Ресми

Кәсіпкердің қоғамға берері көп

Былтыр көмірлі өлке климаты бизнеске қолайлы өңірлер рейтингінде үздік бестікке енді. Республикалық рейтинг бизнесті құру және жүргізу жеңілдіктеріне қатысты сауалнама мен статистика мәліметтеріне сәйкес түзілді. Ал, Ақтоғай, Бұқар жырау және Осакаров аудандары Қазақстандағы екі жүз аудан қамтылған тізімнің алғашқы ондығынан ойып тұрып орын алды. Аталған деректер облыстағы шағын және орта бизнестің ахуалын көрсетсе керек…

Ұлттық жоба ырысы

Орта тап – қоғам тірегі, экономика тіреуі. Сондықтан, бұл санаттағы халық санының өсуі – елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті үшін ерекше маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды тұғырнамасында кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрған азаматтар қарасын көбейтуге күш салатынын атап өтті. «Шағын және орта бизнеспен қамтылғандар санының 4,7 миллион адамға дейін өсуін қамтамасыз етеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «…шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылды. Бірақ аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет», – деп, Үкіметке депутаттармен бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Және бұл мәселені өз бақылауында ұстайтынын айтты.

Жоғарыда келтірген рейтингке және кейін ұсынатын деректерге сенсек, Қарағанды аймағында кәсіпкерлік ілгері басуда. Облыстың кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, былтыр Қарағанды аймағында шағын және орта кәсіпкерлік нысаны айтарлықтай көбейді. 14,9 пайызға өсіп, 93 мыңға жетті. Бұл өсім облыстың барлық аудан-қалаларында байқалды. Тиісінше, салада еңбек ететін жандардың да саны артты. Яғни, мұндағы қызметкерлер 225,7 мыңды (өсім – 5,4 пайыз) еңсерді. Нәтижесінде, қазір жұмыспен қамтылған облыс тұрғындарының 40 пайызы бизнестен нәпақа тауып отыр.

Әрине, бұл тұрғыда мемлекет қолдауы да айтарлықтай септігін тигізуде.

– Қолдау механизмдері 2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылуда. Былтыр жоба аясында қаржылық қолдауға 16,5 млрд. теңге бөлінді. Нақтыласақ, кредит сомасы 55 млрд. теңгеден асатын 5 мыңнан астам шағын және орта бизнес жобасы қаржыландырылды. Оның ішінде, 42 млрд. теңге кредит сомасына 3 мың жоба субсидияланды. 9,7 млрд. теңге 906 жобаның кепілдігіне жұмсалды. Сондай-ақ, жалпы құны 900 млн. теңге болатын 719 грант пен 2,6 млрд. теңгеге 373 шағын несие берілді, – дейді облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов.

Өткен жылдың қаңтар-қыркүйегінде салада өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,7 трлн. теңгені межеледі. Өсім – 14,5 пайыз.

Биыл да жоба аясындағы жұмыстар жалғасады. Жергілікті бюджет есебінен – 2 млрд. теңге, республикалық қазынадан 12 млрд. теңге қарастырылды. 28 ақпандағы ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері несие сомасы 3,2 млрд. теңге болатын 12 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді.

Мұнда өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар саны басым. Бұл бағытта алты жоба бар. Сондай-ақ, білім беру саласында – екі, құрылыс, жылжымайтын мүлік операциясы, көлік және сақтау, өмір сүру және тамақтандыру салалары бойынша бір-бір жобадан қамтылды.

Мәселен, «Грандиз» ЖШС-нің Қарағанды қаласында ашылған «Panda Activity Park» ойын-сауық паркі жобасы мемлекет тарапынан субсидияланып, кепілдендірілді. Балаларға арналған парк аумағы 600 шаршы метрден асады.

«Кәсіпкердің» көмегі

Кәсіпкерлерді қолдауда ұлттық жобадан басқа да тетіктер тиімділігін танытуда. Мәселен, облыс орталығы мен моноқалалар үшін «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы әзірленді. Моноқалаларда көп жерде кездесе бермейтін кәсіпорындар орын тепкенін ескерсек, бағдарлама экспорттық әлеуетті арттыруға, импортты алмастыруға елеулі ықпал етуде.

Бағдарлама былтыр желтоқсанда іске қосылды. Ең қомақты қарыз сомасы – 50 млн. теңге. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз. Кепілге қоятын мүлік құны төмен болса, «Даму» қоры несие сомасының 85 пайызына кепіл болады.

Бағдарламаға енген жобалар облыстық бюджет пен «Даму» қоры тарапынан тең қаржыландырылады. Былтыр 500 млн. теңге бағытталды. Құны 111 млн. теңге болатын үш жоба қолдау тапты. Бұл жобалар спорт және сән индустриясына қатысты.

Сондай-ақ, «Кәсіпкер» арқылы Қарағандыда екі фитнес клубы ашылады.

Бүгінде бағдарламаның кредиттік портфелін үш есе ұлғайтып, жаңа бизнес бастамаларға арналған гранттық қаржыландыруды бес есе өсіру жоспарлануда.

Биыл 1,5 млрд. теңге бөлінді. Мұның ішінде өткен жылдан ауысқан жобалар қаржысы да бар. Қазір төрт жоба мақұлданды. Төртеуінің құны 146,5 млн. теңгені құрайды. Екінші деңгейлі банктердің қарауында 445 млн. теңгеге бағаланған тағы 11 жобаның құжаты жатыр.

Бизнес жүргізуге ақшадан бөлек, білім мен білік міндетті түрде керек. Бұл тұрғыда облыстың кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге көмекке келді. Палата мамандары кеңес беріп, құжаттарын реттеуге жәрдем беруде.

– Былтыр кәсіпкерлікті қолға алуға ниет еткен 1200-ден астам адамға тегін сервистік қызмет көрсеттік. Оның ішінде, 520 адам өз бизнесін ашты. Палатаның қалалар мен аудандардағы филиалдары жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 11 мыңнан астам жанға ақпарат берілді. Сондай-ақ, қыркүйек айында жүз адамның қатысуымен бақылау-қадағалау органдарының жыл сайынғы бірыңғай есеп беру күнін ұйымдастырдық, – дейді облыстың кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова.

Туризм – табыс көзі

Туризмнің облыс экономикасындағы ролі ерекше. Істің ыңғайын тапса, қазынаға қыруар қаржы құятын осы сала болмақ.

Қарағанды аймағына отандық кәсіпкерлермен қатар, шетелдік инвесторлар қызығушылығы басым. Былтыр өңірге 2,4 млрд. теңге инвестиция әкелген 15 жоба іске асты. Қарқаралы ауданында үш демалыс аймағы ашылды. Қарағандыда «Capital» жатақханасы мен «Сарай Ділда» мейрамхана-қонақ үй кешенінің құрылысы аяқталды.

Биыл да жаңа нысандар есебінен қосымша жұмыс орындары ашылмақ.

– Үстіміздегі жылы 12,8 млрд. теңге жеке инвестиция есебінен сауда, туризм және қызмет көрсету саласында 170 жаңа нысан ашу жоспарлануда. 1,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, – дейді облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов.

Саланы өркендетудегі көп проблеманың бірі – санитарлық-гигиеналық тораптардың жоқтығы екені мәлім. Бүгінде кәсіпкерлерді ынталандыру үшін тораптарды субсидиялау ісі қолға алынды. Мәселен, Осакаров және Бұқар жырау аудандарындағы үш санитарлық-гигиеналық тораптарты күтіп-ұстау шығындары субсидияланды.

Сондай-ақ, саяхатқа арналған көлік құралдарын сатып алуға, туризм және жол бойындағы қызмет объектілерін салу және реконструкциялау шығындарының бір бөлігін өтеу түрінде жаңа қаржылық қолдау шаралары ұсынылмақ.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button