Бас тақырыпЖаңалықтар

Канал күні – шуақты мереке

Орталық Қазақстан орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен, өнеркәсiп және ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау көзi ретiнде Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың аты әлемге әйгілі. Әңгімені әріден бастайық. Кім біледі, қазақтың маңдайына Қаныштай ұлды бермегенде Арқа даласы құрғап, суға зәру болар ма еді? Себебі, кенді аймақтың тұрғындарын сумен қамтудың жаңа жолының тиімділігін Мәскеудегі мекеме басшыларына дәлелдеп, «ғасыр құрылысын» іске асыруға мүмкіндік ашқан Қанекең еді. Он екі жыл бойы салынып, 1971 жылы пайдаланыла бастаған «Ертіс-Қарағанды» каналы бүгінде «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» деп аталуы заңдылық. Осынау су каналының арқасында, қазір Қарағанды халқы судан тапшылық көріп отырған жоқ.

Сенбі күні Астананың жиырма жылдығы аясында Осакаров ауданына қарасты Молодежный кентінде «Канал күні» мерекеленді. Биылғы жылы Қаныш Сәтбаев атындағы каналға 43 жыл толып отыр. Ертіс суы өндіріс орындарын, Қарағанды, Павлодар облыстарының тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге үлес қосқан «Канал күні» бұқаралық мәдени және спорттық шараларға ұласты. Шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, қызметкерлердің бірлігі мен ынтымағын нығайту.

Мерекелік шарада сөз алған «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы Қарағанды пайдалану басқармасының бастығы Дулат Экзеков каналдың тарихына тоқталып, жиналғандарды құттықтады.

 Сонымен қатар, осы күні «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалының директоры Оңдасын Жиенқұлов, «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары – бас инженер Аян Иманбердиев, «Су шаруашылығы қауымдастығының» президенті Нұрлан Атшабаров сынды басшылар құрамы, су саласының мамандары, жергілікті атқарушы билік өкілдері мен кент тұрғындары қатысып мекеменің бүгінде атқарып жатқан жұмыстарын тамашалады.

Бүгінде каналды автоматтандыру және реконструкциялау жұмысы алға басуда. Суды есепке алуды, диспетчерлік басқару пунктін толығымен жаңа тәсілге көшіру – үлкен жұмыс. Біз бұл шаруалардың барлығын диспетчерлік басқару алаңында жүзеге асып жатқандығын байқадық. Расымен де, цифрлы технология озық әдістерді үйренуге, қадағалауға қолайлы жағдай туғызып отырғандығын көзіміз көрді. Технология және интерактивтік мониторлар қойылған.

 Цифрлы технологияның сиқырлы тұстары көп екен. Мұндағы жұмыстарды «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалының бас инженері Максим Эммерих мәлімдеді.

 – Суды пайдалану және су технологияларын енгізу, суды бұру, табиғи және сарқынды суларды тазарту механизмдері су объектілерін зерттеу бұл мекеменің басты жұмысы. Елбасының үшінші жаңғыруға негіз болатын Жолдауында: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды, кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек»,– делінген. Цифрлы технологияны қолдану автоматтандыру ісі және тиісінше мониторинг жүргізуге септігін тигізеді. Бұл – өте үлкен жоба. Кеткен су шығыны мен қажетті су мөлшерін толық анықтауға мүмкіндік береді», – деді Максим Эммерих.

Сондай-ақ, Максим Эммерихтың айтуынша, «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» арнасымен жылына 2 млрд. текше метр су өтеді. Ертістің суын Қарағандыға дейін 22 насос құрылғысы үздіксіз айдайды. Екі аралықта ондаған су қоймасы бар. Осындай күрделі кешеннің жұмыс істеуінің арқасында кеншілер қаласы суды бұрынғыдай қашықтан тасып, әуреге түспейді. Одан бөлек, «АрселорМитталТеміртау» сияқты өнеркәсіп алыптары канал суын қажетінше пайдаланады.,

 – Кезінде каналдың құрылысы өте сапалы жасалған. 43 жылдай жұмыс істеген құрылғылардың сыр бермеуінің өзі таң қаларлық жағдай. Десек те, оларды заманға сай жаңарту керек. Каналды одан әрі ұзарту ойы бар екенін ескерсек, заманауи құрал-жабдықтар қуаттылықты еселеуге мүмкіндік береді. Оның жұмысына қажетті құрал-жабдықтар да арнайы тапсырыс бойынша сатып алынып отыр, – деді Максим Эммерих.

Қаныш Сәтбаевтың салып кеткен жобасын одан әрі ұқсатуға көшкен мекеменің бағыты айқын.

Бұдан кейін, жас мамандардың үйіне бас сұқтық. Мұнда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, мекеме бюджетінен қаржы бөлініп, тозығы жеткен үйдқалпына келтіріп, үш бөлмелі 8 пәтерге жөндеу жұмысын жүргізген. Дәл осындай екі пәтерге де жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бөлмелері мұнтаздай таза, әрі кең және кереуеттер қойылған. Тіпті, дәретхана бөлмелерінде ересектерге арналған бір қолжуғышты, ағызу жүйесін, үлкен ваннаны орналастырған. Есігінің алды абаттандырылып, балалардың ойын алаңы да салынған.

– Қазір қай салада болсын облыс орталықтарынан шалғайдағы аудандар мен елді мекендерде кадр жетіспеушілігі туындап, іске бел шеше кірісетін мамандар тапшылығы белең ала бастады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге келген мамандарға берілетін әлеуметтік қолдау шаралары бар. Біз бірақ, өзіміздің мамандарды үймен қамтамасыз ету үшін жергілікті билікпен келісіп, ескі үйлерді қайта қалпына келтіріп, мамандарымызды осында шоғырландыруды жөн көрдік. Мұның тиімдісі біздің мамандар кезек күтпей 5 жыл келісімге сәйкес осы пәтерлерге қоныстана алады,– дейді «Қазсушар» «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалы Қарағанды пайдалану басқармасының бастығы Дулат Тұрсынұлы.

Сонымен қоса, каналдың учаскелерінің ғимаратына ат басын бұрдық. 7 учаскенің қызметкерлері шоғырланған ғимаратты айтулы мекеме күрделі жөндеуден өткізген. Қабырғаларын қалыпқа келтіріп, едендерін жаңалап алған. Ағаш есіктер, пластик терезелер орнатқан. Осы нысанда келіп жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін 50 адамдық жатын бөлмелер де қастырылған. Ғимарат сырты түгелдей қоршалып, айналасы көгалдандырылып, асфальт төселген. Сонымен қатар, қызметкерлер мен ауыл тұрғындары үшін салынған жаңа көпфункционалды хоккей (корты) алаңы жастарды спортқа баулып, болашағының жарқын болуына септігін тигізеді деген үмітте.

Осы күні бір орталықтан басқарылатын жылу жүйесін де көзбен көрдік. Барлық жылу қазандығы жөндеуден өткен. Жылыту жүйесін қарамағында көп жылдан бері ұстап келе жатқан мекеме бүгінгі күннің өзінде 70 тонна көмірін де түсіріп қойыпты. Аталған жылу аймағында іске асырылған жұмыстар көңілді толтырарлықтай. Қысқы маусымға әзір. «Қазсушар» РМК «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы кенттің көшелерін де назардан тыс қалдырмаған. Бірқатар көшелерге қоршаулар орнатып, тіпті, асфальт төсеген.

Абаттандыру жұмыстарына келетін болсақ, тұрғын үй аулаларын жарықтандыру мен көгалдандыру бір сөзбен айтқанда, атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы үлкен.

Мекеменің игілікті істеріне жергілікті жұрт дән риза. Мереке барысында алқалы жиын өтіп, әсем әндер шырқалып, билер биленді. Көпшілік бұл күні арнайы тігілген киіз үйден ас ішіп, спорттық ойындарға куә болды.

 Сонымен, шағын футболдан ІІІ орынды «Қазсушар» РМК құрамасы еншілесе, ІІ орынды Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың Астана құрамасы, І орынды «Шідерті» командасы иеленді. Волейболдан ерлер арасында «Қазсушар» РМК құрамасы І орынды, «Шідерті» командасы ІІ орынды, «Молодежный» командасы ІІІ орынды иемденді. Ал, әйелдер арасынан «Шідерті» командасы үздік шығып, «Молодежный» командасы ІІ орынға табан тіреді. Кір тасын көтеру бойынша Роман Герасименко І орынды, Стас Калинин ІІ орынды, Руслан Шөкенов ІІІ орынды еншіледі. Қол күрестен Стас Калинин І орынға, Руслан Шөкенов ІІ орынға, Жанболат Уашпаев ІІІ орынға тұрақтады. Қазақ күресінен 70 келіге дейінгі салмақта қарсыластарынан басым түскен Нұрмет Қабанбайға І орын бұйырды. ІІ орынға Айтуар Адай, ІІІ орынға Абылай Нығмет жайғасты. 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ербол Төлешов І орын тұғырына көтерілді. ІІ орынды Азамат Дүйсенбиев, ІІІ орынды Аманжол Узмеш місе тұтты.

Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубоктар мен медальдар табысталды. Сондай-ақ, «Қазсушар» РМК «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button