Кеңшіліктің кеңпейілдігі
Қазіргі Алматының қандай екенін білмеймін, өткен ғасырдағы Алматы қазақтар үшін жабық қала болатын. Қалаға тіркемейді. Тіркейтін орындарға түсі жат, тілегі бөтен жұрттың өкілдері отырып алған. Тіркелуің жоқ болса, жұмысқа алмайды, балабақшадан да бақыт таппайсың. Қай кезде де өзекті осы үш мәселе Алматының табалдырығын енді ғана аттаған менің алдымнан да өре түрегелген. Әрине, қызметке өздері шақырған соң, «Жалын» баспасы мені қалалық тіркеусіз-ақ қабылдады. Қаланың сыртынан тапқан уақытша тіркеуімді қанағат тұтты. Ал, енді әйелімнің тіркеуі мен жұмысын, баламыздың бақшасын қайтеміз?! Балаң бақшаға бармаса, отбасына нан әкелетін екі адамның біреуі үйде байланып қалмақ қой.
Сондай бір күндері ақын Кеңшілік Мырзабековпен кездесіп қалдым. Ол еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстанның» әдебиет және өнер бөлімінде Ақселеу Сейдімбековтің қарамағында қызмет ететін. Амандық-саулық алмасып, елден қашан келгенімді, қанша болатынымды сұрап жатыр. Мен біржолата қоныс аударғанымды айттым. «Бізден не көмек?», – деді ол. «Баспанам жоқ, соған жәрдемің тисе», – дедім мен әзілге сүйеп. «Баспананы Заманбектен сұра, біздің шамамыз майда-шүйдеге жараса сол», – деп тұжырды сөзін ол. «Ендеше, балабақшаға баспалдақ салуға шамаң бар ма?» – дедім мен әзіл әлемінен шын шаруаның жөніне көшіп. «Тұра қал», – деді ол, – «қалалық оқу бөлімінде Торғайдың бір қызы істеуші еді, сонымен хабарласайыншы».
Дереу телефонның құлағына жармасқан ақын әр жақтағы қызға менің жай-жапсарымды түсіндіріп жатыр. Айтуына қарағанда, қалам ұстағанның қатарында менен мықтысы жоқ секілді… Дәл қазір жәрдемдесіп жібермесе, қазақ поэзиясы үміт етіп отырған ақын алдында ыңғайсыз жағдай туындамақ. Қойшы, жерлес қарындасының о жағынан бір, бұ жағынан бір шыққан Кеңкең (қатарластары оны осылай атайтын) айналасы бес мүйнеттің ішінде жылдар бойы кезегі жылжымай балаң үйде «қартайып», мектебіне бір-ақ баратын шаруаны шешті де тастады. Шешкенде тура өзім тұратын жерге ең тақау бақшадан орын сайлатты. Әрине, бұл жерде менің де теріскей облыстың тумасы екенім аз үлес атқармаса керек. Қалай болғанда да, Кеңшіліктің бүгінгі істі ертеңге қалдырмай жедел тындыруын кеңпейілдігіне балағам. Ал, енді оның «үйді Заманбектен сұра» деген уәжінің сырына үңілсең, кеңпейілдігімен қоса, көріпкелдігі де бар-ау, – деген ойға қаласың…
Енді белгілі болғанындай, миллионер қаланың қожайыны Зәкең – астанаға қоныстанудан қақпай көріп жүрген қазақтарға жол ашып, алып шаһардың ішіне де, сыртына да мемлекетті құрушы ұлт өкілдерін молынан орналастыру саясатын батыл жүргізген ғой. Алдына барған қазақтың бетін қайтармаған. Тіпті, өзінен бір-ақ мәрте сұхбат алуға барған журналистің өзіне пәтер сыйлап жіберген мәрт мінезін қайтерсің?! Әйгілі «Азия дауысы» Халықаралық ән байқауын өткізгенде біздің де онымен бір сағаттан аса сұхбаттасқанымыз бар. (Бұл – сарабдал саясаткер мен мақпал дауысты әншіміздің сезім жарастығы көктем гүліндей жұпар шаша бастаған шақ). Егер әңгіме барысында ебін тауып, Мақпал секілді біздің үйдегі қазан-ошақ иесінің де Қарағанды облысынан екенін, екеуі де Егіндібұлақ ауданынан екенін, екеуінің де сол ауданның «Қазақстанның 40 жылдығы атындағы» совхозынан екенін, екеуінің де сол совхоздың орта мектебінен білім алғанын, екеуінің де үйі-шарбағы ортақ көрші болғанын, ең соңында, қарға тамырлы қазақ ретінде әйгілі әншіге өзімнің нағашы болып келетінімді айтқанымда, алдында «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі ғана емес, қазақ жөнімен алғанда «бажасының» отырғанын сезінген сұңғыла Зәкең, маған да бір үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстата салуы айдан анық, күннен жарық еді. Бірақ, тумысынан тартыншақ тілші мұндай қадамға бара алған жоқ. Есесіне, сұхбат барысында әкімнің аузына Мақпалдың есімі жиірек орала бергендіктен, газетте жарық көрген материалымда да әйгілі әншінің есімі көбірек орын алды-ау деймін.
Үстірт қарағанда артық жамау сияқты көрінетін бұл әңгіме «не үшін керек болды?», – дерсіз. Кеңшілік үшін керек болды. Кеңшіліктің кеңпейілдігін ғана емес, көріпкелдік қасиетін де қалыптау үшін. «Үйді Заманбектен сұра», – деп еді-ау сабаз. Мен айтқан әлгі жайттарды ескерсек, аузына Алла салғандай сөз емес пе?!
Сол Кеңшілік бір-екі жыл бұрын жетпіске толды. Көзден кетсе де көңілден кетпес тұлға еді. Естуімізше, ақын тойына туған облысы салғырт қарапты… Күйінішімді өлеңмен басқам. Ортасын ойып алып тастағаннан кейін қалған бастапқы шумағы мен соңғы шумағы мынадай: /«Жаннан күсіп, жүз мұңайып, жүз налып, Жұқарғанмен не шығады біз ғаріп? Кеңшілікті еске алмады кеше елі, Көрде жатқан жетпісінен қызғанып. /Өр ақынды өлең кенін қазған нық, Көзі жоқ, – деп қолаң ұстау – азғандық. Бүгін Кеңді тар еткендер – күні ертең, Абзалға да жасай қоймас абзалдық»/.
Иә, бәрі де адамшылықтан гөрі асқазанды, мәдениеттен гөрі майшелпекті жоғары қоятын кейбір шенділердің кеселінен ғой. Баршамыз бүгіндері «мешке шыққан иттей» етіп көрсетіп жүрген кешегі Кеңес заманында қойшының қонышында «Жұлдыз» журналы, деректірдің мәшинесінде «Правда» газеті жүретін. Олар қаламгер қауымның, ұлысын былай қойғанда, ұсағының өзін соңғы сөзіне дейін кеміріп оқитын. Сталиннің жұмыс үстелінің суырмасында «Абай жолы» эпопеясы жатқан. Ал, біздің бүгінгі асап қойған ақшам ашылып қала ма, – деген қауіптен жасы отызға жетпей шашы ағарып кеткен лауазымдылардың тартпасында не жатыр екен?! Не жатса да, әйтеуір, Абай мен Әуезов кітабы емесі анық.
Тоқетеріне келсек, әдебиетін сыйламайтын елде әдеп болмайды. Әдеп болмаған жерде ынсап болмайды. Нысап болмаған жерде қанағат болмайды. Тоймай қармайды, қоймай жалмайды. Әдеп артта қалып, тәбет алға шығады. Таланты тасынған Кеңшіліктер ұмытылып, араны ашылған кем-шіріктер көзге ұрады. Өтпелі кезеңнің дерті мың болса, біреуі – осы. Бір өтіп алсақ, орнына келері анық. Бірақ, өткелі қайда? – десеңші.
Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.