Руханият

Картинадағы тағдыр

Мейірім – адамның жүзіне шуақ ұялатады. Қайырымдылық – сол шуақты сыңғырлаған күміс күлкіге айналдырып, жүректі қуанышқа бөлейді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Инклюзивті мұражай» жобасы аясында Татьяна ГОРШКОВАНЫҢ «Шексіз мүмкіндіктер» атты жеке көрмесі өтті. Бірнеше жыл бұрын жол апатына ұшырап, әке-шешесі мен сіңлісінен айырылған Татьяна бүгінде мейірімге мұқтаж жандар қатарында. Десек те, ол «мүмкіндігім шектеулі» деп қарап отырған жоқ. Сандық әдіспен түрлі-түсті ұсақ түймешелерді қадау арқылы картиналарды жасаумен айналысуда. Көрмеде талантты қыздың қолынан шыққан 22 еңбек ел назарына ұсынылып, 7-і сатылды.

Татьяна қазір атасымен тұрады. Оң қолы ғана істейтін Татьянаға тағдыр оң қабақ танытып, осы өнерге зейінін ашқан. Ой-өрісінің дамуы баяу болса да, өмірге құштар. Адамдарға осы өнері арқылы жылу, мейірім сыйлағысы келеді. Сөйлей алмаса да, мұны көзінен оқыдық.

Ол жол апатынан соң, 2,5 айдай комада жатты. Содан соң беті бері қарап, жүре бастады. Миына қатты зақым келіп, дамуы тежелген. 2006 жылы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектепті бітірді. Кейін өнер мектебіне барып жүрді. 2015 жылдан бастап, алмазды графикамен картина жасай бастады. Осы кезге дейін 50-ден астам картина жасады. Жасы отыздан асса да, әлі өзін бала сияқты ұстайды. Бейнелеуге қызығушылығы оның өмір сүруіне көмектесіп жүр. Жаны аман қалғанына «шүкір» дейміз. Жыл сайын емдетеміз. Үнемі дәрігерлер бақылауында. Картина жасаудан бөлек, суретті бояумен де салады. Бар өмірін осыған арнаған. Көрмені ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – дейді атасы Николай Блотун.

Жиынды мұражай басшысы Ержан Нұрмағамбетов құттықтау сөзімен ашып, ұйымдастыруды қолға алған кәсіпкер-меценат Мұрат Жадаевқа және оған қатысып, үлес қосуға келген барлық ел азаматтарына алғысын айтты. Кеш иесінің талантын жоғары бағалайтынын және қолдайтынын жеткізіп, шығармашылық табыс тіледі.

Көрменің ұйымдастырылуы да кездейсоқ. Бұған дейін де Татьяна жасаған дүниелер байқаулардан жүлделі орын алған. Кәсіпкер Мұрат Қайыпханұлы ауруханада Татьянаның атасы Николаймен бір палатада жатады. Сұраса келе оның ауыр жағдайына куә болған. Кейін, сауығып шыққан соң, олардың үйін іздеп тауып, осы көрмені ұсынған. Бұл ұсынысты музей басшылығы мен кәсіпкер азаматтар да құптай жөнеледі. Кемтар жанға жасаған жақсылығың еселеп қайтатыны анық. Осыны жақсы түсінген атпал азаматтар аянбай, көрмеден өзіне ұнаған жұмысты сатып алып жатты.

Көрмеге қойылған жұмыстардан Татьянаның жүрек үнін естігендей болдық. Арыстан мен жылқы бейнесі, шығып келе жатқан күн, ат жетектеген ару, тауға қарап ойға батқан бұғы, сарқыраманың үстінен алысқа көз тастап тұрған гепард, тауыс және Иса Пайғамбар бейнелері шебер жасалған. Осының бәрін бір қолмен жасағанына таң қалып, таңдай қақтық. Біз 12 мүшеміз түгел болса да кейде істің ебін таппай жатамыз. Ал, Татьяна өмірді шексіз сүйетін ынтасы биік қыз. Соның арқасында оны ел танып, талантына сүйсініп жатты.

«Арқа сазы» фольклорлық ансамблі де шараға арнайы келіп, жанды дауыста ән шырқады. Бұл кешті одан әрі әрлендіре түсті. Жиынның таза ауада, табиғат аясында өтуі де тегін емес. Татьяна жүре алмай қалғанда Табиғат Ана күш берді, аяққа тұрғызды. Теректердің үлпілдегі де Татьянаның жігері мен таланты құрметіне ұшып жатқандай көрінді.

Сонымен қатар, жұмыстардың арасында бояумен сызған натюрморттары да бар. Елдің ыстық ықыласы мен жұмыстарын сатып алғанын көрген Татьяна өте риза болды. Күлімдеп, жүзіне қуаныш ұялап, шаттанып отырды. Біз де іштей толқып тұрдық.

Облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева авторға ризашылығын білдіріп, Кәріпбек Күйіковтің жеке альбомын сыйға тартты.

Ал, сатылған 7 картинаның ақшасы Татьянаның жеке шотына түседі. Өйткені, оның ем-домына, дәрі-дәрмекке қаржы үнемі керек.

Атап айтсақ, «Матан» ЖШС атынан М.Жадаев пен Валерий Маркелов, «Кристалл» ЖШС, «Ғимарат-М» ЖШС, «Арқа Құрылыс 2009» ЖШС кәсіпорындары мен Гүлдана Камалова, Самат Асан есімді ақжүрек азаматтар 1 картинадан сатып алып, азаматтығын танытты.

Жұмыстарға зейінмен зер салсаңыз өте ұсақ жұмыс. Бұған дені сау адамның өзінің шыдауы қиын. Бұл – өмірге деген, өнерге деген махаббат. Картинадағы тағдырдан осыны ұқтық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button