Күзет ұйымдарының басшыларына құрмет көрсетілді

29 қазан – Қазақстан Республикасы күзет ұйымдары қызметкерлерінің күні. Аталмыш мереке қарсаңында Қарағанды облысының Полиция департаментінде күзет ұйымдарының өкілдерімен кездесу өтті. Шараны облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов ашып, жүргізіп отырды.

Облыста барлығы 180 күзет ұйымы жұмыс істейді. Олардың қарауында 10 мыңнан астам нысан бар. Күн сайын жеке күзет ұйымдарының 79 мобильді жедел әрекет ету тобы патрульдік қызметке шығып, қылмыстың алдын алуға, ашуға елеулі үлес қосуда. Мәселен биылғы жылы олардың қатысуымен 45 адам ішкі істер органдарына жеткізіліп, 35 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 7 бөтеннің мүлкін ұрлау фактілерінің жолы кесілген.

– Қылмыстың алдын алу үшін полиция мен жеке күзет ұйымдарының жұмысын жандандыру маңызды. Жеке күзет ұйымдарының қоғамдық қауіпсіздікке қосқан үлесі зор, – деп атап өтті Құрманғали Исмағұлов.

Кездесуге  қатысушылар белсенділік танытып, өздерін мазалаған сұрақтарын  қойды. Олардың көпшілігі жедел шешуді қажет етті. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары туындаған мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. Оның құрамына қауіпсіздік ұйымдарының өкілдері мен полиция қызметкерлері кірді. 

Кездесу соңында Қарағанды облысының Полиция департаменті бастығының бұйрығымен өзара іс-қимыл мәселелерінде қол жеткізген табыстары үшін бірнеше күзет ұйымдарының басшылары Алғыс хаттармен марапатталды.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.