Тағзым

Карлаг – қасіретті қара таңба

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Қарағанды жұрты Долинка кентінде орналасқан Қарлаг музейінің алдындағы «Қасірет стелласына» гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шамиль Осин, облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтонов және ақын Айтбай Жұмағұлов лагерде тұтқында болғандардың ұрпақтарымен бірге сталиндік саяси қуғын-сүргіннің адам айтқысыз айуандықпен жүргізілген азалы тарихын еске түсіріп, гүл шоқтарын қойды.

Тұтқында болғандардың ұрпақтарының бірі Мария Ерматенкова қазір – 73 жаста. 1949 жылы ата-анасы «халық жауы» ретінде сотталып кеткенде отбасындағы екі баланың біреуі колонияға жіберілсе, біреуі нағашы апасының қолында қалады. ағдыр талайына қиындықты жазғанымен, өміріне налымайтын Мария Дмитриевна – бұл күні шөбере сүйген ардақты әже.

1956 жылдан бері Долинка кентінде тұрады. Қолы қалт еткенде осы жерге келеді. Ата-анасы ақталды. «Бірақ, «халық жауының» баласы деген таңба кейінгі өміріме біраз кедергі келтірді» дейді ол.

Тағзым етуге келгендердің қатарында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туысы Болат Нұрмақов та бар.

«Ағам Нығмет 1937 жылдың шілдесінде репрессияға ұшырағанда мен әлі дүниеге келмеген едім» дейді Болат Жәменұлы. Бір шаңырақтан 4 адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағанда, әкесі Жәмен ауылда тұрып, аман қалған. Әуелде қарапайым жүргізуші, шахтер болса, кейін соғыс басталып, еңбек армиясына алынған. Болат Нұрмақовтың өзі дәрігер болып жұмыс істеген. Қазір зейнет жасында.

– Музей ашылғалы бері жыл сайын келіп, тағзым етемін. Осы жердегі экспонаттар ауыр кезеңді, тұтқындардың қиын өмірін нақты көрсетеді. Көргенде жан-дүниеңді дір еткізбей қоймайтын көріністерді бұған дейін ешқайдан көрген де, естіген де емеспін, – дейді Болат Нұрмақов.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Америка Құрама Штаттарының Майами қаласынан келген Анатолий Зиканов та репрессияға ұшырағандардың ұрпағы әрі «Содружество миротворцев» қайырымдылық қорының президенті Леонид Зикановтың немересі. Анатолий Зикановтың Қазақстанға келудегі ең басты мақсаты – репрессия құрбандарының есімдерін мәңгі сақтау үшін ортақ мемориал орнатып, есімдерін сол жерге жазу.

– Қарлагта Кеңес елінде өмір сүрген миллиондаған адамның тағдыры тоғысты. Жапон, корей, неміс, чех, поляк тәрізді 17 ұлт өкілдері бір қабірде жатыр. Олардың ұрпақтары ата-бабалары мәңгілік тыныштық тапқан жерге келіп, рухтарына тағзым еткілері келгенімен, қайда баруды білмейді. Оның үстіне, әлі де құпиясы ашылмаған мұрағат құжаттары бар. Егер рұқсат берілсе, тізімді ашып, лагерде болғандардың аты-жөнін мемориалдық тақтаға жазсақ деген ойымыз бар, – дейді Анатолий Зиканов.

«Содружество миротворцев» қайырымдылық қорының үш бағыты бар. Біріншісі – волонтерлік бағыт болса, екінші бағыты ұлы адамдардың өмірін еске алуға бағытталған. Ал, үшінші бағыты қарлагтықтарға арналмақ. Себебі, бұл жерге шетелдіктер үлкен қызығушылық танытуда.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button