Шет

Көз көрген, құлақ естіген шындық

Жасым сексеннен асты. Көз көрген, құлақ естіген шындықты айтып кету – міндеттіміз. Әңгіме – Шортанбай жыраудың туған жері туралы. Кейбіреулер қожа атаулыны Қаратауда туғызып келеді. Бұл – бұрмалаушылық. Мұның бір жағында кешегі ұрда-жық заманның белсенділерінен қалған Шортанбайға қарсылық тұрса, екінші жағы – бүгін етектен алған ұсақ рушылдық сияқты.

Мен «Босаға» совхозының «Жұман бұлағы» бөлімшесіне он екі жыл басшылық еттім. Енді сол уақытта көңілге сіңген әңгімелерді айтайын.

Шортекеңнің әкесі Қанай Арқадағы Шалтас тауын мекен еткен. Қанайдың аты берілген Қанай бұлағы – «Босаға» совхозының шығысындағы Шалтас тауының етегінде. Совхоздың солтүстік-шығысында Базар би моласы бар. Босағадан Қанай бұлағы – 12-15 шақырым, ал Базар би моласы – 7-8 шақырым жерде. Мен №2 бөлімшеде 1969-1981 жылдары меңгеруші болдым. Базар би – маған Шортекең туралы әңгімені жеткізген Анарбек Шоқатұлының үлкен әкесі. Базар бидің немересі Анарбектің айтуынша, Нақып қожаның қызы Шүкіманға Қанай үйленген. Ал, екінші қызы Гүлімжан Кәрсөн Бидайтегі Базарға тұрмысқа шыққан. Сонда Анарбектің әкесі Шоқат пен Шортанбай – туған бөле.

Анарбек ақсақал қағаз бетіне түспеген, жария болмаған Шортанбайдың зар заманды болжау жырларын кешті таңға жалғастырып, жатқа жырлаушы еді. Анарбекті біз «Айнеке» деуші едік. Менің бөлімшеме қарасты Қызыл мола, Базар басы деген жайлауларда екі отар қой және Шонақ деген қыстақта бір отар қой қыстайтын. Қанай бұлағының жайылымынан шөп дайындаушы едік. Сол кезде Айнекең біздің бөлімшенің жер қорушысы болып, бірнеше жыл араласып жүрдік. Айнекеңнен естіген жыр шумақтарын, әңгімелерін жазып алмағаныма әлі де өкінемін. Қазір естігендерімнің көбі ұмыт.

Шортанбайдың бабалары Шұбыртпалы елімен бірге көшсе, әкесі Қанай Ағадыр өңіріндегі Кәрсөн-Керней руларымен қоныстас болған. Қанай бұлағы атанған жерде Қанай біраз жыл бұлақтың суын бұрып, егін салған. Қанай қазған арықтың ізі әлі көрініп жатыр. Қанай бұлағы туралы әңгімені жалғыз Анарбек емес, Төлеу Еркебеков, Кәрсөн Әлі ақсақалдар да жырдай қылып айтушы еді. Біраз жыл осы бұлақты мекендеген Қанай Нақып қожа бабаларының қасына, Қатпар тауына көшіп кеткен. Қатпар тауындағы қыстақта Шортанбайдың туғанын да сол қариялардан естіген едік.

Шортекеңнің өнерге деген құмарлығы ерте оянған. Ол Бес атаның болашақ иелері Байсейіт, Жанқұтты, Дүйсенбай, қанын Анарбек жыршы бізге жеткізген. Ұлытауда Кенесарыны бүкіл қазақ елінің ханы етіп, ақ киізге салып, көтергенде осы елден Байсейіт, Жанқұтты, Дүйсенбаймен Шортекеңнің бірге барғанын Қази ақыннан да біз естігенбіз. Мен Айғыржал ауылының тумасымын. Көршілес Қызыл ту ауылында Шортанбайдың атқосшысы, тоқсаннан асып қайтыс болған Әбу ақсақалды да сан рет көріп, әңгімесін естідік.

Елі мен жерінің мұңын жырлап, қамқоры болған Шортанбай жыраудың туған жері туралы нақты дерек осы екенін айту – өзіме парыз деп білдім.

 Алтай СМЕТ,

 ақын.

Басқа материалдар

Back to top button