Ресми

Кеңес көтерген мәселе көп

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысын өткізген аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев әуелі кеңес мүшелеріне азаматтық көзқарастары үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге, алдағы әлеуметтік, экономикалық жобаларды жүзеге асыруға ат-салысуға шақырды. Себебі, бой көтеретін жаңа әлеуметтік һәм өндірістік нысандардың ойдағыдай болуы үшін қоғам белсенділері тарапынан бақылау қажет-ақ.

Жылу жүйесін жаңғыртуға – 100 млрд. теңге

– Мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік жағдайлары, тұрғын үйлерді және автомобиль жолдарын салу мен жөндеудің сапасы, өңірдегі экология мәселесі, тағы да басқа көптеген сұрақтар сіздердің тікелей белсене қатысуларыңызбен шешіліп келеді.

Осындай белсенді жұмыстарыңыз үшін барлығыңызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді, – деді аймақ басшысы.

Ермағанбет Қабдулаұлының айтуынша, аймақтың негізгі салаларында ілгерілеу бар, дегенмен, әлі шешімін табатын мәселе де жоқ емес.

– Жүйеқұрушы ірі кәсіпорындардың логистикасының бұзылуы, шикізат нарығындағы қиыншылықтар, одан бөлек, сыртқы саяси мәселелерге қатысты шектеулер барын білесіздер. Пандемия жобалар құнының қымбаттауына алып келгені белгілі. Дегенмен, біз қоғамдық көлік жолақысының арзандауы, автобус паркінің жаңаруы, балалар үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастыру сынды бастамаларды енгізе береміз, – деді Е.Бөлекпаев.

Ол өз сөзінде Саран индустриалдық аймағын дамытумен байланысты жобалар бар екенін жеткізді.

– Қазір онда жұмыс күшін тартумен айналысып жатырмыз. Маман даярлау – өте маңызды іс. Маман тарту мақсатында басқа облыстарға бардық. Жақында тұрғын-үй құрылысында қолданылатын құбыр түрін шығаратын ірі зауыт өкілдері келіп, аймақта сондай зауыт салу жоспарымен бөлісті. Қазір жобасы жасалып жатыр. Бұдан бөлек, бөлшек саудамен айналысатын субъектілердің салығын төмендету туралы бастама көтердік. Бұл – аулалардағы дүкендер. Аталған шара шағын және орта бизнесті дамытуға әсер етуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы бүгінгі күндегі негізгі мәселе жылыту маусымына дайындық екенін жеткізді. Бұл мақсатта 100 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр.

– Бізде сегіз станса бар, білесіздер. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, кестеден кешігіп жатқандары бар. Оның ішінде, ЖЭС-2. Көмір тасымалдау мәселесіне қатысты «Қазақстан теміржолымен» тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша әсіресе, Қарағанды, Теміртауда мәселе көп. Алдағы екі-үш жыл Теміртаудың жылу жүйесі инфрақұрылымымен айналысамыз. Жылу және сумен қамту мәселелері Балқашта да бар. Екі-үш ай бұрын ірі апат болып, қала 4 күн сусыз қалды. Ол мәселе де шешіледі. Жалпы, 2025 жылы ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ететін боламыз. Оның жоспары бекітілді, – деген Ермағанбет Қабдулаұлы кеңес мүшелерінің көтерген мәселелеріне құлақ түрді.

Кәріз жүйесі тозып тұр

Осылай деп «Новый Вестник» газетінің журналисі Анастасия Машнина мәселе көтерді. Оның айтуынша, қаладағы кәріз жүйесінің 87 пайызы тозған.

Жауап берген аймақ басшысы бұл Қарағанды қаласына ғана емес, басқа да қалаларға ортақ мәселе екенін айтты. Бұл «кезінде қаржыландырылмағандықтан»,– деді.

– Қазір Қарағандыда екінші коллекторға қатысты жоба жасалуда. 5 млрд. теңгеден астам жоба толығымен қайта жөнделеді. Оған қалалық және облыстық бюджеттен кезең-кезеңімен қаражат бөлінеді. Оңтүстік-шығыстағы коллекторда да проблема бар. 2014-2015 жылдардағы санация кезінде сапасыз жұмыс жасалған. Бұған қатысты қала әкіміне тапсырма берілді, – деді Е.Бөлекпаев.

Мүмкіндігі шектелгендер қоғамнан тыс қалуда

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсарту мәселесін «Қуатты Күш» мүгедектер қоғамы» РҚБ өкілі Әбілда Әбдікәрімов көтерді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, арнайы орта қалыптастыру туралы бағдарламалар жұмыс істемейді. Мен бірнеше жұмыс берушімен сөйлестім, олар мемлекеттік субсидиялау бір жылға ғана төленетінін айтты. Әрі қарай олар мүгедектерге жұмыс тауып беруге ықылассыз. Жалпы, мүгедектік балалардың, жастар мен ересектер санатында беріледі. 40 жастан асқандар білімі, жұмысы болса, өмір сүре алады. Мәселе, жастарда. 18-ден асқан мүмкіндігі шектеулі жастарда не білім, не кәсіп, не машық жоқ. Олар әрі қарай өмір сүре алмайды. Олардың 30-40 пайызы өліп кетеді. Себебі, өмір сүруге құлшынысы жоқ, – деп баса айтты ол.

Бұған қатысты аймақ басшысы тағы да кездесу ұйымдастыруға дайын екендігін айтты.

Айрықша балаларға да жайлы орта керек

Мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесін «Лучик надежды» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Татьяна Кравченко жалғастырды. Оның айтуынша, жайлы мектептердің салынуы балалар үшін өте жақсы мүмкіндік. Бірақ, ол түрлі ауытқулары бар балалар үшін де жайлы болуы керк.

– Мүмкіндігі шектеулі балаға қатысты сөз болғанда кірер есік, пандус қана айтылады. Ал, орта сыныптарға өткенде ол бала үшін мектеп «жабылады». Неге? Себебі, әрі қарай жүріп-тұру мүмкіндігі жоқ. Екінші, үшінші қабатқа апаратын лифті керек. Гапеевадағы мектептің құрылысы жүріп жатқанда бірнеше рет барып осыны айттым, маған «лифті жобада жоқ, оны қазір қоссақ, оған қосымша қаражат керек», – деді. Сіз бақылау болуы керек деп айттыңыз. Салынып жатқан жайлы мектептерде осыны назарға алу керек. Мердігермен бірлесіп келісу қажет,– деді кеңес мүшесі.

Сонымен қоса ол Қарағанды техникалық құрылыс колледжіне барып-қайту маршрутын ұйымдастыруды сұрады.

– Ол колледж бірінші болып ментальді, тірек қимыл аппараты бұзылған балаларды оқыта бастады. Бірақ, оған жету қиын. Бірде-бір маршрут бармайды. Осы мәселені шешуді қолға алсаңыз, – деді Т.Кравченко.

Жансая ОМАРБЕК,
 Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button