Бас тақырыпРесми

“Кәсіпкерлік және бизнес негіздері”: әр қазақ бай болсын

Елдің бәрі бір кәсіптің құлағын ұстағысы келеді. Бірақ, неден бастарын білмейді. Көпшілік күнкөріс үшін кішігірім бизнесті базардың маңынан іздеп жүр. Өйткені, үлкен бизнестің дені орысша сөйлейді. Десек те, бай болуға үндейтін, соған жетудің жолын нұсқайтын қазақша кітаптардың жарыққа шығуы – ХХІ ғасыр жастарына кәсіптің түр-түрін таңдауға мүмкіндік беріп отыр. Оған қоса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде аударылған алғашқы 18 кітаптың қатарында кәсіпкерлік жөніндегі оқулық та бар.

КІТАП ОҚУ ТРЕНДКЕ АЙНАЛДЫ

 Қазір бір адам дүкен ашса, оны кәсіпкерлер қатарына қосатын болдық. Кәсіпкерліктің кез келген игеріп кете алатын оңай тірлік емес екенін жақсы білсек те, қазақ байысын деген ниет басым тұратыны рас. Тұңғыш Президент – Елбасына «Отан» сағатын сыйға тартқан қарағандылық жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев «Өзінің қамы үшін жұмыс істеген адамды кәсіпкер деу дұрыс емес. Кәсіпкерлік деген өзіңді жұмыспен қамтумен қатар, кәсібіңнен адамдар да нәтижесін көретіндей деңгейде қоғамға пайдаңды тигізу» – дейді. Ал, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың экономика факультетінің аға оқытушысы Несіп Ескендір кәсіби тұрғыда қазақша сөйлейтін кәсіпкерлерді дайындау арқылы қазақ тіліндегі кәсіпкерлік мектебін қалыптастыруға болатынын айтады. Осы орайда, Қарағандының ЖОО студенттеріне «Кәсіпкерлік негіздері» курсын өткізеді. Сертификат алған жастар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп кәсіп ашып, жұмысын дөңгелетеді екен. Бәрі бизнес жайлы кітап оқудың нәтижесінде жүзеге асады. Бұл туралы республикалық «Самға» баспасының менеджері Мирас Кесебаев оқу, оның ішінде кітап оқу трендке айналғанын айтады.

– Қазір елімізде жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Яғни, кітап оқу сәнге айналып барады. Тіпті, кітап оқымайтындардың өзі кітап сатып алу арқылы трендте болғысы келеді. Әсіресе, қазақ жастарының кітапқа деген құмарлығы қуантады. Оның үстіне, қазақ тіліндегі кітаптар арзан тұрады. Мәселен, біздің басылым ағылшын, араб, орыс және түрік тіліндегі сұранысқа ие кітаптарды қазақшаға тәржімалап саудаға шығарады. Бұл кітаптар түпнұсқадан екіүш есе арзан, – дейді.

Иә, кітап оқу сәнге айналып барады. Мысалы, биыл 10 сыныптарда аптасына 2 сағат, оқу жылында жалпы көлемі – 68 сағатты құрайтын «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Сабақты біліктілікті арттыру курсынан өтіп, сертификат алған облыстың 111 мұғалімі өткізуде. Пәнге жиынтық бағалау жүргізілмейді. Оқу жетістіктерін бағалау ауызша сұрау, жазбаша жұмыстар мен тәжірибелік бақылау жаттығуларын пайдалану арқылы өтеді. Психолог Айнұр Шәріпқызы кәсіпкерлікке баулитын пәндердің мектеп жасынан оқытылғаны баланың психологиясына кері әсерін тигізбейтінін айтады. «Керісінше, бала еңбекке қызығады. Сондай-ақ, біреудің табысына көреалмаушылықпен қарамай, өз білетінімен бөліседі. Баюдың ақылды үнемдеу мен жаңа табыс көзін таба білу» екенін түсінеді дейді.

 «КӘСІПКЕРЛІК – ТАРИХ НЕМЕСЕ МАТЕМАТИКА ЕМЕС»

– Кәсіпкерлік – бұл әрекет, тәжірибе арқылы оқып, қолдана білу. «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін игерген балалар тәуекелге баруға қорықпайды. Өйткені, бұл – тарих немесе математика емес. Көбіне стандартты емес шешімдер ұсынады, қиялға ерік береді. Пән мектеп оқушылары үшін өте қызықты, – дейді А.Байтұрсынов атындағы №41 мектепгимназиясының «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінің мұғалімі Мадина Ержанқызы.

Оның айтуынша, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген 10-сынып оқушыларына арналған оқулықта тақырыптар дұрыс қарастырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде тақырыпқа қатысты оқушыларға керекті мағлұматтар толығымен бар. Пән бағдарламасының 40 пайызы теориядан, 15 пайызы бизнес кейстен, 45 пайызы ойын түріндегі тәжірибеден тұрады. Өмірлік қажетті және тәжірибелік маңызы бар білімді ақпарат ойын арқылы, яғни «геймификация» тәсілі арқылы тиімді жеткізіледі. Мысалы, өндірісті ұйымдастыру үшін қандай ресурстардың қажет екенін білу және технологиялар туралы түсініктің болуы – міндетті. Осы үшін оқушылар еліміздің негізгі өнеркәсіптің жай-күйін зерттейді. Өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым жайлы түсініктің болуы үшін акционерлік қоғамдар, ЖШС, ЖК, ООО, олигополия, монополия, концерн, синдикат, картель, тресті іздейді. Осылайша, өз қаласының (тұрғылықты жерінің) әлеуметтік инфрақұрылымын зерттейді.

Пәннің осындай ерекшелігі жөнінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев: «басты мақсатымыз – кәсіпкерлік бағытта ойлауды мектеп қабырғасынан дамыту. Сүт қалай өңделетінін, сатылу бағасы мен тауар құнын есептеуді ауылдық ортада өскен бала білу қажет. Қазіргі таңда жастар ғаламтор мүмкіндіктерін кең ауқымда қолданады. Әлеуметтік желі арқылы өздері ұнататын кәсіпкерлер мен танымал тұлғалар әрдайым жастардың назарында. Пәнге деген қызығушылықты арттыру мақсатында тәжірибесі мол бизнесмендерді оқу барысына қатыстыру қажет»– деді.

Ал, қарағандылық Айгерім есімді оқушы «Пәнді оқыған ұнайды. Жақында «МонкапVS. Империалист» ойынының ережесімен таныстық. Әсіресе, ойының негізгі әдістемесі – инфляция, девальвация, ревальвацияға негізделген. Негізі мен бұл ойынды интернеттің көмегімен бұрыннан білемін. Мектепте де ойнай алатынымыз жақсы болды» – дейді.

Елімізде Айгерім секілді мектеп жасынан бизнес саласына қызығатын жастар көп. Мәселен, жоғары оқу орындарындағы «мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» мамандығын бітіріп, жұмысқа орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің түлектері мейманхана ісінде айына – 86 978 теңге, Алматы менеджмент университетінің түлектері – 94 960 теңге, қазақ спорт және туризм академиясын бітіргендер 95 000 теңге жалақы алатынын айтқан.

ОТАНДЫҚ КІТАПТАРҒА ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

Көп жағдайда жетістікке жету жайлы Батыс кітаптарында айтылатын «жетістік», «мотивация», «мақсат» деген түсініктер қазақтың болмысына сай келмей жатады. Сонда ғана баспалар жекеменшікке өтіп, нарыққа бейімделіп жатқан тұста, шетелдік, әсіресе Ресейдің кітаптарымен бәсекелесе алуы үшін отандық өнімге қолдау қажет екенін түсінесіз.

Мәселен, Қазақстанның кітап нарығында аз уақытта халықтың ерекше ықыласына бөленіп үлгерген «Екінші болма» – жеңіске жетудің жолын қазақша нұсқаған Қуаныш Шонбайдың кітабы. Төртінші рет 1000 данамен басылып, 3000-нан астам адам оқыған кітабында автор өзі оқыған 600 кітаптың түйінін түйістіргенін айтқан. Құны – 3 500 теңге.

 Сол сияқты әлемдегі миллионерлердің 95% -ы оқуға кеңес беретін Джордж Клейсонның «Ежелгі Вавилондағы ең бай адам» әлемдік бестселлері сұранысқа ие.

 Бірақ, отандық нарықта қазақы жастардың көбі өзін дамытып, кәсіп ашудың жолын қазақша оқып, үйренгісі келетінін айтады. Ата-аналардың да балаларын жастайынан дамытуды құп көретінін ескерсек, дүниетанымды кеңейтетін бизнес кітаптарды сатып алуға сұраныс жоғары екенін байқайсыз.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button