Бас тақырып

Кәсібінің пайдасы көпке тиген

«Қайырымдылық керуені» байқауында «Асар» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Сымбат ЕЛІКБАЕВА балалар үйінің тәрбиеленушілерін ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгеруге тегін үйретеді. Көрме-жәрмеңкеден қалған ойыншықтар мен кәдесыйларды жетімдер үйіне сыйға тартады.

– Тәрбиешілер хабарласып, ойыншықтарыңды балалар ұйықтағанда құшақтап жатады дегенде жүрегім елжірейді. Содан кейін балаларға тек ойыншық сыйлап қоймай, оларға ойыншықты өз еріктерімен жасатып үйрету керек деген ой келді. Арнайы бағдарлама негізінде балаларға ойыншық жасауды тегін үйретемін, – дейді Сымбат.

 Кәсіпкер этно-стилге, ұлттық ою-өрнекке деген қызығушылықты анасы оятқанын, жастайынан текеметке ұлттық оюларды өрнектей бастағанын айтады.

Кәсібін бастамас бұрын алдымен киізден кәдесыйлар жасап, базарда саудаға шығарған. Бас кезінде сұраныстар аса көп болмаған. Кейін қазақ халқының тұрмыс тіршілігінен, салт дәстүрінен көрініс беретін бұйымдарды қолданып, ұлттық қолөнерді дәріптеп, оны тұтынуға қызығушылық танытқандар қатары көбейген.

Қазіргі таңда Сымбат Қалиева сүйікті ісін кәсіпке айналдырған. «Сән-Сымбат» бренді бойынша қолдорбалар, әмияндар, кілтке тағатын әшекейлер секілді былғарыдан ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды. Кәсібі де өрістей түскен. Ұжымында бірнеше адам жұмыс істейді. Еліміздің әр қаласы табиғи былғарыдан жасалған өнімдерін тапсырыспен алдыртады. Кәсібінің жүруіне аймақтық іскер әйелдер қауымдастығы да ықпал етіп келеді.

– Қолдау, сенім арту – басты күш. Қанша мықты, мақсатшыл болсаң да, әйел адамға қолдау, қамқорлық қажет деп ойлаймын. Ал, қолөнер бұл – шыдамдылық, ұқыптылық, қырағылық, тапсырыс берушіге ұнау үшін ойлау, күш жұмсау секілді қасиеттерді дамытады, – дейді ол.

Оның ұлттық стильде жасаған кілт салатын әмиян мен сәнді әшекейлері көп сатып алынады екен.

Сондықтан, киізден гөрі, былғарыға сұраныс жоғары. Қазіргі таңда ісі ілгері басқан кәсіпкер былғары мен ағашты үйлестіріп жаңа топтама жасауда.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button