Көштен қалмауымыз керек
Қаламыздағы Октябрь ауданы ардагерлер кеңесі мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру мәселесін және әліпбидің бірыңғай стандартын талқылады.
Отырыста бұл мәселе туралы кеңестің әдістемелік-ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, осы жолдардың авторы сөз сөйледі. Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы қоғамның оң бағасын алды. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру – жаһанданудың дүниежүзілік үдерісінің өркениеттік талабы. Ұлттық рух және өркениетаралық қарым-қатынастың даму кепілі. Әлем елдерінің 70 пайызы латын әліпбиін қолданып, жетістікке жетіп отыр. Біз неге көштен қалуымыз керек? Негізінде, менің және басқа да замандастарымның көпшілігі алғашқы сауаттарын латын әліпбиімен ашқан болатын. Екінші Дүниежүзілік соғыс алдындағы кезеңде. Сондықтан, біз қатарлы және осында отырған ардагерлерге оны үйренудің онша қиындығы бола қоймас деп ойлаймын. Үйреніп қана қоймай, балаларымызға, немере-шөбелерімізге үлгі-өнеге көрсетсек игі. Латын әліпбиі арқылы әлемдік аренада ақпарат алмасып, сұхбат жүргізуге мол мүмкіндігіміз болатыны анық. Ашық пікір алмасқан ардагерлер көкейде жүрген ойларын, түйткілдерін ортаға салды.
Тельман НҰРМАНОВ,
ардагерлер кеңесінің мүшесі:
– Мен қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы соңғы жаңалықтарды қалдырмай оқып келемін. Өзім – дәрігермін. Маған латын әліпбиі таңсық емес. Біз рецептерді латын әріптерімен жазамыз. Мен де 80-нен асып барамын. Латын қарпімен жазылған қазақша кітаптарды мен де оқығам. Қазір олар менің қолымда жоқ. Әйтпесе, ол кітаптарды бастамашы болып, акция ұйымдастырып отырған Гоголь атындағы кітапханаға берер едім. Кім ойлаған, латын әліпбиіне ораламыз деп? Бастысы, латын графикасының тұрмысымызға тез сіңіп кетуін қолдаймыз.
Раиса МЕЩЕРЯКОВА,
ардагер ұстаз:
– Өзім қызмет істеген және Ардагерлер кеңесі арқылы маған бекітілген мектептерге барып жүріп, өзінің аты-жөнін латын қарпімен қатесіз жазуға құмартып жүргендердің аз емес екендігін байқадым. Әрбір шәкіртте, әрбір мұғалімде жаңалыққа қызығушылық бар. Өзім де біраз талпынудамын. Немерелерім ағылшынша біледі.
Кейбір кирилицадағы әріптерді латын қарпіне көшіру қиындау тиіп жатыр. Мысалы, Мещерякова (менің тегім) десек – «щ» әрпін, сосын Царицын десек – «ц» әрпін латынға аудару қиындық туғызып отыр. Осы жағынан бізді оқытса деген тілегім бар.
Серікбай ЖАҚСЫБЕКОВ,
ардагерлер кеңесінің мүшесі:
– Өмір көрсетеді. Не де болса, бүгін – тарихи күн. Бір үлкен өзгеріске аяқ бастық. Бағасын уақыт береді. Мен қолдаймын.
Сәуле МАҒРУПОВА,
ардагерлер кеңесінің мүшесі:
– Бізден үлкен ағаларымыз, апаларымыз латын қарпін қолданған. Енді, міне, біздің де тәуелсіздігіміздің тұсында әлемдік тілмен үндесуімізді қолдаймын. Бұл қазақ халқының өз үні, өз даусы, өз дыбысы бар екендігін білдіреді. Латын әліпбиі – бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі бар қаріп. Сондықтан, Елбасының бастамасын азамат ретінде қолдаймын.
Марат АЙМАҒАМБЕТОВ,
ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекітуге байланысты саяси шешім қабылданды. Өздеріңіз білесіздер, латын әліпбиін қоғам болып қызу талқыладық. Мұндай жағдай бірде-бір елде болған емес. Әрине, әліпбиді қабылдау бір белес болса, алда негізгі екінші белес тұр. Ол – өте үлкен жауапкершілік. Өйткені, қабылданған әліпбиді іс жүзінде қалай қолданамыз, жастарға жазу-сызудың техникасын қалай үйретеміз, ертең газет-журналымыз бен кітап, оқулықтар қалай шығады деген сан сауалдарға жауап керек. Мұның бәрі 2025 жылға дейін өз шешімін табуы тиіс сауалдар, дегенмен, асығыстық танытпасақ болды. Өйткені, бұл жерде сауаттылық мәселесін ескеру керек. Латын қарпі бүгінгі заманауи мәдениет пен озық инновациялық технологияның жетістіктерін меңгеруімізге жол ашады. Еліміздің салиқалы саясаты қоғамның рухани келісімі мен жаңғыруына қызмет етеді. Жаңа әліпбиге көшудің дүниетанымдық, мәдени және психологиялық қырлары болатыны анық. Жаңа әліпби Мәңгілік Елімізді рухани кемелдену мен жаңа серпіліске, тың істерге жұмылдыруы тиіс. Латынға көшу – халқымыздың бауырлас түркі дүниесімен рухани және мәдени тұтастығын арттыра түседі, ұлттық сананың, рухымыздың нығаюының және мемлекеттігіміздің тұғыры.
Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.