Ресми

Көшпелі отырыс көкейдегі мәселені қозғады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бастаған бірқатар Мәжіліс депутаттары облыс орталығына арнайы жұмыс сапарымен келіп қайтты. Сапар барысында Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесіне, №6 арнайы мектеп-интернатында, Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына, «Шапағат» балалар үйі мен Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде болды. Олардың жұмысымен танысып, ондағы мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, депутаттардың бастамасымен әзірленген жаңа заң жобасы, әрі заңдағы нормалар туралы көпшілікпен кеңесті.

Мәжіліс депутаттары әуелі Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының үйде әлеуметтік көмек көрсету орталығына ат басын бұрды. Қазіргі таңда аталған ұйымда түрлі психология­лық ауытқуы бар 80 адам күтімде. Оның тең жартысы өздігімен еркін жүріп-тұратын жандар. Солардың ішіндегі 20-сы белсенді топ өкілдері екен. Яғни, түрлі спорттық және шығармашылық бағытта ұйымдастырылған байқауларға қатысып, жүлде алып жүр.

Ұйым тек 18 жастан асқан жандарға ғана қызмет көрсетеді екен. Қазіргі таңда мұнда сал аур­уымен ауыратын 39 адам бар. Қалғандары түрлі деңгейдегі психологиялық ауытқуы бар жандар.

– Үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі сегіз бағытта көмек береді. Қазіргі таңда ұйымда 80 арнайы палаталық маман және 16 әлеуметтік қызметкер бар. Адамдардың диагнозына байланысты төрт немесе бес маман бірлесіп жұмыс істейді. Стандарт бойынша әр адамға екі сағаттан бөлінген. Әсіресе, психологиялық ауытқуы бар жандармен жұмыс істеу оңай емес. Оның үстіне қазір күз мезгілі. Күз бен көктемде науқастың жағдайы күрт өзгереді, – дейді 18 жастан асқан мүгедектігі бар тұлғалармен жұмыс істеу бөлімшесінің кеңесшісі Сәуле Ибраева.

35 жастағы Вячеслав бірнеше спорт түрімен айналысады. Жақында ғана гимнастикадан Америкада өткен байрақты бәсекеден І орын иеленіпті. Бала кезінен ауруға шалдыққан. Содан бері арнайы мамандардың көмегіне мұқтаж.

– 2011 жылдан бастап, Вячеславты менің қарауыма берді. Екеуміз спорт бағытында сабақ өтеміз. Мекемеде қызметкерлер, ем қабылдайтындар үшін жақсы жағдай жасалған. Сол үшін Вячеславты осында әкелемін. Вячеслав секілді өздігінен жүре алатындармен жұмыс жасаймыз. Қазір кесте бойынша маған алты адам бөлінген. Ең жасы 18 жаста болса, үлкені – зейнеткер, – деді әлеуметтік қызметкер Айгүл Әлімбаева.

Депутаттар бұл ұйымның тұрмыс-тіршілігімен танысқаннан кейін облыстық балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Мұнда ақыл-ойы кем мектеп жасындағы 268 бала бар. Оның 50-і – жетім. Қазіргі таңда мекемеде 146 қызметкер бар. Бәрі де жоғары деңгейлі маман. Мұнда ас үй, тігін және ағаш ұстасы секілді 11 шеберхана бар. Осы шеберханалар арқылы балаларды еңбекке баулитын көрінеді. Бұл жерде әр шеберханаға 10 баладан бөліп, бір маман білім береді.

– Заң жобасы дайын. Депутаттар тікелей бастамашылық жасап, заң жобасын дайындады. Енді сол заңды қабылдамас бұрын депутаттар өңірлерге шығып, тиісті сала мамандарымен кездесіп, талқылау қажет. Жалпы, бір айдың ішінде кездесу жұмыстарын толық аяқтап, заңды қабылдау шарт. Айта кетейік, заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе дайындап жатырмыз. Заң жобасында лицензиялау, ротациялау мәселесі де бар. Тиісті талаптарды күшейту де қарастырылған. Жабық ұйымдарды шұғыл тексеру мүмкіндігі бар. Себебі, жабық мекеме болғандықтан, балалар өз құқықтарын қорғай алмайды. Қазіргі таңда заң жобасында 50-ден астам түрлі норма қарастырылған. Осы нормаларды көпшілікпен талқылап, жаңа заңды күшіне енгізу қажет, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Барлық мамандардың айтатын мәселесі – еңбекақысы. Екіншісі – маманның жетіспеушілігі. Әлбетте, айлық аз жерде, кадрдың жиі ауысуы заңды. Мәселен, бұл мекемелердегі әлеуметтік қызметкер, психолог және аспаз сынды мамандардың айлығы аз. Әрі сыйақы, еңбекақы мәселесі де дұрыс есептелімбейді екен. Одан қала берді, біліктілігін арттыру үшін қыруар қаржыға оқыған курстары да еңбекақының өсуіне жәрдемін тигізбеген.

– Қазіргі таңда министрлікте осы мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта әлеумет, медицина саласында жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы білім ағарту саласындағы сол маман иелерінің жалақысымен теңестірілетін болады. Медицина саласында қызмет істейтін әлеуметтік қызметкер мен білім саласында қызмет істейтін әлеуметтік маманның жұмыстары ұқсас. Ал, айлықтары екі түрлі. Қазір Парламент депутаттары, Үкімет те осы мәселені көтеруде. Былай қарасаңыз, әлеу­меттік әділдік мәселесі. Осыны біржақты ету – қазіргі уақыттағы басты мәселеміз. Кездесу барысында біршама мәселелер көтерілді, соларды ескеретін боламыз. Бірақ, оған уақыт керек. Бәрін талқылап, қайта жоба жасаймыз. Жыл соңына дейін биылғы жұмыстарды атқарып, ендігі жылғы бюджетке жаңа ұсыныспен кіреміз деген жоспар бар, – деді Светлана ­Қабыкенқызы.­

Қарағанды облысындағы он арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірыңғай ақпараттық жүйе пилоттық режимде енгізіледі. Ол қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді және орталықтар жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

– Цифрлық технологияларды қолдану әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы барлық рәсімдердің, стандарттар мен талаптардың орындалуын автоматты түрде бақылауға және құжаттауға мүмкіндік береді, – деді Светлана Жақыпова. – Бұл өз кезегінде заңнаманы қатаң сақтауға және жұмыста ашықтықты арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта жобаны масштабтау және басқа өңірлерде енгізу жоспарлануда.

– Қарағанды облысы әлеуметтік қызмет көрсетудің сыйымдылығы шағын үйлер құру жөніндегі пилоттық жобаға да кірді, – деп атап өтті облыс әкімдігінде өткен жұмыс тобының отырысы кезінде облыс әкімі Ермағанбет ­Бөлекпаев.­ Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша ашылатын болады.

– Біздің өңірде осындай бір үй жұмыс істейді. Біз осы салаға инвестиция салғысы келетін бизнесмендерге барлық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сонымен бірге облыста жасалатын жұмыс әлі де бар. Оның ішінде әлеуметтік мекемелерді қаржыландыру және материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту қажет. Қолданыстағы заңнамаға өзгеріс­тер енгізуді талап ететін мәселелер бар. Бұл әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін және олардың жалақысын арттыруға қатысты. Өкінішке орай, олар ерекше балалармен жұмыс істегені үшін қосымша ақы алмайды. Біздің құзыретіміздегі барлық нәрсені біз кезең-кезеңімен шешеміз.

Әлеуметтік көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыруға жаңа Әлеуметтік кодекс шеңберінде жан басына шаққандағы норматив енгізу көмектесетінін, деп атап өтті депутаттар. Бұл норма 2025 жылдан бастап, жұмыс істеуі керек. Олар әлеуметтік қызметтер саласын заңнамалық қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниетті.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button