Спорт

Көзмергендер жеңісі көңіл қуантты

Садақ атудан Өскеменде өткен ел чемпионатында Қарағанды облысының командасы үш алтын, екі қола медаль жеңіп алды. Әрі жалпыкомандалық есепте IV орын иеленді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Аталған турнирге барлық өңірден 300-ге жуық спортшы қатысқан. Солардың ішінде «Қайрат» спорт мектебінің тәрбиеленушісі 14 жастағы Амина Асланова екі алтын медаль жеңіп алды. Ол «Қалқан» және «Жамбы» нысанасын 20 метр жерден көздеп, үздік нәтижеге қол жеткізді. Жас спортшы осы спорт түрімен 10 жасынан бері айналысып келеді. Бұған дейін де ел чемпионатына қатысып жүлделі ІІІ орын және Гран-при жеңіп алған-тын. Осы чемпионатқа жаттықтырушысы Кая Мазнева арнайы дайындап, жарыс жолына қосыпты. Жас спортшының өзі – спорт шеберлігіне үміткер. Енді «Спорт шеберлігін алсам» дейді.

Жарыс жолында бақ сынаған 17 жастағы Армана Нұрланова да команда қоржынына алтын салды. Ол да «Қайрат» спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Төрт жылдан бері осы спорт түрімен айналысып келеді. Ол чемпионатта «Жамбы» нысанасын 25 метр жерден дөп көздеп, жеңіске жетті.

– Осы спортқа келуіме тікелей анам себепкер болды. Анамның өзі ат спортымен айналысады. Анама қарап менде садақ атып, өзімді сынап көргім келді. Жаттықтырушым Надежда Кефер атудың қыр-сырын үйретіп, үлкен турнирлерге алып шықты. Өзім болашақта тарих пәнінің мұғалімі болғым келеді. Бірақ, ұстаздық жолды таңдасам да спорттан қол үзбеймін, – деді Армана Нұрланова.

Қоржынға тағы екі қола медаль салған «Қайрат» спорт мектебінің тәрбиеленушісі апалы-сіңілі Айым мен Кәусар Байжановалар. Мектептің жаттықтырушысы Айдархан Әбрахманов екеуін арнайы дайындап, бәсі биік бәсекеге аттандырған.   

Аталған чемпионатқа спортшыларды іріктеу үшін әуелі облыстық біріншілік өткізілген. Оған Қарағанды, Шет, Бұқар жырау және басқа да аудандардан жас спортшылары қатысты. Чемпионатта 10 жасқа дейінгі балалар – 10 метрден, 10 жастан 12 жасқа дейінгілер – 15 метрден, 13 жастан 15 жасқа дейінгілер – 20 метр қашықтықтан атты. Ал, 16 жастан 17 жасқа дейінгілер – 25 метрден нысана көздеді. Әрі олар «Жамбы», «Туто» және «Қалқан» нысанасы бойынша сынға түсті. Солардың ішіндегі ең қиыны – жамбы ату. Себебі, нысана жіпке ілінген. Одан қала берді желден шыр айналып тұрады. Соған қарамастан жас спортшылар мергендік танытты.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button