Жаңалықтар

Кеңескеннің кемдігі жоқ

Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асановтың төрағалығымен өткен семинар-кеңесте облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері мемлекеттік органдармен бірлесе жер қатынастары және ветеринария мәселелерін талқылады. Аграрлық сектордағы мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және проблемаларды жою үшін шешімдерді бірлесіп іздеуді мақсат тұтты.

Семинар-кеңестің басты тақырыбы – жер конкурстарын ұйымдастыру және өткізу кезінде жергілікті атқарушы органдардың, жер комиссияларының жұмысындағы бұзушылықтар мен кемшіліктер. Сондай-ақ, мамандар фермерлік шаруашылықтар үшін жерді жалға беру тәртібін реттейтін заңнама нормаларын түсіндірді.

– Жер мәселесінде біраз қиындықтар бар. Әсіресе, конкурстық рәсімдерді өткізу кезінде комиссиялардың шешімдері жиі наразылық туғызады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін біз мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, құзыретті мемлекеттік органдарға, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, комитетке өтініш дайындауымыз керек, – деді Бауыржан Асанов.

Ветеринария саласындағы талаптарға, атап айтқанда, есептік нөмір алуға байланысты мәселелер де талқыланды. Атап айтсақ, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау ережесінің талабы бойынша биылғы қаңтардан кез келген субсидия алу үшін шаруашылықтың есептік нөмірі болуы қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығы өндірушісінің 50 талапқа сәйкес ветеринарлық-санитарлық паспорты болуы тиіс. Олар ірі бордақылау алаңдарына, шошқа шаруашылығы кешендеріне немесе мыңдаған мал басы бар мал шаруашылықтарына арналған.

– Қазір облыс бойынша мал шаруашылығында субсидия алатын шаруа қожалықтарының 80-85 пайызында 50-ден 200-ге дейін ірі қара мал бар. Олар қысқа мерзімде субсидия алуға қойылатын қатаң талаптарға сәйкес келмейді. Бұл талаптар фермерлердің мемлекеттік қолдау алуына тікелей әсер етіп, қиындықтар туғызады. Осыған байланысты рәсімдерді жеңілдету және жетілдіру үшін министрлікке ұсыныстар да жіберілетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан басқа, кездесуде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару туралы айтылды.

– 2022-2024 жылдар аралығында облыста 1,9 млн гектар жер қайтарылды. Оның 71,1 мың гектары немесе 3,7 пайызы айналымда, – деп атап өтті жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ламбеков.

Бауыржан Асанов қараусыз қалған және заңсыз берілген жерлерді айналымға қайтару, жер сауда-саттығын ашық өткізу, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру – ауыл шаруашылығының дамуына тікелей әсер ететін факторлар екенін атап өтті.
Фермерлер мен кәсіпкерлер бұл жүйені жетілдіру жөнінде ұсыныстар білдірді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button