Басты тақырып

Көзқарас: кеше мен бүгін

Мемлекеттік жастар саясаты!

Бұл – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Яғни, еліміз тәуелсіздік алғалы ел жастары Мемлекет Басшысының назарынан тыс қалып көрген емес. Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының қай-қайсында болсын жастар саясатына тоқталмай кеткені жоқ Елбасының. «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты мен жастар басқармалары һәм ресурстық орталықтары соның айғағы болса керек-ті.

Жастарға мемлекет, ел, халық болып мән беріп, көңіл бөлу – әлемнің дамыған елдерінде ертеден қалыптасқан саясат. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса – сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса – аға тұт» деген біздің елде де солай болған. Оған он бес жасқа тола қоймаған шағында жер дауына араласқан Төле бидің мына сөзі дәлел: «О, би ата, он үште отау иесі демес пе, Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске? Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа, Алакөз болу ағайын адамға лайық па?», – дегені тарихтан белгілі. Осыны ерте бастан аңдап, пайымдай білген Елбасы тұғырға қонып, тәуелсіздік алған бетте қазақ жастарымен кездесті. Онда Қазақстанның шетелдегі студент жастарын бастап барған осы Қарағандының тумасы Мәди Бексұлтанов болатын. Егемен Қазақстанда ең алғаш жастар идеясын алып шығушы жігіт өмірден ерте кетті. Кезінде Қарағандыда ғана емес, Қазақстанда жастар саясатын гүлдендіруге ат салысқан қарағандылық азамат еді ол.

«Он үште отау иесі» деген қазақ даласында жастардың ескерусіз қалған заманы жоқ. Тіпті, Төле билер төрелік айтқан хандық дәуірді былай қойғанда, алғаш «Алашорда» үкіметі құрылғанда-ақ қазақ жастарының белсенділігі жоғары болды. Сол кездері ХХ ғасырдың басында Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деуі тегін емес-ті. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қасына шоғырланған қазақ қайрат­керлерінің арасында көш бастап жүрген көшелі жастар жетерлік еді. Соның бірі һәм бірегейі – 1920 жылы небары жиырма-ақ жасында Қа­зақс­тандағы алғашқы жастар ұйымының (Орынборда) хатшысы қызметін атқарған Смағұл Сәдуақасов еді. Голощекин Қазақстанға келгенде Халық ағарту комиссары және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы қызметтерін қатар атқарып жүрген ол тайсалмастан «Мен «Кіші октябрьге» қарсымын» деді. Жасы жиырма жетілердегі жас жігіттің сондағы осы сөзі Қазақстанмен қоса күллі Ресейді шарлап кетті…

Жасы отызға да тола қоймаған қайраткердің әрбір сөзінен Алаш азаттығына деген махаббат атой салады. Әлі күнге дейін мән-маңызын жоймаған асқақ лепесі мен отандық рухы сол кездегі Алаш жастарының келбетін көрсетсе керек. Кеудесін ұлтына деген сүйіспеншілік кернеген жап-жас қайраткер бір сөзінде былай депті: «Мысал үшін мынандай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Алған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда, бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл – үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзіне қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, өз жерінде кеудесі көтеріліп, аяғын алшаң басып жүре алмайды».

Осындайда «отызында орда бұзбаған қырығында қамал алмайды» деген қазақтың сөзі еріксіз еске түседі. 1900 жылы туып, небары 33 жыл ғана жасаған Смағұл Сәдуақасов ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның баласы есебінде. Бірақ, елдің бостандығы мен теңдігі жолында Алаш арыстарымен тең дәрежеде қызмет атқарған. Баласындай кісімен қызмет атқаруға олар да арланбаған. Басқа емес, ұлтының бақыты жолында. Жастар саясатын барынша қолдап отырған Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев та жанына жастарды жиып отыр… Бірақ, біз қайтер екенбіз?! Мемлекеттік билікке барған соң, ұлттың қамы да бар, ұлтабардың наны да бар… Біз қайсын ойлап барамыз, мәселе – сонда.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button