Жаңалықтар

Кәсіптік-техникалық білім – өмір Талабы

    Отанымыздың индустриалды-инновациялы өнеркәсібі мен өндіріс салалары заманауи озық технологиялар жетістіктерінің негізінде жыл өткен сайын жаңарып, жаңғырып, ел экономикасы қарқынды дамып келеді. Нарықтық экономиканың өркендеуі еңбек нарығын білімді де білікті маман кадрлармен қамтамасыз етуге тікелей тәуелді екені, ал, кәсіби-техникалық мамандықтарды игерген жұмысшы, қызметші кадрларды дайындайтын мекеме – кәсіби-техникалық оқу орындары екені баршаға аян.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында бұл мәселеге ерекеше мән беріп, өндіріс пен өнеркәсіптің барлық салаларын кәсіби-техникалық мамандармен толық әрі сапалы қамтамасыз ету үшін 2017 жылдан бастап, «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасының жүзеге асатынын, осы жобаға сай мемлекеттің әрбір жеке адамға мамандық беру ісі қолға алынып, жүзеге асырылатынын айта келіп, «Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батылдықпен барулары керек. Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер – мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы – жастар болашағы үшін», – деді.

Ғалым Жарылғапұлы атындағы аграрлық колледж «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру (түрлері бойынша)», «Фермер шаруашылығы», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша білім береді.

Колледждің материалдық-техникалық базасы оқытудың заманауи әдістемелік талаптарына сай үнемі жетілдірілуде. Оқу орнында инженерлік-техникалық мамандықтарын жете меңгерген тәжірибелі ұстаздар Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңы» мен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген талаптарға сай оқу сапасын арттыруға ерекше мән беріп, тиісті шаралар белгілеп, оны жүзеге асыруда.

Колледж берілетін мамандықтардың сапасын барынша жақсартуға айрықша мән беріп келеді. Оқу кабинеттерін, зертханалар мен шеберханаларды оқу-әдістемелік көрнекті құралдармен, компьютермен толық жабдықтап, оқытудың инновациялық әдістерін меңгеріп, оқу процесін оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылығында, оқу алаңдарында теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың, студенттердің алатын кәсіби шеберлігін үздіксіз арттыру нәтижесінде білім беру ісінің сапалық дәрежесі жыл өткен сайын жаңарып, жаңғырып, жетіле түсуде.

Оқу-тәжірибе жұмыстарында электронды оқу құралдары, ақпараттық технология, мультимедиялық бағдарламалар кеңінен пайдаланылады.

Оқытуды кәсіпорындармен, фермерлік шаруашылықтармен тығыз байланысты ұштастырып оқыту мәселесі дұрыс жолға қойылды. Тәжірибелік сабақтар өткізуде кәсіпорындардың сапасы алдын ала сарапталып, таңдалып алынады. Осындай шешім қабылданғаннан кейін кәсіпорындармен келісім-шарт жасалады.

Әлеуметтік серіктестермен бірлесе оқыту кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудағы ең тиміді жүйе болғандықтан, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мол мүмкіндік береді, әрі колледжді бітірген түлектердің мамандықтары бойынша өзі жұмысқа тұрған кәсіпорында кәсібін бірден еркін игеруіне, кәсіпкерлікпен шұғылдануына жол ашады. Колледж осы мақсатта әртүрлі кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестікті дамытуға, халықаралық стандарттарға сай оқу үрдісінде дуальдық жүйені енгізуге, оқыту базасын жетілдіруге, педагог кадрларды тарту арқылы мамандарды дайындаудың сапасын үздіксіз арттыруға ден қойған.

Бұл өзекті мәселелер педагогикалық ұжым алдына қазіргі нарықтық бәсекелестікке лайық мамандарды дайындау үшін заманауи педагогикалық инновациялық технологияларды оқу процесіне енгізу жолдары мен колледждің оқу-материалдық базасын дайындалатын мамандықтарға сәйкес жабдықтауды жетілдіру, әлеуметтік серіктестікке лайықты кәсіпорындар мен өндіріс орындарының, бірлестіктер мен фермер шаруашылықтарының өндірістік жағдайларын, материалдық-техникалық базасын, инженерлік-техникалық қызметкерлерінің, жетекші мамандарының құрамын зерттей отырып, оқу бағдарламаларын жасау талабын қояды.

Алдағы оқу жылдарында еңбек нарығын саралай отырып, шаруашылықтың салалары бойынша зәру мамандықтарды анықтап, колледждің мүмкіндігіне орай жаңа кәсіби мамандықтар беретін бөлімдер ашу да жоспарымызда бар.

Әлемдік өркениеттің даму үрдісіне қатысар жан-жақты білімді, салауатты өмір салтын ұстанған мәдениетті де парасатты тұлға қалыптастыру – шәкіртті оқытып, тәрбиелеудегі әр педагогтың ұстаздық абзал борышы. Осы орайда, ұстаздың білімі мен біліктілігіне, әдістемелік қабілетіне қойылатын педагогикалық талаптың жүгі де жауапкершілігі де, мәні де орасан зор. Бәсекеге қабілетті маман даярлау ісінде жемісті еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне бағыштаған ұстаздарымыз бен өндірістік оқыту шеберлеріміз, колледж ұжымы Елбасының даналық саясаты мен әлеуметтік-экономикалық келелі жоспарларын жүзеге асыруға өздерінің сүбелі үлестерін қосып, ел тәуелсіздігі тұғырын бекемдеуге, ұлттық руһы асқақ, жасампаз еңбек пен білімді, өнер мен мәдениетті, салауатты өмір мен адамгершілікті мұрат, бірлік пен ынтымақты ардақ тұтқан тұлға қалыптастыру ісінде жемісті еңбек етуде.

Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,

Ғалым Жарылғапұлы атындағы аграрлық колледждің директоры.

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button