Күзгі жәрмеңке көңіл қуантты
Бүгін таңертең Қарағанды қаласында «Global City» көтерме-тарату орталығының аумағында «Ауыл Береке» дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Мұнда өңірдегі 100-ден астам елді-мекендегі шаруашылық иелері өз өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15% төмен бағамен саудалады.
Жәрмеңкеде 630 тонна ауыл шаруашылығы өнімі сатылған. Оның ішінде 64 тоннасы – ет, 390 тоннасы – картоп, 130 тонна – көкөніс, 21 тонна – сүт өнімдері сатылды. Сонымен қатар, 8 тонна балық және балық өнімі, 190 мың дана тауық жұмыртқасы және 14,5 тонна өзге де өнімдер халыққа ұсынылды.
Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қатысуымен келесі жәрмеңкелер 2023 жылғы 28 қазан мен 4 қарашада Қарағанды қаласында және 2023 жылғы 11 қарашада спутник қалалары Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозерск, Саранда өтеді.
Жәрмеңкелер қала тұрғындарына қол жетімді бағамен сапалы азық-түлік сатып алуға және қыста қажетті қорларды құруға мүмкіндік береді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
ortalyq.kz