Карантинде көруге лайықты фильмдер
Бүгінгі күн ахуалынан туындаған «Коронавирус жұқтырмаудың амалдары» деген сарынды кеңестерді жұртшылық жаттап та алған болуы тиіс. Соларды санаға сіңіріп, күнделікті бұлжымас әдетке айналдыру – әркімнің өз қауіпсіздігінің кепілі. Ал, карантин кезінде төрт қабырғаға қамалған адамдар отбасымен отырып қандай фильм көргені дұрыс? Біздің айтпағымыз сол туралы…
Сонымен, алғашқы фильм – «Соник кинода». Тоқсаныншы жылдардың балалары жақсы білетін «СЕГА» приставкасының ойын кейіпкері Соник жайлы фильм. Бұл – ойынды ойнамаған балалар да жылы қабылдайтын туынды. Оның біздің буынның көңіліне қона кетуінің тағы бір себебі – әйгілі Джимм Керридің басты кейіпкердің бірін сомдауы. Фильм туған жерді сүю, туған-туысыңды, достарыңды қиыншылықта тастамау сынды қасиеттерге баулиды.
Екіншісі – үнді фильмі. Үнділер күніне бір кино шығарады деген түсінік қалыптасқан көбімізде. Шын мәнінде, Болливуд киноларының көбі музыка мен төбелес кезеңінен өтіп кеткен. «Режиссер Нитеш Тиваридің «Дангал» атты бұл фильмін спортпен айналысатын әр бала, баласы спортпен айналысатын әр ата-ана, сондай-ақ, әр жаттықтырушы көрсін», – деп ұйғарым жасауға болатын туынды. Басты рөлдің бірін Аамир Хан есімді тамаша актер сомдайды. Егер, сіздің кино әлемінен ептеген хабарыңыз болса, Аамир Ханның Болливуд деңгейінен әрі өтіп, әлемдік кино саласында өз орны бар актер, режиссер екенін білуге тиіссіз.
Фильм Аамир Хан сомдайтын әкенің (Махавир Сингх Пхогат) екі қызының спорттағы жолы жайлы әңгімелейді. Махавир жас кезінде өзі де күреспен айналысады. Штат деңгейіндегі жарыстарда жүлделі де болады. Мемлекеттің, биліктің спортқа жеткілікті көңіл бөлмеуіне байланысты күйбең тірлік қамымен күнкөрісін басқа саладан тапқан. Бірақ, өзі жетпеген биікке ұлым жетсе екен, елімнің байрағын биіктерден желбіретсе екен деген арманмен кетеді. Алайда, менің ауылдағы Жантөре әкем айтпақшы, «Шебер Құдай» оның маңдайына ұл сүю бақытын жазбапты. Бес қызы бар әкеге үлкен екі қызының ұлдармен төбелесіп келуі қатты әсер етіп, оларды күреске өзі баулиды. Үндістанда қыздар күресі дамымағандықтан, қыздарының жарыстарға қатысуына қатысты туындаған қиындықтар, ер балалармен күрескені, айта берсеңіз қызықты оқиға жетеді бұл фильмде. 2016 жылы шыққан фильмнің ұзақтығы – 161 минут. Бірақ, сіз бұл филмнің қанша уақытқа созылғанын сезбей де қаласыз. Сондықтан, міндетті түрде көріңіз. Айтпақшы, бұл фильм ойдан шығарылмаған. Фильм соңында өмірдегі прототиптерін де көрсетеді.
Үшінші фильм вестерн жанрынан болсын. Әркімнің таңдауы әртүрлі екенін ескере отырып, әдейі түрлі жанрдан ұсынып отырмыз. Ұзақтығы 2 сағат 14 минутты құрайтын, 2017 жылы шыққан «Недруги» деп аталатын фильм. Бұл туындыда қарсыласы кірпігін қағып үлгергенше тапаншасын суырып алып, жанын жаһаннамға жіберетін кейіпкер жоқ. Кино оқиғасы бірден басталғанымен жай өрбиді. Бірақ, «мынау қашан бітер екен?», – деген ой тудыра қоймасы анық. Фильмде үндістер мен басқыншы Американың ара қатынасы суреттеледі. Біржақты қаралау, не ақтау да жоқ. Әр тараптың адамдарының ішкі сезімдерін тамаша ойната білген. Кейіпкерлер көп сөйлемесе де, табиғат көріністері, музыка үні арқылы кімнің не дегісі келгенін дөп басады. Кино болған соң ол жерде еркек те, әйел де болады. Бірақ, бұл кинодан керемет махаббат оқиғасын да көрмейсіз. Қысқасы, көрсетпегенін астарлап сездіре алатын дүние. Карантин кезінде көруге лайықты екі фильм болса, біреуі – осы.
Төртінші фильм – «1+1» деп аталатын тартымды туынды. Омар Си атты тамаша актер ойнайтын фильм. Мүгедек миллиардер мен он екі мүшесі сау, жұмыс таба алмай жүрген, кедей ортада өскен жігіттің тандемі. Екеуі – екі әлемнің адамы. Бірінің өмірі – екіншісіне таңсық. Екіншісінің өмірі біріншісіне тым тұрпайы әрі жабайы көрінуі мүмкін. Бірақ, фильмнің түпкі тәмсілі – екі кейіпкердің де бір-бірінен үйренері көп екенін, қоғамда түрлі адамдар мен көзқарастар бар екенін айту. Көріңіз, өкінбейсіз.
Бесінші туынды – режиссер Рашид Сүлейменовтың «Айна» фильмі. Денис Теннің қайғылы өлімі әлі естеріңізде шығар? Фильм қымбат көліктердің айнасын ұрлаумен күндерін көретін бұзақы топ жайлы. Өте шынайы түсірілген. Басты кейіпкерлер де өз рөлдерін жақсы алып шыққан. Ауылдан арман қуып келген жастардың айна ұрлау себебі мен салдарын ашық көрсетеді бұл кино. «Қылмысымыз әшкерелене қоймас» деп ойлайтын көп жастардың санасын сілкінтеді.
Әзірге, біз ұсынған бес фильм – осы.
Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ