Ұлы Жеңіске – 76 жыл

Кадет кімді тәрбиелейді?

Қазір мектептерде әдемі форма киіп, сабағын құлшына оқып жүрген «Жас сарбаз» сыныбының оқушыларын көрсең, көзің тояды. Үстіндегі әскери формаға лайық болу үшін әр бала барын салып, тырысуда. Білуімізше, бұл сыныпқа озат әрі денсаулығы мықты балаларды қабылдайды. Бастысы – оларға стимул бар. Бұл сыныпқа өту үшін әр оқушы сабағын, тәртібін дұрыстайтыны анық. Сонымен қатар, онда қабылданған соң да өзінің осы сыныпқа лайық екенін дәлелдеуі керек.

Дерекке сүйенсек, оқушыларды патриоттыққа, саламатты өмір салтына баулып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру және насихаттау мақсатында облыстың 24 білім беру ұйымында «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныбы ашылған. Қарағанды қаласында 7 «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныбы, басқа аудан, қалаларда бір-бір сыныптан бар. Жалпы, бұл сыныптарда 625 бала оқиды.

«Жас сарбаз» қозғалысының көздегені – өскелең ұрпақ бойында жоғары азаматтық белсенділікті, патриотизмді, рухани-адамгершілік қасиетті дамыту. Жеке тұлғаны қалыптастыру арқылы Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеу. Сонымен бірге, жастар арасында дене шынықтыру мен әскери-қолданбалы спорт түрлерін танымал етуді мақсат еткен.

«Жас сарбаз» сыныбы дегенде ойға бірден Шоқан Уәлиханов оралады. Сол дәуірдің ең таңдаулы оқу орны Сібір кадет корпусын үздік бітіргені мәлім. Ол өзінің қысқа ғана ғұмырында сан түрлі саланы зерттеп, халқына өшпейтін мұра қалдырды. Өмірді сүйіп, білуге, еліне пайдалы болуға деген адамгершілік ұлы мұраттың озық үлгісін көрсетті. Петерборға Шоқан әр келген сайын құрметіне би кеші ұйымдастырылады екен. Ықпалды орыс князьдарының сұлу қыздары Шоқанмен бір билеу үшін кезекке тұратын көрінеді.

Сол дәуірдегі озық әскери оқу орындарын бітірген қазақтың басқа да біртуар азаматтары бар екендігі соңғы кезде жиі жазылып жүр. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған тарихшы, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының «Майдандағы қазақ офицерлері» (ХІХ ғасырдың соңы және ХХ ғасырдың басы) мақаласынан Омбы әскери прогимназиясында және Қазан юнкерлік училищесінде білім алып, подполковник әскери шенін иеленген Ноғайбай Жетпісбаев, Маңғышлақ комиссары болып, 2-Орынбор кадет корпусын, Александровск әскери училищесін 1-дәреже бойынша тәмамдаған Оспан Көбеев, Орал әскери училищесін, кейін 1905 жылы Қазандағы жаяу әскер-юнкерлік училищесін бітірген, Алашорда үкіметінің мүшесі Молданияз Бекімов, 1916 жылы Николаев кавалериялық училищесін аяқтаған Жәңгір Жантөрин (Кіші Жантөрин) сынды еліміздің біртуар ұлдары болғанын аңғарамыз.

Байқасақ, бұл дәуірдің әскери оқу оқығандардың ешқайсы осал емес. Әскери қызмет – ақсүйек өнер саналған ежелден.

Осылардың бәрін екшей келе қазір «Жас сарбаз» сыныбының өскелең ұрпаққа берері мол деп еркін айта аламыз. Өйткені, балаға форма киіп жүрудің өзі жауапкершілік жүктейді. Мәселен, жуырда «Бірінші Қарағанды» арнасының Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған телевизиялық байқауында Нұркен Әбдіров атындағы орта мектептің 6 «А» «Жас сарбаз» сыныбының оқушысы Нұрқанат Ілесәлиев жүлделі III орынға ие болды. Оның жауапкершілігі, тәртібі, сахна мәдениеті – жоғары. Бұл оқу ордасында «Жас сарбаз» сыныбында ұлдармен қатар, қыздар да оқиды.

Ал, №4 мектеп-интернаттағы «Жас сарбаз» сыныбына 7 сыныптан қабылданады. Жатып оқитын болғандықтан, уақыты жүйелі кестемен толықтырылған. Бос уақытының өзі қадағаланады. Жай ғана күнделікті киімінің жағасына ақ матаны тігуі оларда тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Күнделікті сабаққа киетін киімдері жүріп-тұруға ыңғайлы болса, мерекелік кештерде киетін киімдері бір бөлек. Айына бір рет жақын маңдағы әскери бөлімге барып, ондағы өмірмен етене танысады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады.

Кейін олардың көбі Талғат Бигелдинов мектебіне түсіп, сол бағытта оқуын жалғастырады. Мамандардың айтуынша, бұзықтау баланың өзі 7 сыныпта «Жас сарбаз» қатарына қосылғанда, есейіп шыға келеді екен. Оның үстіне, олардың Тәуелсіздік мерекесіне орай арнайы ант қабылдауы да жауапкершіліктің жүгін сездірсе керек.

Б.Момышұлы атындағы мектеп-бөбекжай кешенінде «Жас сарбаз» сыныбын бітіргенде сертификат беріліп, оған қатысқан үйірмелеріндегі жетістіктері жазылады. Сондай-ақ, Қарағанды политехникалық университетінің ұстаздары меморандум аясында жас сарбаздарға дәріс оқыса, 5451 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы жасағының мектепте «Жас бүркіт» атты бөлімшесі бар. Бұл білім ошағында «Жас сарбаз» қазақ сыныбы сапына тек ұлдар қабылданады.

Кейінгі кезде бұл игі бастама заманға лайық, жетіле түсуде. Қазір оқу-әдістемелік орталығы мен қалалық білім бөлімі бірлесіп, «Жас сарбаз» сыныптарының жұмысын ұйымдастыру және облыстағы білім беру ұйымдарында әскери-патриоттық клубтар ашу бағытында әдістемелік ұсынымдар әзірлеуде екен. Демек, «Жас сарбаз» сыныптары болашақта елін қорғайтын, оның гүлденуіне үлес қосатын нағыз патриот азаматтар тәрбиелейтіне бек сенімдіміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button