Кәсіпкерлік – экономика драйвері
Әлем елдері әлдеқашан-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің экономика драйвері екенін ұғынған. Сондықтан да, өркениетті елдеріңіз әуелі осы шағындардың әлеуетін арттыруға мүдделі. Бүгінде азуын айға білеген шетелде шағын кәсіпкерлік арқылы өзін де, өзгені де жарылқай алатындай жағдайға жеткен кәсіпорындар. Қазақстан да бұл күні ірі кәсіпкерлікке ғана емес, шағын және орта бизнеске шындап бет бұрды. Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан ауқымды бағдарламалар қабылданып, қомақты қаржы-қаражат бөлініп-ақ отыр.
Мәселен, Кәсіпкерлікті қолдау картасында Қарағанды облысынан бүгінгі таңда 672,6 млрд. теңгенің 98 жобасы бар. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда 10203 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде аталған карта аясында жалпы сомасы 245 млрд. теңге болатын 78 жоба жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде кәсіпорындарда 6201 жаңа жұмыс орны ашылған. Айталық, үдемелі-индустриалды инновациялық даму бағдарламасының бірінші бес жылдығында (2010-2014 жылдары) – 123 млрд. теңгеге, 4596 жаңа жұмыс орнын ұсынған 58 жоба іске қосылыпты. Ал, екінші бесжылдықта, яғни, 2015-2019 жылдары – 121,9 млрд. теңгеге, 1605 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ететін 20 жоба іске қосылады деп жоспарлануда.
Басқарма деректеріне сүйенсек, Индустрияландыру картасының жобаларын жүзеге асыру облыста машинажасау, фармацевтика, құрылыс индустриясы және АӨК салаларында жаңа өнім түрлерінің өндірісін құруға мүмкіндік беретін көрінеді.
Өнім өндіруге келсек, 2010 жылдан бастап 2017 жылдың наурызына дейін іске қосылған жобалар 470,4 млрд. теңгеге, соның ішінде, 2017 жылғы 1 тоқсанда – 37,9 млдр. теңгеге өнеркәсіптік өнім өндірген.
Жалпы, облыстың 2015-2019 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті қолдау картасына 549,5 млрд. теңге болатын 40 жобаны іске асыру болжанған. Бұл жобалар арқылы 5607 облыс тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Соның ішінде, 2016 жылы жалпы сомасы 102,9 млрд.теңгеге, 10 жоба жүзеге асырылды. Ол жобалар арқылы 956 адам нәпақысын айыра алатын жұмыс тапты. 2017 жылы жалпы сомасы 6,1 млрд. теңгенің 5 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Сол арқылы 356 жұмыс орны құрылмақшы. Басқарма жария еткен деректерге жүгінсек, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының үлесінде 5 жоба бар. Олардың қатарында, «КазГазоБлок» ЖШС-нің жылу блоктарының өндірісі бойынша зауыт, «Seven Refractories Asia» ЖШС-нің өртке қарсы материалдар өндірісінің зауыт құрылысы, «Волынка» ЖШС шұжық цехы бар. Екінші жартыжылдықтың еншісінде екі жоба – «Эдванс Майнинг Технолоджи» ЖШС-нің SX EW тәсілімен мысты шоғырлы сілтісіздендіру үшін тәжірибелі зауыт, «Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты» ЖШС макулатураны қайта өңдеу және целлюлоза өндірісі бойынша өндірісті ұйымдастыру жобалары бар.
Бұдан бөлек, карта аясында 2017 жылы тағы 2 жоба қосымша қарастырылуда екенін айтады мәліметтер. Олар – «Recycling Company» ЖШС істен шыққан көлік құралдарының, арнайы техниканың және ауыл шаруашылығының қалдықтарынан шойын, болат, алюминий, түсті металдар қорытпаларының өндірісі, көмірсутектер және олардың туындыларының өндірісі. Жобаның құны – 3,4 млрд. теңге, 52 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге, «Инкар-I» ЖШС-нің жинау цехінің құрылысын салу. Жобаның құны – 100,7 млрд. теңге, 10 жұмыс орны ашылады деп болжануда.
Деректерге үңілсек, биылғы жылдың межесінде іске қосылатын жобалар саны 2017 жылдың аяғына дейін 7-ге дейін арттыру жоспарланған. Ал, 2018-2020 жылдарда Кәсіпкерлік қолдау картасы аясында 421,3 млрд. теңгеге, 3626 жұмыс орнын қамтамасыз ететін 15 жобаны жүзеге асыру көзделуде дейді деректер.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА