Кәсіпкердің әлеуетті әрекеті
Қазыналы Қаражал қаласында іс тетігін тапқан азаматтар уақыт талабына сай өз кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын айыруға, сол арқылы өзгелердің сұранысын өтеуге батыл бет бұрып келеді. Дербес жылыжайда саңырауқұлақ өсірумен шұғылданып, оның жемісін тере бастаған жеке кәсіпкер Дмитрий ХАБИБУЛЛИН – солардың бірі.
Қолданыстан шығып қалған ескі ғимаратты достарының көмегімен жөндеп, жылыжайға айналдырған іскер азамат алғашқы кезекте «Тәуекел түбі – желқайық…» ұстанымын басшылыққа ала отырып іске кірісіп кеткен екен. Қажетті деректер мен мәліметтерді ғаламтор желісі арқылы іздестіріп, тапқан. Нәтижесінде қолындағы бар қаражатына қосымша «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алуға қол жеткізіпті.
– Бастапқы кезеңде кедергілер мен қиындықтар көп кездесті, – дейді бүгінгі күні саңырауқұлақ өсірудің кәнігі маманына айналып үлгерген кәсіпкер жігіт. – Тиянақты ізденіс пен тынымсыз еңбек соның бәрін еңсеруге мүмкіндік берді. Алғашқыда тұқымды Шымкенттен жеткіздім. Ал, қазір өзім өндірген өнімді тұқым ретінде пайдалана бастадым. Бүгінгі күні өндірістік желі толығымен ретке келтірілді деуге негіз бар.
Шағын қала тұрғындарын саңырауқұлақ өнімімен қамтамасыз етуге машықтанған кәсіпкер алдағы уақытта өз кәсібінің аясын одан әрі кеңейте түсу жайын ойластыру үстінде. Соған орай, өнімнің ұзақмерзімді сақталу технологиясын қолданысқа енгізе отырып, нарыққа шығару аумағын ұлғайту мәселесі де назарға алынып отыр. Ең бастысы, ол жоспарлы жұмыстарының орнықты орындаларына еш күмәнсіз сенімді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ҚАРАЖАЛ қаласы.