атап жүр. Мемлекет басшысы инклюзия мен қолжетімділік мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарына айналуға тиіс екенін алға тартады.
Инфрақұрылым жаңарып, мүгедектігі бар адамдардың қажеттілігіне қарай бейімделмесе, олардың қоғаммен әлеуметтенуі де мүмкін емес. Қоғамдық және әлеуметтік нысандарды бейімдеу жұмыстары жүргізілгеніне біраз болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, ел бойынша 2023-2027 жылдар аралығында қол жетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Бүгінгі таңда 17,2 мыңнан астам нысан толықтай бейімделген. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған мәлімет бойынша аймақта осы уақытқа дейін 915 әлеуметтік нысан бейімделген. Оның ішінде, биыл 72 нысан бейімделді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы 101 нысан бейімделуі тиіс.
Облыс өңірлерінде мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша мобильді топтар құрылды.
Мобильді топтардың құрамына әлеуметтік қорғау, сәулет органдарының өкілдері, депутаттар, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері және мүгедектігі бар белсенді адамдар кіреді. Мобильді топтар қолжетімділікті қамтамасыз ету тұрғысынан объектілерге тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Мониторинг қорытындысы бойынша объектілердің меншік иелеріне объектілерді қолжетімділік нормаларына сәйкестендіру бойынша ұсынымдар енгізіледі.
Облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиевтің айтуынша, инфрақұрылымды бейімдеу, кедергісіз орта құру процесі өте күрделі, айтарлықтай қаржы қажет етеді.
– Бұл – бір-екі жылда шешіле қалатын мәселе емес. Дегенмен де, кедергісіз ортаны құру қажеттілігін барлығымыз түсінеміз. Осыған дейін мемлекеттік мекемелерге қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жасалды. Жыл басынан бері шағын және орта бизнеске мониторинг жасауға тыйым алынды, біз қазір қоғамдық мониторингтік топ аясында шағын және орта бизнестің әлеуметтік субъектілеріне бара аламыз. Дүкендер мен дәріханалар иесіне бұл нысанның мүгедектігі бар адамға қолжетімсіз екенін түсіндіреміз. Қоғамдық мониторинг медициналық мекемелерге жасалса, денсаулық сақтау басқармасы, мектептерге жасалса, білім басқармасы қосылады, – деп түсіндірді Нияз Аделұлы.
Оның айтуынша, мүгедектігі бар адамның басты мәселесі – қолжетімділік.
– Мүгедектік арбасындағы адам тиіп тұрған дүкен немесе дәріханаға кіре алмаса, «Қазіргі бизнес неге әлеуметтік жауапсыз?» дейді. Бұл сұрақты біздің азаматтық қоғам шенеуніктерге де, партияға да қояды. Жобаның міндеті – жазалау емес, түсіндіру. Кедергісіз келешекті қалыптастыру қажеттілік екенін түсіндіреміз, осы бір мәселеге назар аударуын сұраймыз. Мүгедектіктен ешкім сақтандырылмаған. Өкінішке қарай, барлық әлеуметтік бизнес нысандары қабылдамайды. Біз жолдаған хаттың ешқандай заңдық күші жоқ. Жинақтаған мәліметтерді өкілетті орган – еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне жібереміз. Департамент мониторинг жүргізеді, қажет болса, айыппұл салуға құқы бар, – дейді Нияз Сүндеталиев.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында, атап айтқанда, олардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган ретінде адам денсаулығына зиян келтірудің нақты фактілері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 5-тармағы 3-тармақшасына сәйкес бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге жеке және заңды тұлғалардың шағымдары негіз болып саналады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабының 1-тармағы 1-тармақшасында мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз етпеген нысан иелеріне айыппұл түрінде әкімшілік жаза қарастырылған.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін лауазымды адамдарға – 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ал, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің дерегінше, жыл басынан бері департамент мамандары жоспардан тыс 64 тексеру жүргізген. Оның ішінде, жеке тұлғалардың өтініші бойынша – 3, прокуратураның талабы бойынша 61 рет тексеріске шықты. Нәтижесінде, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 22 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 6 516 080 теңгеге 43 әкімшілік айыппұл салынды.
Министрлік нысандардың қолжетімділігі картасын әзірледі. Онда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының бейімделуі туралы мәліметтер қамтылған. Ондағы мәліметтер мониторингтік топтардың бағалауы бойынша өзгеріп отырады. Аталған картадағы деректерді нақтылау жұмыстары аймақта да жүріп жатыр.
– Қолжетімділік картасын нақтылау, қоғамдық мониторинг барысында анықталған бұзушылықтарды енгізу жүріп жатыр. Себебі, барлық талаптарға сәйкес келеді деп енгізілген нысанның қағаз жүзінде ғана сәйкестігі анықталып жатады. Мұның барлығы нақтылауды қажет етеді. Нысандар толық бейімделген, жартылай, ішінара бейімделуі мүмкін, – дейді Нияз Сүндеталиев.
Жалпы, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігінен басқа, қоғамдық көліктердің қолжетімділігі, инклюзивті білім беруді дамытуда, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту, оларды әлеуметтік-мәдени және спорттық шараларға тартуға ықпал етеді. Жоба аясында биылғы тоғыз айда 200-ге жуық шара ұйымдастырылған. Оның ішінде, біз жоғарыда айтқан тексерулер де, рейдтер, жеке қабылдаулар, бос жұмыс орын жәрмеңкелері тағысын-тағысы бар. Бүгінгі таңда қоғам белсенділері мүгедектігі бар адамдардың мәселесі мемлекет пен қоғам назарынан түспейтінін айтады.
– Мектеп пен балабақшалардың дайындығын қараған кезде барлық жағдай жасалғанын көреміз, – дейді қалалық мәслихат депутаты Марат Түсіпов. – Жақында ғана ашылған Күнгейдегі мектепте арнайы жолақтар, брайль шрифті, лифт пен пандус бар. Бұрынғыдай емес, қазір барлық мектепте жағдай бар. Осыған дейін инклюзивті білім қаладағы №27 мектепте беріліп келді, қазір мұндай сыныптар барлық мектепте ашылған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың бочча, бассейн, хореография, спорттың түрлеріне қатысуға мүмкіндігі бар. Соңғы екі-үш жылда әлеуметтік қорғау бағытында жасалған өзгерістер көп. Әлі де жасала береді деп ойлаймын. Мұнда бастысы азаматтық қоғам әлеуметтік проблемаларға бейжай қарамауы тиіс.
Кедергісіз орта қалыптастыру – әр азаматтың жауапкершілігі, сондықтан әрқайсымыз осы бағытта өз үлесімізді қосуымыз керек. Инфрақұрылымынан бөлек, қоғамдық сананы да түзетуді ойлайтын кез келді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz