Жаңалықтар

Көзілдірік

Алмаз МЫРЗАХМЕТ 1987 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген.

Әдебиет әлемінде қаламының қарымымен танылып келе жатқан жас жазушы XIV «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын жолақ» сыйлығының иегері. Сондай-ақ, республикалық «Ұлт болмысы» байқауында «Үздік жазушы», ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Аңсар – 2015» және «Алтын тобылғы – 2016» әдеби байқауларында «Жылдың үздік жас жазушысы» атанды. Республикалық «Ауылым — алтын тұғырым» әдеби байқауында ІІ орын иеленді.

Мемлекеттік тапсырыс аясында «Ханшайым», «Қала мозайкалары» атты кітаптары жарық көрген.

Бүгінде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қызмет ететін Алмаз жақында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Жас жазушыны кезекті биігімен құттықтай отырып,  назарларыңызға  «Көзілдірік» атты шағын әңгімесін ұсынғанды құп көрдік.

РЕДАКЦИЯДАН.

Менің екі бөлмелі пәтерімнің қос терезесі де қаланың орталық көшесіне қарайды. Көшенің арғы жағында кейіннен салынған шыны дүкен бар. Онда Праганың хрусталь ыдыстары сатылады. Дүкеннің ортасына декорация ретінде аквариум қойылған. Ішінде алтын жиекті ыдыстармен үйлесіп алтын түстес балық жүзіп жүреді. Әдеттегідей сұқ саусағыммен мұрнымның ұшына жылжып кеткен көзілдірігімді көтеріп қойып, пәтерімнің терезесінен шыны дүкеннің ішіндегі аквариумға қарап отырмын.

Діндар досым жындардың адамдармен бірге өмір сүретіні жайлы айтқаны бар-тын. Олар бізді көреді екен де, біз оларды көрмейді екенбіз. «Жындарда адамдарды көре алатын көзілдірік бар ма?» – деп әзілдесем, ол: «Керісінше, адамдардың оларды көрмейтін көзілдірігі бар» – дейді. Шыны айнаның әр жағындағы әлем деп айтса да түсінер едім.

Көзілдірік киетін адамдар теңіздің жағасындағы суға жартылай түскен аквариумдегі балықтар сияқты. Шыныдан жасалған шекараны сындыру мүмкін емес. Сындырудың қажеті де жоқ. Біз көз алдымыздағы шынының ішінде өзімізді қорғанышты, еркін сезінеміз; жалғыздықтың жанға батқаны болмаса…

Дүкен ішіндегі аквариумдағы балыққа көзім жетер емес.

Менің ағам көзілдіріксіз өмірін елестете алмайды. Шынысы қалың, жиектемесі пласмассадан жасалған ебедейсіз бұйымды шешіп тастағанда көз алды тұманды әлемге айналатындықтан ғана емес, отыз жыл жас­ынан тастамай, көзілдірігі дене мүшесіне айналып кеткендіктен. «Менің жанымның жартысы көзілдірігімде» деуші еді өзі. Қос аяғын кесіп тастаған көрші Өмкең шал күні-түні табаным қышиды деп зар жылап отыратын. «Аяқты кесті, жанды қалай кессін?» дейтін. Ағамның жаны көзілдірігіне де сіңуі мүмкін ғой. Сол бұйымын шешіп тастаса мүлдем басқа адам болып шыға келеді.

Бір күні ағам ой үстінде келе жатып, бағдаршамның қызыл жанғанын байқамай жолдың ортасына шығып кетіпті. Бұл жол қаланың күре тамыры сынды еді. Күні-түні, ағыл-тегіл, арлы-бері ағылған көліктен бір арылған емес. Және бірін-бірі аңдыған төрт бұрылыстың саласындағы бағдаршамның тұсы. Ағам жерден көзін алмай, өз ойына оранып он – он бес қадам жүрген соң бір жеңіл автокөлік аңыратып, тура алдынан өте шығады. Жолдың ортасында, ажал аузына адымдап келе жатқанын енді түсінген ол ырықсыз жалт бұрыламын дегенде ту сыртынан бақырып-шақырып өткен басқа автокөлік құлаған көзәйнегін басып кетеді. «…Сынған дыбысын естідім, сол сәтте өзімді тым қорғансыз сезіндім…» – деп бастайтын еді, сол оқиғаны кезекті рет сұрағанғанда. Тау өзеніндей асау қозғалыстағы өлім мен өмір арпалысында есі шыққан ағам тұманды әлемнің қай жағына барарын білмей, өз-өзінен жүгіре беріпті. Қызыл бұлдыраған алдын кескектеген соң, артқа қарай жүгірген, сосын шалынып-сүрініп басқа бағытқа. Азан-қазан әлем. Бір кезде біреудің білегінен шап беріп ұстағанын сезеді. Мүмкін жол реттеп тұрған МАИ қызметкері шығар, мүмкін көмекке келген әлдебіреу… Ағам оны аққұба келген, ақ киімді, қолдары нәзік, арқасына асып алған ақ түсті сөмкесі бар деп сипаттайды. Мен айтамын: «Аға-оу, ол адам емес, періште болуы тиіс. Арқасындағы ақ түсті жүгі – қанаты емес пе?!..». «Әбден мүмкін!»,– дейді ағам, себебі жолдан өткеннен кейін улап-шулаған адамдар «Қалай өттіңіз?», «Қалай батылыңыз жетті?» деп сұрақтың астына алыпты. Аласұрған өзендей жолдан бағдаршамның көмегінсіз өту мүмкін емес деп таңғалған екен.

Осы оқиғаны естіген соң көзілдірік сатып алдым.

Сұқ саусағыммен көзілдірігімді көтеріп ап, асығыс киіне бастадым. Шыны дүкендегі аквариумда жүзген балыққа көзім жетер емес. Жақыннан көріп қайтқым келді. Ол үшін жолдан өтуім керек…

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button