Баған

Кәсіп пен нәсіп

Бүгінде «балам қызыл дипломмен бітіріп еді, жұмыс табылмай тұр» немесе «екі дипломым бар, жұмыс іздеп жүрмін» деген сөзге ешкім таң қалмайтын болды. Төрт жыл бойы миллиондап оқу ақысын төлеп, өлдімталдым деп жоғары оқу орнын бітірген баланың өз мамандығы бойынша жұмысқа іліге алмауы, әрине жанға батады. Себеп неде? Әлде, біз мамандықты дұрыс таңдай алмай жүрміз бе? Осы ойландырады.

Бұл жағдай, әсіресе ата-анаға қатты бататыны белгілі. Тағы таныс іздеу, мал шашу. Жұмыстың орайы келсе, уыстап ақша беруден тартынбайды. Ар жағы белгілі. «Біздің қоғамда парасыз аттап баса алмайсың» деп сосын байбаламға басамыз. Бір кездері мектеп бітірген балалар сот, прокурор болуға құштар болып, заңгер немесе экономист мамандығын көбірек таңдайтын. Қазірде осы үрдіс өзгерген сияқты. Қай мамандыққа грант иеленуге болады, түлектер соған қарай ұмтылады. Бітіргенде орын бола ма, оған ешкім басын ауырта қоймайды. Оларды да түсінуге болады, әке-шешесінің тапқан-таянғанына аузын ашып, салмақ сала беруге кім құмар дейсіз?!

Жоғары сұранысқа ие индустриялдық және қызмет көрсету мамандықтары көбіне қалыс қалып жатады. Компьютерлік аппаратты қамтамасыз ету инженерлері мен инженер-электрониктер, телекоммуникация мен технология өндірісінің инженерлері сияқты бүгінгі кезде аса қажетті мамандықтарға қазақ балалары бет бұра алмай келеді. Жақында үйдегі ауа баптағыш істен шығып қалып, жөндеуші шебер шақыртқаным бар. Шілденің шіліңгір ыстығы буып тұрған кез ғой. Хабарласқан фирмалардың барлығында тапсырыс көп. Әйтеуір, бірекі күнде келетін біреуімен келіскеніме қуандым. Орыстың жап-жас екі жігіті келіп, бірер сағаттың ішінде іске қосып берді. Жөндеу ақысы да әжептәуір. Осы мамандықты «жұмыс жоқ» деп жүрген қазақ бауырлар неге меңгермейді екен ойландым. Бір жолы компьютерге адам шақырып, кәріс жігіті жөндеп бергенде де осындай күйге түскен едім.

Тағы бір түйткіл, қазіргі жастар қабілет-қарымын жете бағалай бермейді. Бір сыныпты бірге бітірген 25 бала болса, түгелдей жоғары оқу орнына жол тартады. Совет заманының өз басымыздан өткен жетпісінші жылдарын еске алайықшы. Жоғары оқуға іріктеле келе санаулы бала ғана түсетін. Қалғандары техникум, болмаса кәсіптік-техникалық училищеде оқып, өмірден лайықты орнын табатын. Ауылда қалып, өз нәсібін еңбектен іздеушілер де аз болмайтын. Бүгінде бәрі басқаша. Заман өзгерген. Бұрын қалада оқу бітірген соң жастар маман ретінде ауданға, ауылға келетін. Қазір жаппай қалада қалғысы келеді. Оның өзінде – мегаполисте. Әрине, жастардың оқып, білім алғаны жақсы. Білімді жастардың еліміздің болашағы екенінде дау жоқ. Дегенмен, «бәрі бірдей тойшы болса, кім қойшы болады?» дегенді де ойлап қою керек шығар. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да жаппай сипат алды деп айта алмаймыз. Ауылда веттехник, зоотехник сияқты жоғары білімді мал мамандары жоққа тән.

Біз осы күні ата кәсіптен қол үзіп қалдық. Соның салдарынан ауыл азып барады. Көктемде фермер болып жүрген бір азамат: «айына 70 мың теңгеге қой бағатын адам таба алмай отырмын» дегені бар. Әрине, бұл соншалықты көп жалақы да емес. Алайда, өз малын қоса бағып, шаруасын дөңгелетем деген жанға қолайлы. Қалада арба сүйреп, жүк тиеп, бір күндік жұмысқа жегіліп жүргеннен тәуір емес пе?! Ауылдан қашқандардың көбісі қалада да берекелі жұмыс таппай, «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге құмар. Мықтағаны «охранник» болып жүр. Ауыл – қазақтың кіндігі. Нәсіп болар кәсібімізді таба алмай, біз осы кіндігімізден ажырап барамыз. Ауыл-Ана жетімсіремесе екен!

Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button