Жаңалықтар

Кайран, Каракоз!..

        Бұл жерде Қаракөзді сүйген Сырымның да, Сырымды сүйген Қаракөздің де (тіпті, ол жасында Наршаға атастырылып қойылса да) еш кінәсі жоқ делік. «Сүйісер жастар қате етпес» (Абай). Бірақ, қазақ салт-дәстүрден, ардан аттап кетпеуші еді ғой? Туыстықтары жеті атадан әлі асып үлгермеген Қаракөз бен Сырымның мұнысы несі, ендеше? Алты атадан туысатын екеуінің арасындағы ынтық сезім әділетке сыя ма қазақ жолында?

С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры 85-ші маусымды Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясымен қорытындылады. Осымен маусым жабылды. Көрермендердің қойылым тамашалаудағы мәдениетінің төмендігі болмаса, спектакль жап-жақсы өтті. Бізде театр мәдениетінің қалыптаса қоймағандығы – көңілге түрпідей тиеді, әрине. Кей көрермен жылайтын жерде қол соғып, қуанса, енді біреуінің қалта телефоны «боздап» жатады. Арасында әңгіме де жіберіп алатындары бар. Соған қарамастан, облыс әкімі Ерлан Қошанов маусымның жабылуына арнайы келіп, қойылымды тамашалады. Спектакль соңында ықылас гүлін де табыстады. Сонымен, «Қаракөзге» көшсек.

Жеті атадан асырмай қыз алып, қыз беріспейтін, сол арқылы қан тазалығын сақтайтын қазақтың ата салтында мін бар ма? Жоқ. Мүмкін ол баста қарын құда, бесік құда түсіп, атастырып қоятын ата-ананың қатесі? Қайдам?! Оған дейін ол салттың бір жерінен ши шығып жатса, көшпелі елдің мың жылдар бойы түзілген тәжірибесінен өтпей, қолданыстан шығып қалмас па еді? Мұндағы бір кілтипан – кезінде шығармаға тиген кеңестік идеологияның салқыны дейді бір ойым… Авторда емес!IMG_2856

Иә, Қаракөз – жап-жас сұлу. Сырым да – тең құрбысының алды. Өзі – сері, өнерпаз. Бір-бірін сөзсіз сүйеді. Бірақ, біріншіден – Қаракөз ертеде Наршаға атастырылып қойылған, екіншіден – Сырым мен Қаракөз туыс. Қазақтың ата жолы қоспайды оларды. Қаракөзге енді екі сүймек бар ма? Табиғатынан өжет Сырым дегенінен қайтсын ба? Ақыры, Қаракөз ата салт бойынша Наршаға ұзатылады. Бірақ, оны сүймейді. Нарша қалыңдығы десе, өлуге бар. Драма осы жерден шиеленіседі.

Сіздіңше махаббат деген не? Екі жастың бір-біріне деген ынтық сезімі ме, әлде, сол сезімді қорғау жолындағы күрес пе? Онда Абайдың:

«Махаббат, достық қылуға,

Кім де болса, тең емес.

Қазір дайын тұруға

Бес күндік ғашық – жөн емес.

Сүйіспек көңілім ойлайды,

Жанның бәрі қатыбас.

Сүйісу тозбай тұрмайды,

Еңбекке аз күн татымас», – дегені қайда қалады? Бұған бақсақ, күллі адамзаттық сана-сезім мен салт-сананы өзіңнің лап етпе сезімің мен сүйіспеншілігіңнің жолында құрбан етуге бола ма? Онда біздің адамдығымыз қайсы? «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дегенде осы хакім Абай нені нұсқады екен?

«Әуелде бір суық мұз ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқ­тау­лылық, талапты, шыдамдылық,

Бұл қайраттан шығады – білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» (Абай).

Яғни, Сырым мен Қаракөздің ағаттығы осы өлеңді оқығаннан байқалады. Елдің салты, ата жолымен атастырғанынан емес! Ақыл мен қайраттың жоқтығынан Қаракөз өлім құшса, Нарша құсадан қайтты. Онсыз­да серілікпен жүрген Сырым қаңғып елден кетті. Үшеуінің де болашағына балта шабылды. Хакім айтпақшы, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды». Екі жастың елп еткен ессіз сезімі қайда апарды? Ел арасын бұзды. Қазақтың мыңдаған жылдар бойы қан тазалығын сақтап келген салтына шіркеу түсірді. Еске еріксіз Құнанбайдың турашылдығы түседі. Қапелімде қаталдық та қажет екен. Қорқытып, үркіту үшін емес, ұрпақты ұлағатты жолдан тайдырмас үшін. Айналып келгенде, осының бәрі қазақтың қадымнан келе жатқан бір-ақ ауыз батасы: «Ұлыс оң болсын!» дейтін. Яғни, ұрпақ бұзылмасын. Ұрпақ бұзылса – ел, ел бұзылса – ұлыс бұзылады. Ендеше, «Ұлыс оң болсын!».

Жәнібек Әлиман.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button