«Кеңестік шындықтың» қайсар қарсыласы
Рахатынан қайғысы мен қасіреті мол болған эмиграциялық өмірде Мұстафа Шоқайдың нағыз дара тұлғаға тән бар саяси қызметі мен публицистикалық қуатының мазмұны берісі Түркістандағы, арысы КСРО аймағындағы саяси ахуал, бұрынғы патшалық, кейінгі пролетарлық Ресейдің езгісіндегі отар елдердің «кеңестік шындығы» болды. Ол өзінің бар күш-жігерін, қабілетін жұмсай отырып, батыста Түркістандағы отаршыл саясат туралы әділ, объективті көзқарас қалыптастыруға орасан зор еңбек сіңірді.
Тоталитарлық қатаң жүйеде өмір сүріп жатқан Кеңес Одағы жөнінде жеткілікті материалдардың сыртқа шыға бермегені белгілі. Сол себепті, М.Шоқайдың кейбір мәселелерді терең барлай алмай, қателескен жерлері де, шалыс басқан кездері жоқ емес шығар. Сонымен қатар, ол кеңестік шындықтың барлығын жоққа шығарған жоқ. Ол өзінің «Кеңес үстемдігінің 16-ыншы жылдығына орай» деген мақаласында: «Кеңес өкіметі өмір сүрген 16 жыл ішінде ешқандай бір оңды істер болмады десек, ол да дұрыс болмаған болар еді. Табыстар да жоқ емес» деп жазған болатын. Дегенмен, ол Еуропаның қақ ортасында тұрып, сонау Түркістан аймағында болып жатқан саяси оқиғаларды жіті бақылап, соған дер кезінде шыншыл да сыншыл үн қоса білді.
Түркістан ұлттық қозғалысының көшбасшысы ретінде Мұстафа Шоқай қозғалыстың шығу төркінін отаршылдық озбырлықтан іздей отырып, патшалық саясаттың екі мақсатын атап көрсетеді. Оның бірі – жергілікті халықтың материалдық және рухани өркендеуіне шек қойып, оның азып-тозып, құрып бітуіне душар ету; екіншісі – орыс мұжықтарын өлкеге көшіріп әкеліп, Түркістанды нағыз орыс Түркістанына айналдыру. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай кеңестік саясаттың патшалық Ресейдің отаршылдық саясатымен сабақтас сипатын ашып көрсетіп, большевиктердің Түркістан өңіріндегі саяси билігінің бет-бейнесін, олардың отаршыл саясатының басқа елдің ешбіріне ұқсамайтынын және жергілікті халықтың ұлттық болмысына төндіріп отырған қауіп-қатерін жан-жақты көрсеткен болатын. Ол орыстың әкімшілік мекемелері шет аймақтардағы ұлттық дамуымызды тежеп келсе, большевиктердің басқаруы қазақ халқын ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді оның көкірегінен бір жола сылып тастауға тырысып отыр деп ескертеді. Сондықтан кешегі патшалық Ресейді бүгін кеңестік Ресей немесе пролетарлық Ресей деп атағандарымен, біздің ұлттық мәдениетіміз тұрғысынан қарағанда, ештеңе өзгермегенін, большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болып отыр деп ашына жазды.
Кеңестік шындық төңірегіндегі Мұстафа Шоқайдың ой-пікірлерінің басты мақсаты большевиктік жүйеге адам құқығы, демократия мен ұлт бостандығы секілді жалпы адамзаттық асыл құндылықтардың жат екендігі жөнінде бұлтартпас қорытындылар жасап, әлем жұртшылығына түрік халықтарының тәуелсіздік үшін күресінің заңдылығын, әділеттілігін ұғындыру болды. 1931 жылы жазылған «Ақ – Қызыл» атты мақалада большевиктердің әлеуметтік әділеттілік пен теңдікті, бостандық пен азаттықты ту етіп көтерген социализмі сынға алынады. Мұстафа Шоқай социализм – экономикалық теория ғана емес, ұлттық та теория дей отырып, барлық ұлттардың барлық жағынан теңдігі қамтамасыз етілмейінше, нағыз социализм туралы сөз болуы мүмкін емес деп кесіп айтады.
Патшалық Ресей де, Кеңес өкіметі де ділі берік, діні тұтас қазақты отаршылдық жылдары түгел «шоқындыра» алмады. Осы ойымызға қатысты аса тағылымды бір фактіні арнайы назарға сала кетсек. 1931 жылы Токиода түрік тілінде шыққан «Жапон тілшісі» журналынан «Яш Түркістанда» көшіріліп басылған «Жапонияда тұратын мұсылмандар және Токиодағы ислам махалласы» атты мақалада Жапонияда тұратын 500 мұсылманның ұлттық мүдделерімен санасып, оларға жасалып отырған әлеуметтік-мәдени шаралар төңірегінде айтылады. Токио қаласындағы «Ислам махалласында» 1927 жылы өкіметтің рұқсат етуімен ашылған «Токио ислам мектебі» деп аталатын 6 сыныптан және 5 мұғалімнен тұратын бастауыш мектеп Жапониядағы ресми мектептермен бірдей оқу-ағарту министрлігінің қамқорлығында болған. Мектепте діни және ана тілі сабақтарының толық бағдарламасы оқытылады. Араб әрпінде оқулықтар мен әр түрлі кітаптар тарату үшін мектеп жанынан «Токио ислам қоғамының» бір шағын баспаханасы бар. Міне, демократия және ұлт мүддесін есепке алған елдің үлгісі. Ал отарлық жағдай мен большевиктер билеген Қазақстандағы жағдай жоғарыдағыдай болды.
Большевиктер билік басына келер алдында (17.ХІ.1917) бүкіл Ресей мұсылмандарына және түркістандықтарға өз қалауы бойынша өздерін басқару деген сарында үгіт-насихат жүргізіп, үкіметтік мекемелерді жергілікті халыққа жақындату мәселесі «жергіліктендіру» деген атпен көп айтылған болатын. Алайда, олар Азамат соғысы аяқталғанан кейін бұл ұстанымдарынан дереу бас тарып, өз үстемдігінің екінші дәуірін бастады. Сөйтіп, Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, «қызыл сөздерге боялған» уәделер іс жүзінде «орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шықты…». Мұндай екіжүзділік кеңестік саясатқа тән болатын. Бұған 1917 жылғы 16 қарашада Ташкентте құрылған Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің барлық 15 мүшесінің құрамында бірде-бірі жергілікті халық өкілдері болмағаны толық дәлел бола алады. Оның үстіне кейін большевик қайраткерлер «жергіліктендіру» басқару істеріне міндетті түрде жергілікті халық өкілдерін қатыстыру емес екенін түсіндірумен болды. 1930 жылы жазылған «Түркістандағы жергіліктендіру қандай мазмұндарды қамтиды?» атты мақалада Ресей Компартиясы Орта Азия Бюросының бастығы Зеленскийдің «жергіліктендіруге» қатысты мынандай сөзі келтірілген: «Жергіліктендіру» дегеніміз – өкімет аппараттарының жергілікті халыққа жақындауы. Мұндай жақындауға жергілікті халықтың тілін үйрену арқылы орыстар да қол жеткізе алады». 1919 жылдың 5 маусымында Ташкентте өткен Түркістан коммунистерінің өлкелік ІІІ съезінің мұсылман делегаты өз сөзінде былай деді: «Біздер, мұсылман сорлылар, Николайдың кезінде де мал соңында зар еңіредік, қазіргі пролетарлық үкіметте де тап сол қалпымыз. Тіпті, одан да жаманбыз…». Сол кездегі саяси жағдайдың қиын болғандығы соншалықты, жергілікті халықтың 94 пайыз болғанына қарамастан, Түркістанның мемлекеттік істеріне жергілікті адам тарту жөніндегі ойларды еске алудың өзі “керітөңкерісшілдік” деп жарияланатын.
Ұлттардың Ресейден бөлініп кетуге дейінгі өзін-өзі билеу құқығы туралы, өз қалауы бойынша өздерін басқару деген сарында большевиктер берген уәделердің бос сөз болғанын Қазақстан шындығы бірнеше рет дәлелдеген-ді. 70 жылдан астам кеңестік дәуірде Қазақстанның бірінші басшыларының қатарында үш-төрт қазақ азаматының болғанына тарих куә. Кеңестік идеологияның талмай насихаттағанындай, «социализмнің нағыз кемелденіп коммунизмге аяқ басқан кезінде» Қазақстан басшылығына тағы да қазақ дегеннің кім екенін біле бермейтін өзге ұлт өкілінің келуіне байланысты болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының жарасы әлі жазыла қойған жоқ.
Мұстафа Шоқай Кеңес өкіметінің 30-жылдардан кейінгі ішкі саясатына да көп көңіл бөліп отырған. Әсіресе, мемлекетті басқару бағытындағы өзгерістер назардан тыс қалмаған-ды. Ол «Табыс мерекелері», «Ресейдегі жағдай және біздің міндеттеріміз», «Кеңес Одағының негізгі заңы төңірегінде» атты мақалаларында жеке адамның тарихтағы рөлін жоққа шығаратын марксизм идеяларының қателігін көрсете отырып, Сталиннің жеке басына табынушылықтың болашағын көрегендікпен болжай білді. Өздеріне қолайлы жайға үйренген жоғары элита Сталинді барынша дәріптеп, оны тәңірге айналдырғанын, кеңестік бұқаралық ақпарат құралдарында бар нәрсені тек соның атымен байланыстыру науқанының басталғанын жақсы байқады. Бұл, әсіресе, кеше ғана Қазан революциясында қан төгіп, жаңа үкіметтің басы-қасында болған, бейбіт кезде алғы шепте жүрген бірақ, Сталиннің жеке диктатурасымен келіспеген Зиновьев, Каменьев, Бухарин, т.б. толып жатқан партия басшыларына «сатқын», «фашист агенттері» деген ауыр айыптар тағылып, көбісі атылған еді. Бұл үдеріс кейін «сталиндік» деп аталған Конституцияның қабылдануына байланысты жаңа қарқын алған болатын. Ал қарсыластарын жойып, маңайын тазалап алған Сталин өзінің жеке билігін Ұлы Отан соғысындағы жеңістен соң әбден нығайта түскені мәлім. Содан жұмысшы табының диктатурасы Коммунистік партияның Саяси Бюросының, шындығында оның Бас хатшысының жеке диктатурасына айналды. Кейін жеке басқа табыну құбылысымен күрескендер де өздерінің жеке билігін ауыздықтай алмап еді. Оларды да жоғары билік мансабы құл еткен-ді. Партия жүйесінде реформа жасалмады. Осының бәрінің ақыры Кеңес Одағын құлатып тынды. Сөйтіп, кәрі тарих талай куә болған шындық – шексіз жеке биліктің ешуақытта жақсылыққа апармайтыны тағы да расталды.
Өз заманына сай терең білім алған заңгер Мұстафа Шоқайдың кеңестік саясаттың кейбір теориялық мәселелері туралы айтқан ойлары ерекше назар аударарлық. Олар сонылығымен және объективтілігімен қызғылықты. Әрине, бұл мәселелердің арнайы зерттелмегенін ескерген жөн. Ол кеңестік билік жалпы жұмысшы табының қолында емес, бір ғана большевиктер партиясының уысында екенін атап көрсетіп, биліктің «жұмысшы демократиясы» деп жалаулатқан үгіт-насихаттың шындыққа жанаспайтын саяси сипатын теріске шығарады. Оның дәлелі ретінде «Жұмысшы демократиясы дегеніміз тарихтың табиғи қажетіне сәйкес бірігіп, бүгінгі саяси демократияның шеңберінде бола отырып, жалпы жұмысшы табының дербес тап ретінде өзін көрсете алуы болып табылады» деген анықтама ұсынады. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай жұмысшылар табының да бір текті емес екенін атап көрсете отырып, социалист (түрліше түстегі) жұмысшылар болғаны тәрізді антисоциалист жұмысшылар да болатынын, Еуропада «католик жұмысшылар ұйымының» да бар екенін, егер жұмысшылар көмектеспесе және қатынаспаса, онда Италиядағы фашистер мен Германиядағы гитлершілдер күш алуы мүмкін болмағаны сияқты мысалдарды тілге тиек етеді.
Таптық күрес туралы Ресей теоретиктерінің ойларына да Мұстафа Шоқай өз көзқарасын ашық білдіреді. Ол «1916 жылғы ұлттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі» деген мақаласында: «Таптық күрес ұлттық өнеркәсібі қалыптасқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мүдделері бір-біріне қарама-қарсы тұрған, ұлттық буржуазия мен ұлттық пролетариат таптары бар тәуелсіз елдерде ғана болуы мүмкін» деген еді. Мақалада сол кездегі Кеңестің басшыларының бірінің «Түркістанда пролетариат табы туралы сөз болуы мүмкін емес. Ол жерде ұлттық пролетариатсыз пролетариат диктатурасы құрылды» деген сөзі де келтірілген. М.Шоқай сонымен қатар, өз мақалаларында Кеңес үкіметі мен коммунистік (большевиктік) партияның алғашқы кезден бастап күндіз-түні талмай насихаттаған тақырыбы пролетариат табының диктатурасы туралы айта отырып, ондай тап болмаған жағдайда оның диктатурасы туралы сөз айтудың өзі иінсіз, Түркістанда пролетариат диктатурасы емес, пролетариат арасынан шыққан беделсіз топтың диктатурасы деген қорытынды жасайды. Мысал үшін мынандай бір фактіні келтіре кетейік. 1928 жылғы 7 ақпандағы «Еңбекші қазақ» газетінде өндірісте жұмыс істейтін жұмысшы қазақтардың жалпы жұмысшылардың 2,2 пайызын ғана құрайтыны туралы жазылған болатын
Жинақтай айтқанда, тамаша теоретик, сұңғыла саясаткер, өткір публицист Мұстафа Шоқай деректерінің дәлдігімен, логикалық күшінің құдіретімен ерекшелеген өз шығармаларында Түркістан аймағының тарихи, ұлттық ерекшеліктерімен санаспайтын, санасқысы да келмейтін кеңестің әлеуметтік-саяси, экономикалық өмірі теориялық жағынан да, күнделікті тұрмыстан алынған нақты мысалдармен жеріне жеткізе жан-жақты сыналды. Кезінде әлемдік адамзат қауымдастығында көш басшылыққа ұмтылған алайда, жеке басшылық пен қоғамды халықтарды топтастыра құрудың орнына, таптық жікке бөліп, әлеуметтік топтарды бір-біріне қарсы қою негізінде орнатылған кеңес тарихының жетпіс жылдық өмірі Мұстафа Шоқайдың тұжырымдарын толық дәлелдеп шықты.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор.